"Арсенал" – "Челси": кездесу алдында

"Арсенал" – "Челси": кездесу алдында

Ағылшын біріншілігінің 17-турының орталық кездесуінде «Арсенал» мен «Челси» командалары кездесу өткізбек. Қос қарсылас та дәстүрлі ойын өрнегін көрсетуге әзір. Қай қарсылас жеңбесін, турнир кестесінде бірінші орынға жайғасатынын айта кеткіміз келеді ("Челси" "Ливерпульді" ұпай санымен қуып жетпек).  

Мамандар тарапынан ашық ойын болады деп күтілуде. «Арсеналдың» өткен турда «Этихадта» (3:6) "Ман Ситиден" ойсырай жеңілгенін есепке алсақ  (3:6), онда бүгін жаңажылдық мереке қарсаңында жанкүйерлерін қуантуға барын салатыны анық. Ал лондондық "Челси" ойламаған жерден (ағылшын кубогінде) «Сандерлендке» (1:2) жеңілген болатын. Жаза басқан Жозе шәкірттері барын салып көреді. 

Моуринью мен Венгер мүлдем өзгеше, екі бөлек адамдар. Моуринью еш уақытта бір жерде үш жылдан артық жұмыс істеп көрмеген — Венгер 1996 жылдан бері «Арсеналды» жаттықтырып келеді. Моуриньюді қымбат ойыншыларды сатып алушы ретінде қарастырды — Венгерді көпшілік сараңдығы үшін әлі күнге айыптайды. Моуринью ойын стилінен гөрі, ойын нәтижесін жоғары қоятын бапкер саналады — Венгер ойындағы ұжымдық өзгелікті басты орынға қояды.

Жаз болсын, күз болсын, чемпионатта, кубокте, «Стэмфорд Бриджде», «Эмирейтс» пен «Уэмбли» төрінде Моуринью жеңіске жетіп отырған, не болмаса тең есепке қол жеткізіп келген. 2006 жылдың желтоқсанында ішкі біріншіліктің ойынында Майкл Эссьенның атақты голы "ақсүйектерді" тығырыққа тірелуден құтқарып қалса, 2007 жылдың мамырында «Челси» Халид Булахруздың алаңнан қуылғанына қарамастан, он ойыншымен ойын соңына дейін табандап тұра алып еді (сол жолы да Эссьен гол соққан-ды). 

Венгер мен Моуриньюдің соңғы қақтығысы Кубок аясында орын алған - сол жолы да «Челси» жеңіске жеткен. 

Қос құрамда азды-кемді өзгеріс бар: Джек Уилшер үш ойыннан шеттетілген болса, қорғаныс қапталындағы Лоран Косьельни тізе жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайтын болып отыр. Абу Диаби, Алекс Окслейд-Чемберлен, Яя Саного есімді ойыншылар жарақаттарынан құлан таза айықпапты. Бір қуанарлығы, Лукаш Подольски қатарластарымен бірге жаттығуға кірісе бастаған.

Ал "Челсидің" кем-кемтігін түгендесек, «Эмирейтс» төрінде Майкл Эссьен мен жарақат алған Марко ван Гинкел алаңға шықпайды. Дегенмен, Бранислав Иванович, Эшли Коул мен Джон Террилер қатарға қосылыпты. 

Орталық ойында Месут Озил көп күмән мен көп күдіктің қажетсіздігін дәлелдеуге тырысады. Мамандар жағы неміс ойыншысы жауапты ойындарда жауапкершілікті өз мойнына алуда тартынады деп сын таққан екен.

«Челси» қазіргі таңда ойын мәнері жағынан есе жіберіп жүр. Бірақ соған қарамастан Жозе Моуринью "ақсүйектердің" соңғы ойынында өсіп-өркендеудің байқалғанын айтып, көңілі разы емес жанкүйерлер алдында айтқан сөзінде тұратынын жеткізген.

17-турдың басты ойынына санаулы сағаттар қалғанда қос бапкер де бұрынғы дау-шардың ұмыт қалғанын айтуда. Алайда, бәрі кешірілген болсын, ұмыт қалсын, жаттықтырушылар арасында жаңа сызатқа жол ашылуы бек мүмкін. Бәрінен бұрын, "Челсиге" көп көз тігетін Арсен Венгер Жозені қалай да қапы қалдыруға тырысып көрмек...


Арсен Венгер, «Арсеналдың» бас бапкері: «Жозе Моуриньюмен жеке таласқа түскелі отырған жоқпын. Бұрынырақта қос команда арасында талас-тарыстар орын алып келген, бірақ, «Арсеналдың" ортақ есебін күйттеумен боламын. «Челсиге» қарсы, өзге клубқа қарсы ойын болсын - мен үшін барлық жағдай бірдей. Бастысы, менің клубым қандай қарсылас болмасын, жеңіске жеткені маңызды», - дейді. (fc-arsenal.com)

Жозе Моуринью, «Челсидің» бас бапкері: «Ендігі маусымда «Челси» өз алдына бір дербес үздік команда есебінде өнер көрсете бастайды. Еңбектенудеміз, өз жемісін беруде және клуб сапында үлкен талант иелері мен сатып алынған тамаша орындаушылар бар... Еш шүбәсіз, «Челси» келесі маусымда жақсы ұжымға айналатын болады», - дейді.(chelseanews.ru)

Сандар айғақ

– «Арсенал» мен «Челси» чемпионатта 152 мәрте кездескен. Оның  61 ойынында «Арсенал» жеңіске жетсе, 46 ойында «Челси» басым түскен екен, ал сонымен бөлек 45 кездесуде тең тарасыпты. 

– «Челси» барлық турнирдің есебінде «Арсеналға» төрт ойын қатарынан жеңілмей келе жатыр (3 жеңіс, 1 тең есеп). Соңғы жеңіліс 2011 жылдың қазан айында тіркеліпті (3:5).

– «Арсенал» соңғы екі кездесуде жеңіліске ұшыраған (барлық турнирді есепке ала отырып). Соңғы рет «канонирлер» 2010 жылдың сәуір айында үш рет қатарынан жеңіліске ұшырапты. 

– Оливье Жиру мен Санти Касорла Англия чемпионатының 49 матчында өнер көрсетіп келген, 50 кездесуде шығуға тамаша мүмкіндіктері бар. Бұл тұста Касорла Премьер-лигадағы «Арсенал» сапындағы 50 ойынын өткізгелі отырған бесінші испандық саналмақ. Бұған дейін Фабрегас (212), Альмуния (109), Артета (74) және Рейес (69) өз көрсеткіштерін орнатқан.

– Жозе Моуринью «Челсидің» тренері есепті «Арсеналға» қарсы тоғыз ресми ойында жеңіліске ұшырамаған (5 жеңіс, 4 тең есеп).

– Джон Терри Англия біріншілігіндегі ең алғашқы голын «Хайбери» стадионында «Арсенал» қақпасына соққан. 2001 жылдың қаңтарында (1:1).

Қазылар алқасы

Майкл Дин бастаған қазылар алқасы төрелік етпек екен. Қырық бес жастағы төрешіге қос қапталдан Джейк Коллин мен Джон Брукс көмектеседі. Төртінші төрелік Джонатан Моссқа табысталған.

Автор: Әкежан Дәкен

сурет: fifa12-online.ru

Л. Лига