"Боруссия" – "Реал" кездесуі алдында

"Боруссия" – "Реал" кездесуі алдында

Бүгін түнде «Сигнал Идуна Парк» стадионында Чемпиондар Лигасының ширек финалдық ойындары өтеді. Дортмундтық "Боруссия" өз алаңында мадридтік "Реалды" қабылдайды. 

Футбол мамандары бұл ойында да "корольдік клубтың" бәсі жоғары екенін айтады. Кіл ығай мен сығайдан жасақталған жұлдызды ұжым негізгі құраммен шығады. Тек Криштиану Роналду жарақатына байланысты алаңға шыға алмауы мүмкін. Жаттығу кезінде жайсыздық сезінген соң, португалдық шабуылшы дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Команданың бас бапкері Карло Анчелотти ойыншыға еш қауіп төніп тұрмағанын, денсаулығы толыққанды жақсы екенін айтты, десе де, шабуылшыны бірінші минуттардан ойынға араластырмайтынын мәлім етіп, мұны өз кезегінде футболшының келешектегі қамы үшін жасап жатқанын жасырмаған. 

Дортмундтықтардың бір қуанышы, Роберт Левондовский бірінші минуттардан ойынға араласа алмақ. Сары қағазына байланысты бір ойынға қатыса алмаған поляк ойыншысы, бүгін өз алаңында барын салатын болады. Сонымен қоса, бундеслиганың таңдаулы шабуылшысы мадридтік "Реалдан" қорқудың еш қисынсыз екенін алға тартыпты.

– Чемпиондар Лигасының плей-оффтық кезеңінде өз алаңында 3:0 есебімен жеңген командалар 93,8% жағдайда келесі кезеңге өтіп отырған. 

– Чемпиондар Лигасының өткен маусымдық ширек финалында командалардың Дортмундтағы кездесуі 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталған болатын. 

– Ертеректе "Боруссия" бірде-бір рет плей-офф кезеңінің бірінші кездесуінде 0:3 есебімен ұтылып көрмепті. 

– Роберт Левандовский Чемпиондар Лигасында "Реал" қақпасына төрт ойында бес доп соққан. 

– Чемпиондар Лигасының соңғы он ойынында "Реал" ең аз дегенде екі гол соғып отырған. 

– Карло Анчелотти әр жолы үш түрлі команданы турнирдің жартылай финалына алып шығатын Чемпиондар Лигасының тарихындағы үшінші бас бапкер атанбақ.  

Дортмундтық "Боруссияның" ресми сайты ширек финалдық ойын аясында қос командадан шығуы мүмкін құрамды таныстырады. 

«Боруссия»: Роман Вайденфеллер, Эрик Дурм, Сократис Папастатопулос, Матс Хуммельс, Лукас Пищек, Нури Шахин, Милош Йойич, Кевин Гросскройц, Марко Ройс, Генрих Мхитарян, Роберт Левандовски.

«Реал»: Икер Касильяс, Дани Карвахаль, Пепе, Серхио Рамос, Фабиу Коэнтрау, Хаби Алонсо, Лука Модрич, Анхель Ди Мария, Гарет Бэйл, Криштиану Роналду, Карим Бензема.

Кешегі күні УЕФА-ның ресми сайты аталған ойынға Дамир Скомина бастаған словендік қазылар алқасының төрелік ететінін жеткізді. Естеріңізге сала өтсек, 37 жастағы төреші Еуропадағы ең бір демократ төрешілердің қатарына жатады. Баспасөзге жауап беруден тайсақталмайтын, журналистер алдында беті ашық төреші 2003 жылдан бастап ірі турнирде қазылық етіп келеді. Бір айта кетерлігі, Скомина өз елінің тарихындағы ең табысты төреші саналады екен. Ағылшынша, итальянша және өз елінің тілінде емін-еркін сөйлейді. 

Карло Анчелотти, мадридтік "Реалдың" жаттықтырушысы:

"Левандовскидің оралуымен ойын өзгешерек болатын болды. Оның шеберлігінен барлығы хабардар. Дортмундтық "Боруссияның" футболшылары әр уақытта оған иек арта алады. Оның алаңға шығуы, өз командасын бөлек бір деңгейге көтермек. 

Біз турнирден шет қалу жағын ойластырып көрмедік. 90 минут бойына қарсылас үш немесе төрт доп соғуға тырысса, ал бізге бір доп қана жетіп жатыр. Сондықтан, оларға ауыр тиеді. Неғұрлым ертерек гол салсақ, соғұрлым бізге жақсы болмақ. 

Бізге шабуыл мен қорғаныс арасында теңгерімді табу керек. Сол уақытта біз өзіміздің дәстүрлі шабуылдаушы футболымызды көрсеткіміз келеді. Біздің күштілігіміз осында. Бірақ, 90 минут бойы шабуылдау мүмкін емес. Қауіп төнгенде, команда болып қорғану шарт. 

Біздің тағы да бір тамаша ойын өткере алатынымызға сенімдімін. Таяудағы Испания біріншілігіндегі екі жеңіліс бізге қымбатқа түсті, алайда команда психологиялық тұрғыдан, ойынға лайықты жауап дайындады. Біз осынау жоғары деңгейде маусым соңына дейін ойнай аламыз".

Юрген Клопп, дортмундтық "Боруссияның" бас бапкері:

"Ойынға қалай араласу турасында бізге бас қатырудың қажеті шамалы. Мадридтегі кездесудің нәтижесі бізге көп таңдау қалдырмайды. Қай жолғыдай, біз жеңу үшін, қолдан келгеннің бәрін жасау үшін шығамыз. Көпшіліктің бастапқы бес минутта гол соғу керек деген пікірін түсіне алар емеспін. 

Күні бұрын айтылып, орындалған ғажайыптардың көп болғанын біле бермеймін. Біздің керемет жасаймыз деп айтуға еш қақымыз жоқ, бірақ толығымен таласқа түсіп, алапат ұмтылыспен ойнауға қақымыз бар. Егер бізді келесі кезеңге шығаратын көрсеткішке қол жеткізсек, керемет болар еді. Ал егер турнирмен қош айтыссақ, мұны жақсы футболмен аяқтағымыз келеді. 

"Реалдан" ұтылу ұятты емес. Алайда, егер сіз ойынға толығымен құлаш ұрмасаңыз, онда үш голдан артық доп соғылатыны анық. Мен мұны қаламаймын. Мадридте біз көрнекті ойын үлгісін көрсете алмасақ та, бірнеше тамаша сәтке ие болдық. Өз мүмкіндігімізді жүзеге асырмадық, қорғаныста сауатты қимылдамадық - осының барлығын дұрыстау ләзім. 

Чемпиондар Лигасында турнирмен қоштасуды соза тұруға бәрі келіп тіреледі. Өткен жылы біз тек финалда жеңілдік. Қазір 1/4 финалда қол болып отырған сыңайымыз бар, алайда, талас әрі аяқталған жоқ. Біз белгілі бір есепте екінші ойын бөлігінің мамандары саналамыз, бізді ширек финалдық дуэльдің екінші таймы күтіп тұр. Біз жеңгіміз келеді".


Ойын Астана уақытымен 00:45-те басталады. 

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: tvmubacher.blogspot.com; sport.news.am; jazayr.com; prosport-ru.tsn.ua

Л. Лига