Роналду баратын болды!

Роналду баратын болды!

Шведтерді жеңу арқылы "еуропалық бразилиялықтар" Оңтүстік Америкаға жолдама алды. Роналду өзін мойындатты. "Алтын допқа" кім үміткер турасында бірер сөз...

Қарымта ойынға сақтап баратындай еш құпия да қалмаған-ды. Португалдықтар өздеріне үйреншікті мәнермен допты көп ұстап, жеке шеберлікке иек артатын болса, шведтер, өз кезегінде, алыс пасқа бәс тіге отырып, әуеден мүмкіндіктерін қарастыратыны анық еді. Соған қарамастан, португалдықтар бірінші кездесуден көп сыр ұғып, қарсы шабуылға иек арта барыпты. Бенту бапкердің шәкірттері бұл ойында тәлімді ойын өрнегін көрсете алды. 

Роналду соққан үш гол да шведтердің шабуылынан соң бастау алып, қақпа торына тоғытылды. Бұл тұста португалдық жартылай қорғаушылардың еңбегін атап өткен жөн. Айлалы пасты асырған сәтте Роналду сытылып шығып, өз жұмысын тыңғылықты атқара білді. Ал швед қорғаушылары көз жазып қалған сәтті бағамдап та үлгере алмаған болатын. Әйтпесе, бір кездері ямайкалық желаяқ Болттың өзі мақтаған Роналду кем бағаға ие емес еді ғой. Былай қарап тұрсаңыз, Роналдудан артық шабуыл жасап, қорғанысты мазалаған өзге ешкім болған жоқ. Неге онда швед қорғаушылары құр қол қарап тұрды дерсіз?! Осының сырын білесіз бе, бір білетінім, егер мен доп тебуден хабарым болса, Роналдудың алды-артына екі адамнан қарауылдатып қоятын едім. Испан примерасында өнер көрсетіп келе жатқан сұрмергеннің басы сынға түскен сәті бүгін емес. Талай асулар мен қиын өткелдерден өткен шабуылшы суыққанды екенін танытқан кез бүгін емес. 

Бұл ойында немістерге қарсы тұрған шведтерді көре алмадық. Бұл ойында өз алаңында жанкүйерлердің ыстық қолдау, қошеметі шведтерге қай жолғыдай көмекке келе алмағанға ұқсайды. Әрбір асырған пастары нәтижесіз шығып жатты. Бұрыштан көтеру сәтінде Златанға пас асыру қала тұрсын, өз қорғаныстарын ашып беріп қойды. Қандай үміт күтілгені белгісіз, қараусыз ойнады. Бір жағынан алып қарасаңыз, португалдық ойыншылардың шеберлігі меңмұндалап тұрды дерсіз. Екінші жағынан, олардың сауатты қимыл-қозғалысы мен тапқырлықтары шведтерді тұсап ұстауға жетіп жатты. Ал шведтер оға қарсы жауап ретінде өздерінің ретсіздіктерін, яки шабуыл бастауда бәсеңдіктерін танытып алды. Роналдуға берген пасты Златанға берген болсаңыз, сегіз клубтың жейдесін киген мерген мүлт кетпес еді. Қалай дегенмен, бұл футбол ғой енді. Құрамның толысқан, орнықты мүшелері осы болса, одан артық қандай айла-әдіс табылсын.

Үзілістен соң Златан өз сөзінде тұрып, шведтерге үміт отын сыйлады. Одан өзгесі (Златаннан басқасы) әрбір допқа жармасып, таласып жатты деу жаңсақтық болар еді. Өзгенің қателігін күткен ойыншы өзінен орнықты не күтсін?! Әлгі бір сәтте Златан соңғы сәтте пас асырып берген болатын, әріптесі мүлт кетті. Негізі, оңтайлы мүмкіндік екені көрінді... 

