"Алтын допты" ала алмаған 16 футболшы

"Алтын допты" ала алмаған 16 футболшы

"Алтын доп" сыйлығына ұсынылған, бірақ, сол күйі ала алмай кеткен футболшылар: 

Жақсы ниеттен бастау алған...

"Ballond`Or" ("Алтын доп") премиясын 1956 жылы "Франс Футболдың" бас редакторы мсье Ано табыс етеді. Мсье Габриэль сол жолы әріптестерінен сыйлықты алуға лайықты ойыншыға (өз ойларынша) дауыс берулерін өтінеді. «Алтын доптың» бірінші иегері Альфредо ди Стефаноны 3 ұпайға басып озады. "Блэкпул" сапында өнер көрсететін Стэнли Мэттьюз бұл сыйлыққа әбден лайықты болатын – футболдағы 38 жылдық ғұмырында Стэнли бірде-бір рет ескерту алмаған екен. Елу жасқа дейін доп тепкен аяқ допшы 701 ойынға қатысып үлгеріпті.

2010 жылға дейін екі сыйлық болып келді - "Алтын доп" пен "ФИФА-ның ең үздік ойыншысы". Өз кезегінде, екі түрлі футболшы лауреат атануы мүмкін болатын. Мәселен, 2000 жылдары - Зинедин Зидан мен Луиш Фигу, 2004 жылдары  - Роналдинью мен Шевченко. Дегенмен, 2007 жылы бір ойыншыға екі бірдей сыйлық табыс етілді -  2007 жылы - Кака, 2008 жылы - Роналду. 

2010 жылы сыйлықтардың басы қосылып, бұдан былай "FIFA Ballon d`Orr" ("ФИФА-ның Алтын добы") атала бастады. Бір айта кетерлігі,  2009 жылы "Ballon d`Or" сыйлығының соңғы лайықты иегері Месси болып табылса, қос сыйлықтың басы қосылған тұста да осы жылға дейін Лионель болып келген. 

Мінез бен күш

Әйгілі Эрик Кантон өзінің қиын мінезімен танылған жан. Бұл тұста француз шабуылшысының өзіндік соққылары қосылатын. Содан болса керек, "Манчестер Юнайтед" өткен ғасырдың 90 жылдарында "Патша Эриксіз", оның жеңіске деген ерік-күші мен көшбасшылық қасиетінсіз өз футболын мүлдем елестете алмайтын.

«Алтын допқа» Кантон тек 1996 жылы ғана ұсынылған, бірақ замандастары Роберто Баджо мен Деннис Бергкамп алдын орап кетіпті.

1998 жылы Тьерри Анри Франция құрамасы сапында Әлем чемпионы атанады; 2000 жылы - Еуропа чемпионы; 2002 мен 2004 жылдары - "Арсеналмен" Англияның чемпионы; 2002, 2003 пен 2005 жылдары - Англия Кубогі. Одан арғысы өз еншісіндегі дүниелер: АПЛ-дың ең үздік мергені, «Алтын» мен «Күміс» бутсының иегері.

Француз шабуылшысының жүлделері мне жетістіктерін тізіп шығу әсте мүмкін емес болар. Дегенмен, Анридің топтамасының ішінен жалғыз сыйлық табылмайтын. Ол - "Алтын доп". Алыс 2000 жылы да, 2003 пен 2006 жылдары да басты үміткерлердің қатарына қосылып келгенімен, арманы сол күйі орындалмай қала берді.

Егер "канонирлер" 2006 жылы біріншілікті жеңіп алғанда, Тьерри алда-жалда арнаулы сыйлықпен марапатталар ма еді деген ой туындайды. Солайы солай шығар. Алайда, Арсен Венгердің командасы сол уақытта мәре сызығына бар-жоғы төртінші болып келген-ді. Француз ойыншысы "Алтын доптан" күдерін үзген уақыт сол тұс екен.

Паоло Мальдини - әлемнің ең үздік қорғаушыларының бірі. Сан қырлы ғұмырын "Милан" сапында өткізді. "Россонерилермен" бірге бес мәрте Чемпиондар Лигасын, Еуропаның Суперкубогі мен Құрлықаралық кубокті жеңіп алды.

Бақсақ, Паоло "Алтын допқа" үміткерлердің үздік бестігіне тек 1994 пен 2003 жылдары ғана ілінген екен; сондағысы, екі ретте де үшінші орын иеленіпті; алғашында Христо Стоичков пен  Роберто Баджодан асып түсе алмаса, кейінгісінде командалас әріптесі Андрей Шевченко мен Тьерри Анриге жол беріпті.

