2013 жылы футболмен қоштасқандар

2013 жылы футболмен қоштасқандар

2013 жылы біршама футбол жұлдыздары бутсысын шегеге ілді. Ендеше, бүгін біз сіздердің назарларыңызға спорттық мансабын аяқтаған ала доп шеберлері туралы мәліметтерді ұсынамыз.

Дэвид Бекхэм


Дэвид Бекхэм – ағылшын құрамасының аты аңызға айналған футболшыларының бірі. Дегенмен жартылай қорғаушы бірден танымалдылыққа ие бола алған жоқ. Қалың көпшілік көңілінен шығу да оңай емес екені анық. Футболшы жасыл алаңға бой үйрете бастағаннан-ақ ағылшын жанкүйерлері Бекхэмді құшақ жайып қарсы ала қоймады. Себеп те жоқ емес. Біреулер футболшының киім мен шаш үлгісін жиі ауыстыратынын ұнатпаса, енді біреулер Spice Girls әншісі Виктория Адамсқа үйленгенін қаламады. Енді біреулер 1998 жылғы Әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында алаңнан қуылғаннан кейін жақтырмай қалды. Тағы да бір топ жанкүйерлер Бекхэмды ақылсыз, мінезі тік ойыншы санады. Тек допты әуелете көтеру мен айып соққысын орындауды ғана біледі деп қабылдады. Әйгілі ағылшын футболшысы Джордж Бесттің өзі: « Ол сол аяғымен доп тебе алмайды, баспен соққы жасай алмайды, допты өзімен дұрыс алып жүре алмайды және аз гол соғады. Ал қалған жағынан ол керемет жігіт"» деген болатын. Кейіннен Дэвид Бекхэм өзі туралы қалыптасқан көзқарастарды түбегейлі өзгерткен футболшыға айналды.


Дэвид Бекхэм спорттық мансабын осы жылы француздың «Пари Сен-Жирмен» командасында аяқтады. Ол өзінің жасыл алаңдағы жарқын сәттерінде өзін тамаша қырларымен көрсете алды. «ПСЖ» сапындағы соңғы кездесулерінде Франция біріншілігін бағындырды. Париждік команда сапында бір жылдай тер төккен жартылай қорғаушы өз табысының барлығын қайырымдылық қорына аударды. Осылайша ойыншы 2013 жылдың 16 мамырында үлкен спортпен қош айтысты.

Дэвид Бекхэм қазіргі таңда да футболдан алыстай қойған жоқ. Жақында футболшы АҚШ біріншілігінде (MLS) жаңа клуб құрғысы келіп жүргенін осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Енді жаңа клубтың атын «Майами Бекхэм Юнайтед» деп атауды жөн деп тапқан-ды. Жарнама саласында да футболшының алар орны ерекше екенін ескере кету керек. Үлкен спортпен қоштасса да, жарнама бейнебаяндарына түсетіні анық. Соңғы ақпараттар бойынша футболшыға Боливияның «Боливар» футбол клубы бір кездесуге команданың сапында өнер көрсетуіне өтініш сұрап жатқан көрінеді. Бәлкім футболды сағынған Бекхэм клуб сапында ойнап кетпесіне кім кепіл?... Ал оның ұлдары әке жолын жалғау мақсатында ағылшынның азулы клубтарының сапында шыңдалып та келеді.

Елі: Англия.
Жасы: 38
Алаңдағы орны: жартылай қорғаушы
Ойнаған клубтары: "Манчестер Юнайтед" (Англия); "Престон" (Англия); "Реал" Мадрид (Испания); "Лос-Анджедес Гэлакси" (АҚШ); "Милан" (Италия); "Пари Сен-Жермен" (Франция).
Жетістіктері: Англия чемпионы - 6 (1995/96; 1996/97; 1998/99; 1999/2000; 2000/01; 2002/03); Англия Кубогы - 2 (1995/96; 1998/99); Англия Суперкубогы - 2 (1996; 1997); Чемпиондар Лигасы -1 (1998/99); Халықаралық Кубок - 1 (1999); Испания Суперкубогы- 1 (2003); Испания чемпионы - 1(2006/07); MLS Кубогы - 2 (2011; 2012); Франция чемпионы - 1 (2012/13).