Роналду өзін мойындатқан күн болды. Осыдан соң оны нашар ойыншы деп кім айтсын. Мүмкін, көп жығылатын шығар, бірақ, көп гол соғатыны естен шықпасын. Блаттер мырза 21 ғасырда қандай кінә жасағанын түсінген болар?! Түсінген демекші, Роналду "Алтын доптың" салтанатты кешіне қатыспайтынын мәлімдепті. Дұрыс та шығар, футболдағы бұл қысастық қай футболшының болсын өкпесін қысары анық. Дегенмен, бұл жылы "Алтын допты" Месси алып жатса, таңғалмаңыз. Үшінші үміткер қайда қалды десеңіз - ол Рибери болса - соңғы уақытта француз ойыншысы өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрген жоқ. Аты шулы сыйлықты отбасылық сыйлыққа ауыстырып алғандай, бірде әйелі, бірде туысқандары сөз алып жүр. Соған орай, күні бұрын француздар да сенімсіздік танытып жатқанын айта кеткен жөн. Бір маусым ғана жарқыраған ойыншы ендігі маусымға да сол күйінде шығады деу көп күмән туғызады.

Ал Мессиге оралар болсақ, өткен маусым басталмай жатып-ақ рекорд орнатып, одан кейін суперкубокті алып, одан кейін мергендер көшінде де Роналдуды қалыс қалдырғаны белгілі. Испания чемпиондығын айтпай-ақ қоялық, өз алдына. Жарты жылы жарақатпен кетті демесеңіз, тәп-тәуір өнерімен өз биігінде көрінді. Соған қарағанда, Пике әріптесі бір жыл бойына күліп жүретін секілді. Шакираның күйеуі өткен жолғы бір сөзінде Месси "Алтын допты" алып жатар болса, бір күн бойына тоқтамастан күлетінін жеткізіпті. Соған қарағанда...

Маған салса, сол "допты" Роналдуға берер едім. Көрер көзге ешкім де күндемес еді. Бірақ, көрсеткіш тұрғысында ешнәрсе ұтып алмағандығы бір мін болып тағылар. Ауыз толтырып айта аларлықтай өнер көрсеткенмен, ауыз қаратар бір жүлдеге қол жеткізе алмағаны, әрине, өкінішті. Өкінішті, ғасырдың бір тума таланты оты өшпей тұрғанда, тиесілі сыйлығын алса деп ойлайсыз. 

Соның бір белгісі ретінде Криштиға Фуншале мекенінде (өз туған жері) мұражай ашпақ екен. Бұл дұрыс сый болар. Кешегі күні Златанның үлкен талант иесіне қол соққанын көрген боларсыз. Өз қақпасына гол соғылып жатып, қарсыласқа қол соққанды қайдан көрдіңіз?! Кең пейілді жігіттердің ниеттері бір арнадан табылады делік. Златанға ендігі тілейтініміз, Еуропа чемпионатында өнер көрсетер деген жұбаныш қана. Бразилия елі өкшемен соғылған голдарды көрмес, ала допты меңгерген өз мұрагелерлерін көретін болды.

Әлем чемпионатында Франция мен Португалия болмаса, не сән болар еді деген сұрақ туындайды. Ілініп жүріп франуздар да соңғы күні әзер дегенде украиндарды тізе бүктірді. Португалия, өздеріңіз көргендей, нағыз тартыста өз біліктерін көрсете алды. Ертеңгі күні Әлем чемпионатының финалына шығып жатар төрт құрама болса, осылардың аты аталып қалар деген сенімдеміз. Жеңіс рухы бар жерде бұл құрамалар өмір сүре бермек. 

Роналдудың бар мүмкіндігін салар тұс та таяп қалды. Оған дейін командалық деңгейде аянбай өнер көрсетуі керек. Соңғы уақытта сол командасынан да береке кетіп жүр. Анчелотти келгелі әрбір ойыншысы жалақы сұрап, ит-құс жүгіртіп қалуда. Бұған дейін Жозе болған кезде "корольдік клубта" мұндай қылық байқалмайтын. Ол уақытта мадридтіктердің көп ойыншысы өз біліктеріне күмәнмен қарап, өз орындарын қосалқы құрамдарынан сайлап жатушы еді. Ал қазір... италияндық жаттықтырушының кең жағадалау пейілін пайдаланып қалғылары келеді. Испанизация ұғымы тезірек енсе, Роналдудың жүлдеге ілінер күні алыс емес. 

Автор: Фараби Арыстанбек

Сурет: diariolugo.com

Л. Лига