XXI ғасырдың бас кезінде Джанлуиджи Буффон әлемдегі ең үздік, бірден-бір баға жетпес бағана күзетшісі болды десек, қателеспейміз. "Ювентуспен" бірге (туриндіктер 2006 жылы В Сериясына аттанған тұста да) ол төрт жолы ішкі біріншіліктің жеңімпазы, екі мәрте Италия суперкубогін иеленіпті. 2003 жылы - Чемпиондар Лигасының ең үздік ойыншысы атаныпты. Ұлттық құрама сапында 2006 жылы әлемдік белеске көтерілді.

2006 жылы Джиджи сыйлыққа үміткерлердің алғашқы бестігінен көрініп, Левь Яшиннен кейінгі "Алтын допты" иеленген екінші қақпашы атануға бір табан жақын тұрды. Жеңіс жолы, бірақ Фабио Каннавароға бұйырды.

Рауль  - "Реал" сапында ішкі Примераның алты дүркін жеңімпазы, "карольдік клубпен" үш мәрте Чемпиондар Лигасын иеленген ойыншы. Сөз болсын, Гонсалес 71 гол соғу арқылы әлі күнге Чемпиондар Лигасының ең үздік сұрмергені аталып келеді.

2001 жылы "Алтын допты" алатын орайлы сәт түскенмен, "Ливерпульдің" сол уақыттағы жас перісі Майкл Оуэн алдын орап кетті.

Мықтыдан мықтырақ табылса...

"Барселонаның" жартылай қорғаушысы Чави Эрнандес каталондықтар сапында Примераның көп дүркін жеңімпазы саналады. Чемпиондар Лигасын үш жолы жеңіп алды. "Қызыл фурияның" қатарында екі мәрте Еуропа, бір мәрте Әлем чемпионы атанды.

2008 бен 2011 жылдардың аралығында төрт жыл қатарынан "Алтын допқа" ұсынылғанмен, әр жылы жолы болмауда...

"Блаугрананың" тағы бір ойыншысы Андрес Иньестаның жеткен жетістіктері мен биік белестерінен бас айналады. Аталған жартылай қорғаушы үздік бестіктің қатарына үш мәрте енген екен - 2009, 2010 мен 2012 жылдары. "Алтын допқа" лайықсыз саналған күнде, ол болмаса "Барселона" сапындағы Месси не істей алар еді деген сұрақ туындайды?! Шындығында, Леоны ұрымтал тұсқа шығаратын да...

«Алтын допты» алмаған ағылшындар 

Дэвид Бекхэм - жаңа заманның ең табысты, атышулы талантты ойыншыларының бірі еді. Футболдағы жиырма жылдық ғұмырында Бекс 540 ойын өткізіп, 97 гол соққан екен. Кез келген клубта көлеңкеде қалмайтын, миллиондаған көрермендердің көзайымына айналған атақты аяқ допшы 1999 жылы «Алтын допты» алуға бір табан жақын тұрған-ды. "Алтын доп" Ривалдоға бұйырып кетті. 

Дэвидке өз жүлделерінің қатарын 2001 жылы толықтыруға қайта мүмкіндік туғандай болып көрінген, алайда, ол үміті алдамшы болып шықты. Алғашқы бестіктің соңынан төртінші болып келді; Оливер Кан, Рауль мен Майкл Оуэннен кейін. 

Көптеген ойыншы мен көпшілік бапкер "Ман Юнайтедтің" әйгілі жартылай қорғаушысы Пол Скоулзды XX ғасырдың ең үздік хавбегі деп таниды.

"Жаттығуларда финттерді көп жасайтынмын, оларды өзімнен өзге ешкім қайталай алмайтын. Бірде мен соларымды Скоулзға көрсеттім. Пол допты алды да, 50 метр қашықтықта тұрған ағашты көрсетіп, оған бірінші мүмкіндіктен тигізетінін айтты. Тигізді. Мен болсам аң-таң болып, қайталап теуіп көргенмен, сол күйі тигізе алмадым. Ал ол болса жымиды да, алаңнан шығып кетті ", - деп еске алады Криштиану.

"Скоулз – ең үздік жартылай қорғаушы, ол қамал бұзуда (опорник) алдына жан салмайды, шабуылға да қосылып, гол соға алатын ойыншы. Өте мықты футболшы. Пол еш уақытта допты жайдан-жай асырып берген емес, үнемі әріптестерін іздеп тауып отыратын. Егер ол испан біріншілігінде өнер көрсеткен болса, өнері артық бағаланар еді", - дейді Чави.

Осы бір әйгілі ойыншымыз бірде-бір рет басты үміткерлердің қатарына еніп көрмепті.

2003 жылдан бері "Ливерпульдің" капитаны болып келе жатқан Стивен Джеррард кезі келгенде, құдай салғанда, өз командасын жалғыз өзі сүйреген кездері болды.  

