«Алтын допты» Роналду алады...

«Алтын допты» Роналду алады...

Мадридтік «Реал» мен Португалия ұлттық құрамасының әйгілі футболшысы Криштиану Роналду  2013 жылдың үздік футболшысына берілетін мәртебелі жүлде «Алтын допты» иеленуі әбден мүмкін. Бұл туралы твиттердегі Barcastuff жеке парақшасы ақпарат таратып отыр.

Әлеуметтік желі ақпаратына сүйенер болсақ, ФИФА президенті Йозеф Блаттер мен Роналду арасындағы кикілжіңнен кейін футболшы «Алтын допты» марапаттау салтанатты кешіне қатыспайтынын мәлімдеген болатын. Алайда кейіннен қатысатын болды. Бұл кешке келудің себебі, атақ өзіне берілетінін біліп келіп отыр деп хабарлайды. Бұл бір жағынан алып қарағанда, логикалық ой ғана іспетті.

Дегенмен Роналду расында да 2013 жылы нәтижелі ойынымен көзге түсті. Португалия ұлттық құрамасының Әлем чемпионатына шығуына үлкен септігін тигізді. Ал Рибери өткен маусымда футболшы қол жеткізер бар атақты иеленді. Мюнхендік командамен Чемпиондар Лигасын, УЕФА Суперкубогын, бундеслига, неміс кубогының алтынын мойнына тақты. Сонымен қатар 2012-2013 жылғы маусымдағы Еуропаның үздік футболшысы атанды. Осыншама белесті бағындыра отырып, командасын алға сүйреген Риберидің де еңбегі еңбек-ақ. Ал Мессидің ойыны бір бөлек. Ұлттық құрамасымен Әлем чемпионатына жолдама алды. Ең бастысы – «Алтын допқа» үміткер үшеудің әлсізі емес...

Бұл «Алтын допқа» тартыс қызу болып тұр расында.  Златан Ибрагимович айтқандай, «Роналду жолы болғыш адам. Үнемі ең алдыңғы орыннан билет тауып, Мессидің сыйлық алғанын тамашалап кетеді» деуінің шындыққа айналмасына кім кепіл?...Ал әйелі үйінен «Алтын допқа» орын дайындап отырған Риберидің бұл сыйлықты ала алмауға атағы мен жасыл алаңдағы шеберлігі жетпейді емес. Жетеді. Ендеше әліптің артын бағайық...

Естеріңізге сала кетсек, «Алтын доп» иегерін, жылдың үздік бапкері мен «Пушкаш сыйлығы» жеңімпазын анықтайтын салтанатты кеш 13 қаңтар күні Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: realmadrid.kz 

О. Сансызбай