Астана Барселонадан қонақ күтіп алды

Астана Барселонадан қонақ күтіп алды

Кеше елімізге "Астана" футбол командасының шақыртуымен "Барселона" футбол мектептері директорының орынбасары Хулио Альберто келіп, бірнеше кездесу өткізіп, Қазақстан туралы өзінің алған әсерімен бөлісті. 

Бұл кісінің кім екендігі туралы толығырақ айтып өтелік. Хулио Альберто бұрындары футболмен кәсіби түрде айналысып, соған өмірін арнаған адам. 1984 жылы Еуропа чемпионатында Испания құрамасының сапында өнер көрсеткен, сонымен қатар, 1986 жылғы Әлем чемпионатында да елінің намысын қорғаған. Испанияның екі дүркін чемпионы, Король кубогының иегері. Ақыры не керек, 1991 жылы футболмен қош айтысқан соң, араға уақыт салып барып "туған" клубы "Барселона" мектебіне функционер ретінде оралады.

Сапарының алғашқы күнінде ол "Астана" клубының бас демеушісі «КТЖ» ҰК вице-президенті Асхат Акчуринмен кездесті. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Саян Хамитжановпен сұхбат құрды.

Басқа да абыройлы азаматтар қатысқан бұл кездесуде Хулио мырза өзін қызықтырған түрлі тақырыпты қозғап, елімізге деген ілтипатын білдірді. Біздегі спорттық білім беру жүйесімен танысып, әңгіме-дүкен біткесін "Астана Арена" стадионына аттанды. Мистер Хулио мұндай стадион Испанияның кейбір суық аймақтарында салынса қуанатындығын айтты.

Бәрін айт та бірін айт, кездесу соңында қазақстандық өкілдер қонаққа еліміз туралы жазылған кітап сыйласа, Хулио мырза өз кезегінде «Барселона» футбол клубы ойыншыларының қолдары бар жейде ұсынды.

сурет: sportinfo.kz