Премьер-лига. VI турдан кейінгі айтарымыз...

Премьер-лига. VI турдан кейінгі айтарымыз...

Футболдан ел премьер-лигасының VI тур ойындары да артта қалды. Назарларыңызға кездесулерге шолуымызды ұсынамыз.

Бүгін өткен кездесулер нағыз тартысты, әрі нәтижелі болды. Барлығы 18 гол соғылды. Осыған дейін тек ІІІ турда ғана 14 гол соғылған-ды. Ал басты күтпеген нәтижелер Шымкент пен Қызылорда қалаларында орын алды... Сонымен қатар 4:2, 3:1 деген нәтижелер маусымда алғаш рет тіркелді...

Төрт гол - төрт жеңіс...


Осы турда үш ұпайды еншілеген елордалық клуб турнир кестесінің бірінші сатысынан сырғымады. Ал «Астана» командасы керемет өнер көрсетіп жүр деп айтуға ауыз бармайды. Нәтижелерін жанкүйер қауым да байқап жүр. Алты турда төрт-ақ гол соқты. Төртеуі де жеңіс голдары. Тіпті екеуі Дамир Кояшевичтің 11 метрлік айып добынан бағыттаған соққыларының нәтижесі. Бірінші турда да «Жетісуға» қарсы пенальти белгіленген-ді. Тек ол жолы Сисеро сәтсіз соққы бағыттаған болатын. Егер соққанда, ол кездесуде де 1:0 есебі тіркелген болар еді деп ойлай беріңіз. Ендеше бұл маусымда тағы ел намысын Еуропа лигасында қорғайтын ұжымның нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Өткен маусымның өкінішін қайталамасына кім кепіл? Бұлай айтуымызға себеп немесе дәлел жоқ емес. Ауысым кезеңінде қымбат ойыншылармен қатарын толықтырған клуб өз ойынын әлі таба алмай жүргендей. Бір ғана кездесуге қатысты демесеңіз, Брессанның да белсенгенін көрген жоқпыз. Атанас Курдов та біздің алаңдарға бой үйрете алмай жүр дейін десек, футболшыға да оң терісі бір емес пе? Рохер Каньяс пен Дмитрий Шомко да командасына сіңісе алмай жүргендей. Ал талантты Виталий Ли қосалқы құрамда жүр. Қазіргі таңда бас бапкер қызметін атқарып жүрген Григорий Бабаян қателігі ме? Мүмкін ресми түрде сайланған бас бапкер қажет шығар? Қай тұрғыдан алғанда да, көш бастап келе жатқан команда атына айтылар сын көп. Олқылық жетіп артылады, енді соны Еуропа лигасы ойындарының іріктеу кезеңі басталғанша түзесе деген ниеттеміз. Енді бүгінгі кездесу жайлы...

Қостанайлық ұжым бұл маусымдағы ортаңқол командалардың бірі. Еншілерінде бір жеңіс пен екі тең кездесу ғана бар. Сергей Масленов клубы алғашқы алтылыққа талпынатынын айтқан еді. Әзірге бұл уәделерінен шыға алмай келеді. Бүгінгі «Астана-арена» стадионында алаң иелеріне қарсы кездесуде сәтті-ақ ойнаған еді. Дегенмен жеңіске жету бұйырмады. Алаң иелері де өз кезегінде аянып қалмады. Десе де "Тобыл" қорғанысы өрескел қателікке бой алдыра қойған жоқ. Кездесудегі шешуші голды 79 минутта пенальтиден Дамир Кояшевич соқты.

