«Алтын допты» кім алады?

«Алтын допты» кім алады?

2013 жылғы футбол тарихындағы «Алтын допқа» үміткер 23 футболшының есімі белгілі. Ал қазіргі таңда осылардың ішінен мәртебелі атаққа Франк Рибери басты үміткер саналуда. Месси мен Роналду ше?... Ибрагимович қайда?...

Бұл маусымдағы «Алтын допты» «Бавария» жартылай қорғаушысы Франк Рибери алса, әділетті болар еді деп есептейтіндер көптеп табылады. Ал оған қарсы сын айтушылар да жетерлік. Ал букмекерлік орталықтар үміткерлер арасындағы тартысқа коэфициент белгілеп те үлгерді. Олардың да көрсеткен сандары бойынша Рибери қарсыластарынан озып тұр. Француз футболшысына 1,90 коэффициент беруде. Мұны берудегі мән де бар. Ол қандай мән дейсіз ғой?...

Франк Рибери өткен маусымда футболшы армандаған барлық атақты иеленді. Мюнхендік командамен Чемпиондар Лигасын, УЕФА Суперкубогын, бундеслига, неміс кубогының алтынын мойнына тақты. Сонымен қатар 2012-2013 жылғы маусымдағы Еуропаның үздік футболшысы атанды. Осыншама белесті бағындыра отырып, командасын алға сүйреген Риберидің еңбегі еңбек-ақ. Дегенмен бұл футболшының «Алтын допқа» лайық емес деп айтатындардың да өз пікірлері мен көзқарастары бар. Оларды да назарға алған жөн.

Франк Рибериді «Алтын допқа» лайық емес деп санайтындар, футболшының командаластары Арьен Роббен және Томас Мюллермен салыстыра қарайды. Үш футболшының да өткен маусымдағы голдары мен пастары шамалас. Үш футболшы да командаға бірдей пайдасын тигізген. «Бавария» командалық ойынымен ерекшеленеді. Осыны басты назарға ала отырып, Риберидің шешуші кездесулерде де көзге түспейтінін алға тартады. Криштиану Роналду мен Лионель Месси маңызды кездесулерде командасын алға сүйрей біледі. Ал Рибери мұндай қабілетке аса құштар емес, немесе ие емес. Өткен Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде Томас Мюллер мергендігімен танылса, финалда Арьен Роббен көрсеткіш бойынша Рибериден басымдау түскен. Сонымен қатар ұлттық құрамада «Жеңілмейтін Армада» елінің құрамасымен бақ сынаған Франция топтан шыға алмай плей-офф кезеңіне өтті. Висенте дель Боске командасына қарсы кездесуде Рибери өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Ал плей-оффтың алғашқы кездесуінің өзінде Украинаға есе жіберіп жағдайларын қиындатып алды. Сонымен қатар, Рибериді «Алтын допқа» лайық емес деп ойлайтындар, жеткен жетістіктерін командалық ойынмен байланыстырады. Мәселен 2010 жылы Уэсли Снейдер «Интер» командасымен бірге футболшы қол созатын бірнеше мәртебелі атақтарды иеленді. Дегенмен сол жылы бұл атақ Мессиге бұйырған болатын. Тіпті футболшы алғашқы үштікке де ілінбеген еді. Соңғы сұхбаттарында Риберидің «Бұл атаққа мен лайықтымын. Менің әйелім «Алтын допқа» үйден орын да дайындап қойды. Жарым және командаластарым менің жеңетініме сенімді» деуінің өзі бұл атаққа лайықты футболшының көзқарасы емес. Бұл Риберидің «Алтын допқа» лайық емес деп айтатындардың пікірі ғана...


Ал Месси ше? Бұл футболшы букмекерлік орталықтар болжамы бойынша екінші орында. Аргентиналық шабуылшыға 2,50 коэфициент беруде. 2012-2013 маусымда Ла-Лигада 46 гол соқты. Бірнеше рекордтың мұртын бұзды. Роналду ше? Ол да бірнеше рекордқа қол жеткізді. Алайда Мессидей жетістікке жете қойған жоқ. Ал осы екі футболшының бірі алады дейтіндер үшін өз ара статистиканы саралап көрейік.

Дриблинг. Алаңда допты екі футболшы екі түрлі игереді. Мессидің аяғына доп тисе, ол алысқа шығармай «ақылды» түрде ұстайды. Ал Роналду көп финттер жасайды. Жылдамдығының арқасында өз финтін жүзеге асыра алады. Мұндай футбол жанкүйерлерге ұнайтыны анық.

Командаластарымен қарым-қатынас. Месси каталондық командамен тату-тәтті бір отбасыдай сыйласады. Өз командаластарымен жаға жыртысып көрмеген. Роналду өзіне ұнаған ісін істейді. Өз атына айтылған сындарға «мінезді» жауап қатады. Дегенмен құрметтуді біледі.

Жылдамдық. Бұл сында фаворит – Роналду. Әлемдегі жылдамдығы ең мықты футболшылардың қатарында. Ал Месси жай ғана жүріп, жай ғана барлығын тындыра алады. Дегенмен жылдам футбол жанкүйерлер айызын қандырары анық.

Ұлттық құрамадағы рөлдері. Екеуі де өз елдерінің қаһармандары. Роналду командасын алға сүйреудің хас шебері. Ал Месси ұлттық құрамада өзін аса негізгі ойынымен көрсете білетін тұстары әр кездесуде орын ала бермейді.

Сонымен екі футболшы да «Алтын допқа» басты үміткерлер саналады. Португалдық футболшыға 7,00 коэффициент беруде. Мұнда да мән бар. Өйткені ФИФА президенті Йозеф Блаттермен арадағы кикілжің футболшының бұл атақтан бас тартуы мүмкін деген сыбысқа ұласқан болатын. Қаңтарда өтетін марапаттау рәсіміне қатыспауы да мүмкін. Сонымен қатар Роналдудың тәртібі көп футбол мамандарына ұнай бермейтіні тағы бар.

Ең бастысы – бүгін Роналду, Ибрагимович және Рибериді басты шешуші кездесулер күтіп тұр. Олардың алдында Әлем чемпионаты - сұрақ белгі ғана. Португалия алғашқы кездесуде Ибрагимович командасын жеңді. Егер бүгін өз алаңында Швеция тосын сый жасап, Златан бастаған жігіттер Әлем чемпионатына жолдама алып жатса, онда «Алтын допқа» талас мүлде басқа жағдайда өрбуі әбден мүмкін. Ал Риберидің де жағдайы мәз емес. Алғашқы кездесуде Украинадан жеңіліс тапты. Енді өз алаңында өзін көрсете білу ғана қалды. Сонымен бүгінгі шешуші кездесулерді көрейік. Кім мықты екен?...

Ал сіз қалай ойлайсыз?«Алтын допқа» кім лайықты?

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: newtorr.org, sport.nur.kz

Ө. Сансызбай