"Бавария" – "МЮ" кездесуі алдында

"Бавария" – "МЮ" кездесуі алдында

Бүгін түнде Чемпиондар Лигасының ширек финалдық ойындары өтеді. "Бавария" өз алаңында "Манчестер Юнайтедті" қабылдайды.

Кездесуде Йонас Эрикссон бастаған швед қазылар алқасы төрелік етеді. Оған қос қапталда Матиас Класениус пен Даниэль Вернмарк көмектеседі. 

Көпшілік "неміс машинасы" бірінші кездесуде-ақ жартылай финалға жолдама мәселесін шешіп қояр деп үміттенген. Олай болмай шықты, Дэвид Мойестің "қызыл сойқандармен" ендігі кезеңге өтуге тамаша мүмкіндігі бар.

Қос клуб та демалыс күндері өз ішкі біріншіліктерінде кездесулерін өткізді. "Қызыл сойқандар" "Астон Вилланы" тізерлетіп, Еуропа Лигасының жолдамасына мүмкіндігін сақтап қалса, "Бавария" жеңіс тұғырына көтерілген соң, соңғы үш кездесуінде жеңе алмай келеді. Пеп Гвардиоланың қол астындағы нөкерлер "Аугсбургтан" (0:1) ұтылып қалды. 

Бұл ойында "Бавария" сапында Бастиан Швайнштайгер мен Хави Мартинес шыға алмайды. Өз кезегінде, Джердан Шачири, Диего Контенто мен Тьяго Алькантара жарақатына байланысты алаң сыртынан тамашалайды. Ал "МЮ" сапында жарақат алып қалған Робин ван Перси мен Джонни Эванс ойынға шықпаса, "Челси" тізіміне іліккені үшін Хуан Мата манчестрлік клубқа көмектесе алмайды. Сонымен бірге, Уэйн Руни, Рафаэль, Маруан Феллайнидің ойынға қатысу-қатыспауы екіталай. 

Пеп Гвардиола, «Баварияның» бас бапкері:

"Юнайтед" - ұлы команда. Бірінші кездесу алдында барлығы тек "Бавария" жайында ойлады. Бірақ, қазір жұртшылық "МЮ"-дің  Мюнхенде жеңіске жете алатынын түсінді. Алайда, біз үйде ойнаймыз - туған өлкенің жанкүйерлерімен біздер жеңіске жетуге қабілеттіміз".

Дэвид Мойес, «МЮ»-дің бас бапкері

"Бізге әр ойыншының жақсы кездесу өткізгені абзал. Біздің құрамда жолаушылар болмауы тиіс. Барлық жігіт сақадай-сай дайын, біз қолымыздан келгеннің барлығын жасадық. Келесі кезеңге шығу үшін, бізге осы матчты ұту қажет. Енді мен тек ойын турасында ойлаймын. Чемпиондар Лигасында "МЮ" жақсы ойнауды дәстүрге айналдырған, біздер сол үшін де турнирді жалғастырғымыз келеді. Ең аз дегенде бір гол соғуымыз қажет, және бірінші ойында көрсеткендей, күрескер өнерін көрсеткеніміз дұрыс".

- Командалар Чемпиондар Лигасында он мәрте кездесу өткізген. Үш рет "Бавария" ұтса, екі мәрте "МЮ" жеңіске жеткен. Бес рет тең есеп тіркелген. 

– "МЮ" бірде-бір рет "Баварияны" қонақта ұтып көрмеген - екі тең есеп пен екі жеңіліс. 

– "Бавария" ағылшын клубтарын өз алаңында соңғы төрт ойында жеңе алмай келеді. 

– "МЮ" - Чемпиондар Лигасының тарихында 200 кездесуін өткізгелі отырған бірінші клуб.

– Райан Гиггз Раульмен Чемпиондар Лигасында өткізген ойын санымен теңесуі мүмкін - рекордты 142 кездесу.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: sports.ru

Л. Лига