«Шахтер» Талдықорғанда жеңіске жетті


Қарағандылық ұжым маусымды сәтсіз бастады деп жар салған ек... Суперкубокта сүрінгенмен, соңғы ойындары жанкүйерлерін сүйсіндіріп келеді. Ал негізгі құрамға шығып жүрген шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай ойынын ерекше бағалауға болады. Қарағанды футбол мектебінің түлегі қазіргі таңда Виктор Кумыков сенімін ақтауда. Алғаш рет 2011 жылы «кеншілер» құрамында ойынның 88 минутында «Қайратқа» қарсы алаңға шығып гол соққан екен. Осылайша спорттағы мансабын өзінің туған күнінде бастаған ойыншы ел құрамасының жарқын жұлдызына айналарына сенеміз. Жалпы бүгін «Шахтерға» қара домалақ қазақ футболшылар жеңіс сыйлады. Алғаш болып Мақсат Байжанов есепті теңестірсе, біз айтып өткен Тоқтар Жаңғылышбай командасына үш ұпайды иеленуіне септігін тигізді. Сонымен қатар, бұл клубта Ұлан Қонысбаев та тәуір өнер көрсетіп жүр.

«Жетісу» маусымды сәтті бастайтын әдетіне басты деп топшылаған едік. Алайда соңғы екі турда жеңілді. Дегенмен осал қарсыласқа есе жіберген жоқ. Бірі – ел чемпионы болса, бірі – Еуропа лигасының топтық кезеңінде ел намысын қорғаған, және ел Кубогының иегері. Соның өзінде бір доп айырмасы ғана. Жалпы «Жетісу» бапкері Омари Тетрадзе өткен маусымнан бері премьер-лига командаларын зерттеп келеді. Нәтижеге қол созар кезегі жақындар емес. Бәлкім осы маусымнан күтерміз...

«Атырау» алтылыққа ұмтылады...


Бұл маусымдағы алғашқы алтылықтан басты үміткер клубтардың бірі – «Атырау». Құрамын толықтай қайта жасақтаған клуб өткен турда ғана бір рет сүрінді. Түзде «кеншілер» ұжымына есе жіберген-ді. Өткен маусымда шымкенттік «Ордабасы» құрамында өнер көрсеткен Андрей Карпович биыл батысқазақстандық клубтың рухын көтеріп жүр. Савио Нсереко да клубына мол пайдасын тигізуде. Бәлкім осы маусымдағы легионерлердің арасында сенімді ақтап жүрген жігіттердің бірі осы десек болады. Бүгін өз алаңында премьер-лигаға жаңадан қосылған семейлік «Спартакты» қабылдаған «Атырау» 2:1 есебімен жеңіске жетті. 6 минутта Филипп Рудик пенальтиді нәтижеге айналдырса, 61 минутта қонақтар легионері Неманья Чович есепті теңестірген болатын. Алайда 85 минутта Нсереко ұйымдастырған шабуылдан кейін Сергей Гридин командасына үш ұпай сыйлаған голды соқты.

«Қайсар» қайсарлығын танытты


Дмитрий Огай командасы премьер-лигаға қызу дайындықпен келді. Аутсайдерлер қатарына қосылмауға барынша талпынуда. Қызылордалық ұжымның бұл талпынысы нәтиже де сыйлауда. Бесінші турда «Тобылмен» түзде тең ойнаған клуб бүгін өз алаңында «Ертісті» тізе бүктірді. Жеңіліп тұрып, жеңді. Премьер-лигада маусымдағы осыған дейін тіркелмеген есепті тіркеді. Алғашқы таймда Игорь Юрин мен Константин Дудченко голдарынан кейін қонақтар екі рет алға шыққан болатын. Дегенмен Душан Савич пен Сергей Струков есепті теңестірді. Ал екінші таймда македониялық шабуылшы дубль орындаса, өткен маусымда алматылық «Қайратта» ойнаған Антон Землянухин бір допты еншісіне жазды. Осылайша «Қайсар» клуб қатарын осы маусымда толықтырған футболшылардың арқасында жеңіске жетті. Ал «Ертіс» ше?

Клуб тізгінін бұл маусымда Талғат Байсуфиновтың орнына Тармо Рюиитли ұстады. Ал ойыны ала-құла жүруде. Бірде жеңіп, бірде жеңілуде. Ештеңе де жоғалта қойған жоқ. Өткен маусымда Еуропа лигасында өнер көрсеткен клуб өз ойынын табуға әлі де уақыт бар.