Паулу Феррейра


Елі: Португалия (ұлттық құрама сапында 2004 жылғы Еуропа Чемпионатының күміс жүлдегері)
Жасы: 34
Алаңдағы орны: қорғаушы
Ойнаған клубтары: "Эшторил-Прая" (Португалия); "Витория Сетубал" (Португалия); "Порту" (Португалия); "Челси" (Англия).
Жетістіктері: Португалия чемпионы - 2 (2002/03; 2003/04); Португалия Кубогы иегері - 1 (2002/03); УЕФА Кубогы – 2 (2002/03); Чемпиондар Лигасы - 2 (2003/04; 2011/12); Португалия Суперкубогы - 2 (2003; 2004); Англия чемпионаты иегері -3 (2004/05; 2005/06; 2009/10); Англия Кубогы иегері - 4 (2006/2007; 2008/09; 2009/10; 2011/12); Лига Кубогы иегері - 2(2004/05; 2006/07); Англия Суперкубогы иегері - 2 (2005; 2009); Еуропа Лигасы - 1 (2012/13).

Португалдық қорғаушы спорттық мансабын 2013 жылы лондондық «Челсидің» қосалқы құрамындағы қорғаушы болып аяқтады. 2004 жылы Моуринью мен Рикардо Карвалью үшеуі үлкен жетістіктерге жеткен еді. Алайда спортпен қоштасар кезінде ол жетістіктерін қайталай алмады. Жозе кештеу келген секілді бәлкім... Лондондағы алғашқы маусымда негізгі құрамда ойнап жүрген қорғаушы өз орнын уақыт өте өзгелерге сыйлауға тура келді. Кейіннен қосалқы құрамға да іліге алмаған португалдық ойыншы спорттық мансабын аяқтауды жөн санады. Футболшыға өзге клубтар да қызығушылық танытты. Алайда Паулу Феррейра бутсысын «ақсүйектер» қатарында жүріп шегеге ілетінін мәлімдеді. Және сөзінде тұрды да.

Дэнни Мёрфи


Елі: Англия
Жасы: 36
Алаңдағы орны: жартылай қорғаушы
Ойнаған клубтары: "Крю Александра" (Англия); "Ливерпуль" (Англия); "Чарльтон" (Англия); "Тоттенхэм" (Англия); "Фулхэм" (Англия); "Блэкберн" (Англия).
Жетістіктері: Англия Кубогы иегері - 1 (2000/01); Англия лигасы Кубогы иегері - 2 (2000/01; 2002/03); Англия Суперкубогы иегері - 1(2001); УЕФА Кубогы иегері - 1 (2000/01); УЕФА Суперкубогы иегері - 1 (2001).

2001 жыл – футболшының нағыз жұлдызды шағы болды деп айта аламыз. Жерар Улье жаттықтыратын «Ливерпуль» командасының негізгі ойыншысына айналды. Сол жылы мерсисаидтық команда қатарында үш бірдей Кубок жолында жеңіске жетті. 2000/01, 2001/02 және 2003/04 маусымдардағы «қызыл сойқандарға» қарсы кездесуде жалғыз голы арқылы ойын тағдырын шешіп кетуімен клуб тарихына енді. 2002 жылы ағылшын құрамасы сапында Әлем чемпионатына баратын болған. Дегенмен соңғы сәттерде алған жарақаты жартылай қорғаушының жолын байлады.  
2004 жылы Рафаэль Бенитес келгеннен кейін футболшы ойын жүйесінің өзгеруіне байланысты негізгі құрамға іліге алмай қалды. Содан соң команда ауыстыруға тура келді. Кейіннен ағылшынның бірнеше клубтарында ойнаған футболшы өз бабына қайта орала алмады. Дэнни Мёрфи осы жылы «Блэкберн» сапында өз спорттық мансабын аяқтады.

