Чемпиондар Лигасы. "А" тобындағы бүгінгі қақтығыс

Чемпиондар Лигасы. "А" тобындағы бүгінгі қақтығыс

Ала доптың соңына түскен "А" тобының талас-тартысы бүгінгі кеште басты мәнге ие. Егер бүгін төмендегі бірқатар клубтар өз жағдайларын жақсартып алмаса, онда...

Тәжірибелілік пен ойын тұрақтылығы - Чемпиондар лигасында басты тұмар, көрсеткіш үлгі. Мұны айтып отыруымыздың себебі,  соңғы жылдары «Байер» командасы ет-сүйегі өсіп, кәрі құрлықтың ең ірі додасына талпыныс қылумен келе жатыр. Алғашқы жүріс те жасалды, ендігі кезекте шамалы тер төксе келесі кезеңге өту жолдамасына ие болмақ. Бұл тұста басты қарсылас -  "Манчестер Юнайтед" пен "Шахтер" комндалары. Чемпиондар лигасында тәжірибелілігі жоғары болғанмен, аталған клубтар соңғы уақытта тұрақтылық межесінде ақсап жүр. 

Командадан сэр Алекс Фергюсен кеткелі «қызыл сойқандар» абдырап қалды. Шотландықтың орнын шотландық басты дегенмен, дей тұра кәрі сағыз шайнаушының орнын ешкім баса алмайтыны көрінді.

Донецкелік "Шахтердің" бірқатар мықты ойыншылары жазғы маусымда басқа клубтарға ауысып кетті. Мықтының орнын мықты келіп ауыстырғанмен, ұжымдық ойынға әзірше үйренісе алмауда. 

Топта тағы бір команда - "Реал Сосьедад". Тұрақтылық та, тәжірибелілік те жоқ испандық ұжым әр жылда кәрі құрлықтың додасында төбесін бір көрсетіп қояды. Бағы мен бабы алысқа шабар ма еді, егер команданың бас бапкері басқа клубпен келісімшартқа отырмағанда... Дегенмен, Сан-Себастьянның жігіттеріне топтан шығуға мүмкіндік бар. Егер Донецк төрінде жеңіске жетіп, Германияда қатар өтіп жатқан кездесу тең есеппен аяқталар болса -  онда бәрі оңалар бір кейіпте.

Бірінші турда "Шахтерден" жеңіліс тапты демесеңіз, "Реал Сосьедадтың" аяғы ақсап жатыр деуге келмейді. Одан кейінгі кездесулердің бірде-бірінде оңайлыпен ұпай бермесі анықталды. «Шахтерден» бүгін айласын асыра алса...

"Шахтердің" жанкүйерлері "Реал Сосьедадты" басты қарсылас санамауда. Осы ретте шахтерлер елді-мекенінің тұрғындарына астамшылық танытудың реті жоқтығын айта кеткіміз келеді. Ерте бастан "А" тобында илеуге көнетін, иі жұмсақ команданың жоқ екендігі анықталған болатын. Егер "Реал Сосьедадты" тоқпаққа санаса, тоқырап қалар заман өз бастарына тумаса нетті. Қалай дегенмен, испандық өрендер оларға қарағанда шеберлік шыңында едәуір жоғары тұрған жандар. Қалай дегенмен, көп ойын өткізіп, көп жеңіске жетудің бұл тұста есепке алынбайтынын ескерсек, мәселенің ойында емес, ойыншылар төңірегінде екенін пайымдаңыз. Себебі, Вела, Гризманн бастаған жігіттердің құпия күштері іште сақтаулы. "Сосьедад" кез келген сәтте жақсы ойын өрнегін көрсете алатын команда. Лучески тізгін ұстарда сақ қимылдағаны жөн. "Олд Траффордқа" көтеріңкі көңіл-күймен барғысы келсе, бүгінгі ойынды өз пайдасына шешуі тиіс...

Сол уақытта Леверкузенде қатар өтетін ойын екінші планға ауыспақ. Бұған себеп, Мойестің қол астындағы тәлімгерлер және "Байер" ұжымы тәлімді ойын өрнегін көрсетуге тырысып қана қоймай, Украинаға көздері тігулі болады. "Бай-Арена" стадионынан байып шықпаса да, байлыққа пара-пар ұпайды өз қоржындарына салуы мүмкін. Не дегемен, қатар өтетін ойындардың бір-біріне тәуелді болмақ.

"А" тобының бүгінгі кездесулері жарқын бояуға, өрнекті ойынға толы болар десек, қателесеміз. Өздеріңіз біліп отырғандай, бұл топтағы өрендердің шамадан тыс тұрақсыздығы бірінші кезекте іштей сақтықтың, сосын барып салқынқандылықтың ұғымын туғызуы мүмкін. Және Донецкеде өтетін кездесу көбірек тәуекелге келіңкірейді. Алда-жалда неміс мықтысы "Байер" келесі кезеңге шығып кетіп жатар болса, төңкерілген кері әлем сонда орнады деңіз. "Олд Траффорд" стадионында өтетін ойын отқа оранбақ... 

Автор: Әкежан Дәкен

сурет: jobspapa.com 

Л. Лига