Стиви Джидің жүлделерін айтып, тауысып  біте алмассыз. Аяқ допшы осы кезге дейін өзінің жеңіске деген ұмтылысымен, тартыстан тайынбас табандылығымен көзге түсіп келді. 2005 жылы Чемпиондар Лигасының драмалық финалында "Милан" қақпасына соққан голы әріптестерінің сол жолы жеңіске жетуіне бастапқы кірпіш болып қаланған-ды.  

Сөз болсын, атақты Зидан Стивенді әлемдегі ең үздік ойыншы деп таниды. 

"Ливерпульдің" көшбасшысы 2005 жылы "Алтын допты" алуға үміткерлер қатарына қосылғанмен, Роналдинью мен Фрэнк Лэмпардтен асып түсе алмады.

2005 жылы "Челсидің" жартылай қорғаушысы Фрэнк Лэмпард «Алтын допты» алуға басты үміткерлердің бірі саналды. Бұлай дейтініміз, сол уақыттарда "ақсүйектер" АПЛ-ді, Футбол лигасының Кубогін және Англия Суперкубогін жеңіп алған-ды.

Бірақ, Фрэнкиге бұйырмаған сыйлық Роналдиньюға табысталды.

Райан Гиггз британдық футбол тарихында ең көп жүлде алған, қоржыны тоқ ұлы ойыншылардың бірі. Қызық-ақ, егер алда-жалда валиялықтың барлық жүлдесін қаз-қатар тізіп қояр болсақ, жүлделердің қатары қанша шақырымға созылар екен? Өкінішті-ақ, солардың арасында "Алтын доптың" кезікпеуі... 

"Алтын допсыз" аталатын есімдер...

1990 жылдардың соңында Давор Шукер танымал шабуылшылардың біріне айналды. 1998 жылғы Әлем Чемпионатында Хорватия құрамасы күміс жүлдегер атанды. Мұны ешкім күтпеген болатын. Ал Даворды турнирдің ең үздік шабуылшысы деген атаққа лайықтады.

"Алтын допқа" 1998 жылы үміткер саналғанмен, сол уақыттарда Зиданның жұлдызы жаңа бастаған тұс еді.   

Көптеген жүлде мен көп жетістіктің иегері Деннис Бергкамп "Алтын допқа" әбден лайықты ойыншы саналатын. Үш рет үміткерлердің тізіміне де енді: 1992 жылы  Марко ван Бастен мен Христо Стоичковтан асып түсе алмады; 1993 жылы - Роберто Баджо, 1997 жылы - Роналдо.

Роберто Карлос футболдағы ең жойқын соққы бағыттаушылардың бірі шығар. Даңқты жылдарында ол "миллиондардың ойынына" көп жаңалық енгізді десе де болады. Солардың бірі, қаптал бұрышындағы қорғаушының іс-қимылын Роберто шарықтау шегіне көтерді - ол шабуылға қосылып, қарсыласын зеңбірекше нысанаға алып тұратын.

2002 жылы ол "пентакампеондар" сапында Әлем чемпионы атанды, "Реалмен" үш мәрте Чемпиондар Лигасын жеңіп алды. 2002 жылы Карлос "Алтын допқа" таласта тумаласы Роналдодан 62 ұпайға қалыс қалып қойды.

Бразилиялықтың бұл сыйлықты иеленуіне ампуласы кедергі келтірген шығар, бәлкім, кім білсін?

Жозе Моуриньюдің басшылығымен 2009-2010 маусымда "Интер" А Сериясын, Италия Кубогін және Италия Суперкубогін иеленді. Сол жылы  "нерадзуррилер" Чемпиондар Лигасын да жеңіп алды.

Жозенің сол уақыттағы нөкерлерінің ішінен бір ойыншыны айрықша бөліп айтуға болар еді. Ол - Диего Милито. Аргентиналықтың "Ромаға" соққан голы "Интерге" ел Кубогін, "Сиенеге" соққан добы біріншілікті алып берсе, ал Чемпиондар Лигасында "Баварияға" соққан  қос голы кәрі құрлықтың ең айтулы жүлдесін жеңіп алуға жол ашқан болатын.

Аргентиналық ойыншы жыл қорытындысы бойынша да "Алтын допқа" үміткерлер қатарына бірде-бір мәрте кіріп көрмепті. Шын мәнінде, көшбасшылығы дау-талассыз ойыншы-тұғын.

* * * 

Футбол тарихында сыйлыққа лайықты футболшылар әр уақытта марапатталып келеді. Дей тұра, бағаланбай қалатын бағалы ойыншылар да бар. Футбол табиғаты сол дегенімізбен, нағыз өнерге қысастық көрсетілмеуі тиіс екенін ұмытпайық.

Түптеп келгенде, осы бір жеке сыйлықтан не мән-мағына? Бұл сұраққа әркім өзі жауап беріп көрсін. Ал біздің айтпағымыз, "Алтын допты" ала алмағандар тізіміне өзіңіз кімді қосар едіңіз?

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: profitbet.kz

Л. Лига