Людовик Жюли


Елі: Франция (ұлттық құрама сапында 2003 жылы Конфедерация Кубогын иеленді).
Жасы: 36
Алаңдағы орны: жартылай қорғаушы
Ойнаған клубтары: "Лион" (Франция); "Монако" (Франция); "Барселона" (Испания); "Рома" (Италия); "Пари Сен-Жермен" (Франция); "Лорьян" (Франция).
Жетістіктері: Франция чемпионы - 1 (1999/2000); Франция лигасы Кубогы иегері- 1 (2002/03); Испания чемпионы - 2(2004/05; 2005/06); Испания Суперкубогы иегері - 2 (2005; 2006); Чемпиондар Лигасы - 1 (2005/06); Италия Суперкубогы иегері -1 (2007); Италия Кубогы иегері - 1 (2007/08); Франция Кубогы иегері - 1 (2009/10).

Людовик Жюлиді бүткіл Еуропа 2004 жылы таныды. Дәл осы жылы Чемпиондар Лигасының тарихында көпшілік күтпеген оқиға орын алды. Ақтық сында «Порту» мен «Монако» кездесті. Француздардың жұлдызы - осы жартылай қорғаушы болатын. Өкінішке орай, футболшы шешуші кездесу алдында жарақат алып, финалға қатыса алмады. Командасы 0:3 есебімен португалдық командаға есе жіберді. Кейіннен ойыншыға каталондық «Барселона» командасының көзі түсті. Людовик сол кездегі бапкер Франк Райкаард командасында үш маусым тер төкті. Және де өзінің талантымен талайларды мойындата білді. Спорттық мансабындағы соңғы маусымын өз еліне келіп аяқтауды дұрыс деп шешкен футболшы Франция біріншілігіне қайта оралды. Дегенмен жасы келген футболшының басты қаруы саналатын жылдамдығы азайғаны бірден-ақ байқалды. Соңғы ойынын «Лорьян» сапында өткізіп, осы жылы үлкен спортпен қош айтысты.

Кристоф Метцельдер


Елі: Германия (ұлттық құрама сапында 2002 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, 2006 жылы қола жүлдеге қол жеткізді. 2008 жылы Еуропаның күміс жүлдегері атанды)

Жасы: 32

Алаңдағы орны: қорғаушы

Ойнаған клубтары: "Пройссен" (Германия); "Боруссия" Дортмунд (Германия); "Реал" Мадрид (Испания); "Шальке-04" (Германия).

Жетістіктері: Германия чемпионы - 1 (2001/02); Испания чемпионы - 1 (2007/08); Испания Суперкубогы иегері - 1(2008); Германия Кубогы иегері - 1 (2010/11); Германия Суперкубогы иегері - 1 (2011).

2000 жылдың ортасында Кристоф Метцельдер әлемдегі мықты қорғаушылардың қатарында болды. 2002 жыл – футболшының жұлдызды дәуірінің басталуына жол ашты. Бірнеше рет абыройлы аламандарда командасымен топ жарды. Кейіннен футболшы да жарақат алу кезеңі басталды. 2007 жылы дортмундтық «Боруссиямен» жаңа келісімшартқа отырмаған футболшы «Реалдан» бір-ақ шықты. Мадридте негізгі құрамдағы орынға бәсеке қыза түсті. Испания Ла-Лигасында 23 кездесу өткізген қорғаушы 2010 жылы гелзенкирхендік «Шалькеге» оралды. Алайда футболшы бұл кезде өз бабын толықтай жоғалтпаса да, сәтті өнер көрсете алмады. Осылайша Кристоф Метцельдер 2013 жылы спорттық мансабына нүкте қойды.

Жалғасы бар

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: vk.com, real-fc.com, footballhd.ru

Ө. Сансызбай