Премьер-лига. V тур кездесулеріне шолу

Премьер-лига. V тур кездесулеріне шолу

Бүгін футболдан ел премьер-лигасының V тур ойындары өтеді. Назарларыңызға кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз!

«Тараз» (Тараз) - «Спартак» (Семей)


Қос клубтың да маусым басындағы күнтізбесі ауыр болды. Еншілерінде бір-бір ұпайдан ғана бар. Төрт ойынның қорытындысы бойынша екі клуб та аутсайдерлер қатарында. Бір-бірімен терезесі тең қарсыластар деп есептеуге болады. Дегенмен маусымға жаңа қосылған командадан гөрі «Тараздың» тәжірибесі бар. Өз алаңында ойнайтынын ескеретін болсақ, бүгін Арно Пайперс шәкірттері аз да болса доп айырмашылығымен жеңіске жетуі мүмкін. Ойын Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады.

«Тобыл» (Қостанай) – «Қайсар» (Қызылорда)


Өткен турда қостанайлық команда Шымкентте «Ордабасыдан» ойсырай жеңілсе, «Қайсар» өз алаңында «Қайратқа» жеңілген-ді. Сергей Масленов жаттықтыратын «Тобыл» маусымды жеңіспен бастағанымен, кейінгі ойындарын сәтсіз аяқтауда. Алғашқы алтылыққа енуді мақсат етіп отырған клуб бүгін тағы ұпай жоғалтар болса, бас бапкер қарастырып қалуы да ықтимал. «Қайсардың» ойыны да қостанайлық ұжымның көрсеткіші секілді. Дегенмен бүгінгі кездесуде Дмитрий Огай командасын аутсайдер деп қарауға келетін секілді. Үш ұпай алаң иелері қоржынына түседі деп болжаймыз. Ойын Астана уақытымен 16:00-де басталады.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Атырау» (Атырау)


Бұл турдың орталық кездесулерінің бірі десек болады. Соңғы рет «кеншілер» ұжымына қарсы түздегі кездесуде батысқазақстандық команда 3:2 есебімен ұтылған. Осы маусымда барынша күшейген «Атырау» Қарағандыдан ұпайсыз қайтпайтын сияқты. Біздің болжам бойынша бұл кездесуде тең нәтиже тіркелуі әбден мүмкін. Ойын Астана уақытымен 16:00-де басталады.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Жетісу» (Талдықорған)


Жеңілмей келе жатқан «Жетісуді» осы турда азулы қарсылас күтіп тұр. Соңғы үш ойында да клубтар кездесуінде тең нәтиже тіркеліпті. Десе де бүгін бұл нәтиже қайталанады деп айту қиындау. Сондықтан да алаң иелері жеңіске жететініне күмәнданбауға болатын секілді. Егер Омари Тетрадзе командасы тағы бір жүйелі ойынымен жеңіске жетіп жатса, онда бұл турдың басты жаңалығы болары анық. Ойын Астана уақытымен 17:00-де басталады.

«Ертіс» (Павлодар) – «Ордабасы» (Шымкент)


Шымкенттік ұжым соңғы екі турда жеңіске жетті. Бірі – түзде, бірі – өз алаңында. Саулюс Ширмялис тізгінін ұстаған клуб бүгін жеңісті сериясын жалғастырады деп айту қиындау. Сондықтан да, бұл кездесуде алаң иелері бір доп басымдығымен жеңіске жетеді немесе тең есеп тіркелуі ықтимал. Ойын Астана уақытымен 18:00-де басталады.

«Қайрат» (Алматы) – «Астана» (Астана)


Алматылық команда 2010 жылдан бері «Астанадан» өз алаңында жеңіліп келеді. Жеңіп те көрмеген. Бәлкім бүгін тарихына өзгерту енгізер. Десе де бұлай айту қиындау. Владимир Вайсс командасы бір ұпай еншілесе де нәтиже болмақ. Маусымды сәтсіз басаған клуб IV турда ғана үш ұпай еншіледі. Бірақ, елордалық команданың осыған дейінгі нәтижелерін ескеретін болсақ, Алматыдан үш ұпай еншілеп қайтуы екіталай. Ойын Астана уақытымен 18:00-де басталады.

Ойындарды ФФК-ТВ сайтындағы жоба бойынша HD форматында тамашалай аласыздар!

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет:sports.kz, thenews.kz

Ө. Сансызбай