«Ордабасы» ел чемпиондарын жеңді


Владимир Никитенко командасының бар жоспары Эдин Юнузовичтің жылдам голынан кейін құрдымға кетті десек болады. Алғашқы таймда есеп теңестіруге ел чемпиондары ұмтылғанмен, нәтиже шығара алмады. Есепті екінші таймда теңестірмек болған қонақтар алаң иелерінің жүйелі ойыны мен шабуылына тап болды. Егер «Ордабасы» өздеріне берілген бірнеше мүмкіндікті пайдаланғанда, Андрей Сидельников бірнеше рет қақпасынан допты алып шығар еді.

Шымкенттік команданы баптауға келген Саулюс Ширмялис үшінші кездесуін өткізді. Түзде «Ертістен» жылдам екі гол жіберіп ұтылса, алғашқы ойынында «Тобылды» 3:0 есебімен жеңген еді командасы. Енді бапкердің жолын келесі тур ойындарына қарап бағасын беретін боламыз. Ал «Ақтөбе» бұл маусымдағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

«Қайрат» өз алаңында жеңіске жетті  


Осыған дейін алматылық «Қайрат» өз алаңында өткен төрт ойыннан бір ғана ұпай еншілеген еді. Бүгін Владимир Вайсс шәкірттерінің ойыны жүрді. Бірақ, алғашқы таймда ғана. Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын клубтың осал тұстары көп. Ол үшін бапкерге біраз тер төгу керек. Ең бастысы – жас талантты футболшыларды баулып келеді. Бұл бізді расында да қуантуда. Допты тәуір-ақ ұстайтын команданың шешуші сәтте жолы болмай келеді. Түзде жалғыз ғана кездесу өткізген команданың алдағы ойындарына қарап, тағы аяқ алысын байқайтын боламыз.

«Тараз» - бұл маусымның аутсайдері саналуда. Арно Пайперс командасы ес жияр емес. Алдағы уақытта өз ойынын таппаса, премьер-лигадан шығып қалмау үшін жанталасатын топтан табылып қалуы ғажап емес. Дегенмен бүгінгі кездесудің екінші таймында клуб тәп-тәуір ойнады. Эдуард Сергиенконың алаңға кіруімен шабуыл шебіне жан кірді. Алғашқы таймдағы Жарко Маркович пен Йосип Кнежевичтің голына алаңға жаңадан кірген Алексей Щеткин жауап қатты. Ал ойын аяқталар тұста есепті теңестіруге барынша тырысқан клуб алаң иелерінің қарымта шабуылына төтеп бере алмады. Александр Кислицынның алыстан бағыттаған соққысы ойынның нүктесін қойды.

Осылайша ел премьер-лигасының VI тур ойындары да мәресіне жетті. Соғылған 18 голдың тең жартысы легионерлерге тиесілі болса, қалған жартысын қазақстандық футболшылар соқты. Ал үздік мергендер көшін шымкенттік «Ордабасы» шабуылшысы Эдин Юнузович бастап келеді. Әзірге бұл футболшының еншісінде соғылған 4 гол бар. Екінші орында еншісіне 3 доптан жазған жазған «Жетісулік» Сергей Шафф пен «Қайсар» командасының легионері Душан Савич келеді. Келесі тур ойындары 19 сәуір күні өтеді. 

VII тур

Тараз – Атырау

Спартак – Жетісу

Шахтер – Ордабасы

Ақтөбе – Қайсар

Ертіс – Астана

Тобыл – Қайрат


Командалар Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  Астана 6 4 2 0 4-0 14
2  Шахтер 6 4 1 1 11-4 13
3  Ақтөбе 6 3 2 1 7-2 11
4  Атырау 6 3 2 1 4-3 11
5  Ордабасы 6 3 0 3 5-4 9
6  Қайсар 6 2 2 2 6-5 8
7  Жетісу 6 2 2 2 4-3 8
8  Ертіс 6 2 2 2 5-5 8
9  Қайрат 6 2 1 3 4-4 7
10  Тобыл 6 1 2 3 3-8 5
11  Тараз 6 1 1 4 4-11 4
12  Спартак 6 0 1 5 2-10 1


Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай