Алматыда бокстан халықаралық "Президент Кубогы" басталды

Алматыда бокстан халықаралық "Президент Кубогы" басталды

Кеше, яғни 1 мамыр күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан өтетін үшінші "Қазақстан Республикасы Президенті Кубогы" халықаралық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Қазақстанның бокс федерациясы хабарлап отыр. 

6 мамырға дейін созылатын турнирде Украина, Үндістан, Ресей, Қырғызстан, Алжир, Тәжікстан, Куба, Түркменстан, Сирия, Швеция секілді мемлекеттердің спортшылары өнер көрсететін болады. Қазақстаннан екі құрама шығатын болды. Бірі - Қазақстанның ұлттық құрамасы, бірі - Алматы қаласының құрамасы.

Ұлттық құраманың жаттықтырушысы осы орайда журналистерге берген сұхбатында: "Бұл сайыста басымдылықты Лондонға жолдама ұтып алған спортшыларымызға қойып отырмыз. Бұл турнир олар үшін жақсы дайындық болатын болды. Кейбір боксшыларымызға шайқас санын арттыру керек. Біздің негізгі мақсатымыз - Олимпиадада жеңіске жету. Бар назарымыз сонда", - деп турнир қарсаңындағы ниетімен бөлісті.

Айта кетелік, Олимпиадаға жолдама алған 9 спортшы да турнирде өнер көрсететін болады. Атап айтсақ, Біржан Жақыпов (49 кг), Ілияс Сүлейменов (52 кг), Қанат Әбутәліпов (56 кг), Ғани Жайлауов (60 кг), Данияр Елеусінов (64 кг), Серік Сапиев (69 кг), Данабек Сужанов (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Иван Дычко ( 91 кг).

III халықаралық ересектер арасындағы «Қазақстан Республикасы Президенті Кубогы» турнирінің бағдарламасы
(1 – 6 мамыр, Алматы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы)
 
30 сәуір, дүйсенбі
 
Қонақтарды күтіп алу
1 мамыр, сейсенбі
7:00-9:00
Салмақ өлшету
15:00
Ашылу салтанаты
15:30
Шайқастар
2 мамыр, сәрсенбі
15:00
Шайқастар
3 мамыр, бейсенбі
15:00
Ширек финал
4 мамыр, жұма
 
Демалыс күні
5 мамыр, сенбі
15:00
Жартылай финал
6 мамыр, жексенбі
15:00
Финал
18:00
Турнирдің жабылу салтанаты

сурет: prosportkz.kz