Бразилияға кім барады?

 Бразилияға кім барады?

Футболдан 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің қосымша іріктеу кездесулеріндегі алғашқы ойындар да мәресіне жетті. Соңғы мүмкіндік үшін командалар жан алысып, жан берісті десек болады.

Исландия 0 – 0 Хорватия


Бұл кездесудің фавориті «шақпақ жейделі» команда саналған. Дегенмен алаң иелері осал қарсылас емес. Алғашқы минуттардан-ақ қонақтар қақпасына қауіп төндіре бастады. Бірінші нөмірмен ойнауды жөн санаған Исландия құрамасы жанкүйерлер қолдауымен жігерлене түсті. Команда да бірнеше мүмкіндік болды. Алайда нәтижеге айналдыра алмады. 50 минутта алаң иелері сапынан Скулассонның қуылуынан кейін барып, хорваттардың шабуылы жиілей түсті. Алайда таблодағы есепке өзгеріс енгізе алмады. Есеп 0:0. Ойын тағыдырын қарымта кездесу шешеді.



Грекия 3 – 1 Румыния


Гректер Әлем чемпионатына берілер жолдамаға жақындай түсті. Өз алаңында румындарды 3:1 есебімен жеңген алаң иелері қарымта кездесуде сақ ойнауға дайындалады. Кездесуде нағыз бабында жүрген Митроглу дубль авторы атанса, Салпингидис бір допты еншісіне жазды. Ал Станчудың 20 минутта соққан жауап голы румындардың үмітін жалғап тұр.

Португалия 1 – 0 Швеция


Қос ұжым арасындағы кездесуде Криштиану Роналду бастаған жігіттер өз алаңында жеңіске жетеді деген пікірлер айтылған болатын. Бұл пікірді команда капитаны дәлелдеп берді. 82 минутта Мигел Белоузудың әуелете асырған пасын жата-жастанып барып баспен қақпа торында тулатты. Ал Златан мен оның командасы айрықша ойынымен көзге түспеді. Бірнеше мүмкіндіктері болғанымен қақпашы Руй Патрисиудан айлаларын асыра алмады. Шведтер енді өз жерінде аянып қалмасы анық.

Украина 2 – 0 Франция


Украина құрамасы өз алаңында керекті нәтижеге қол жеткізбесе, сырт алаңда оңай соқпасын сезініп шықты. Соңғы кездесулерінде жүйелі ойынымен көзге түсіп жүрген Михаил Фоменко шәкірттері бүгін де жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады. Футболшылары да шеберлігімен таныла білді. Ағылшындық «Арсенал» мен «Ливерпуль» мамандары тамашалаған кездесуден кейін көзге түсе білген украиналық бірнеше футболшының ағылшын премьер-лигасында өнер көрсетуіне де жол ашылғандай.

Франк Рибери бастаған жігіттер алаң иелеріне қауқар таныта алмады. Қарымта шабуылда сәтті ойнайтын украиналықтар өз кезегінде аянып қалмады. Енді Дидье Дешам баптайтын француздардың тағдыры өз алаңында шешіледі. Осыған дейін 2:0 есебімен алғашқы кездесуде жеңілген команда қарымта ойында қарсыласын сүріндіріп көрмеген екен. Бәлкім француздардың бұл қолынан келіп қалар?...

Сонымен қатар, бүгін Әлем чемпионатына іріктеуден өзге жолдастық кездесулер де өтті. Назарларыңызға оның да нәтижелерін ұсынамыз.

Англия 0 – 2 Чили

Фрэнк Лэмпардтың ұлттық құрама сапындағы 100-ші кездесуі жеңіліспен аяқталды. «Уэмбли» стадионында өткен кездесуде каталондық «Барселонаның» шабуылшысы Алексис Санчес дубль авторы атанды.

Италия 1 – 1 Германия

«Giuseppe Meazza» стадионында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды.

Дәл осындай есеп Ресей мен Сербия кездесуінде де тіркелді.

Шотландия мен АҚШ құрамалары арасында есеп ашылмады

Өзге кездесулер нәтижелері:

Түркия - Солтүстік Ирландия 1:0 

Дания - Норвегия 2:1 

Ирландия - Латвия 3:0

Польша - Словакия 0:2

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

О. Сансызбай