Қазақ футболының бүгінгі жай-күйі

Қазақ футболының бүгінгі жай-күйі

Ешқандай фильм мұнша дәл футболдағыдай көрермен тарта алмайды.

Сергей Эйзенштейн

Фубол. Жер жүзінде осынау спорт түріне қызықпайтын жан кемде-кем шығар. Ең көп жанкүйерлер қатары да аяқдоп өнерінің еншісінде. Төрткүл әлем көз тіккен футбол ойынының сиқыры адамзат баласын күн өткен сайын таңдандыруда. Өзге мемлекеттерде де осы спорт түріне көп көңіл бөлініп, оны дамыту жолдары жүзеге асырылып жатыр. Ал бізде ше? Бізде де мұндай үрдіс қолға алынғалы қашан? Әйтсе де, қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. Аяқдоп өнерін  өркендету үшін түрлі амалдар жасалды, жасалып та жатыр. Қазақстандағы футболдың жай-күйі әлем елдерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Испания, Германия, Италия, Бразилия, Англия, Португалия, Ресей сынды футболы қарқынды дамыған елдердің қасында қазақ футболы қашан қатар аталар екен? Көпшілікті өзбек ағайындылардың футболға деген құлшынысы, құштарлығы таңғалдырады. Футболдан Азия құрлығындағы ең үздік мемлекеттердің алдыңғы легінде. Журналист Амангелді Сейітханов ағамыз бір сөзінде: «Өзбектер Ташкент төрінде жүздеген жасанды алаң жасап тастапты. Жас жеткіншектер тегін тебеді допты. Содан кейін де Санжар Тұрсынов “Волгада”, Әділ Ахметов “Анжиде” ойнайды»,- деп Өзбекстан футболының биік деңгейге көтерілгенін жасырмады.

Тағы бір өзекті мәселе: ұлттық құрамадағы қазақтардың санын көбейту керек. Себебі, спорттың қандай түрінде болмасын жеңіске жету үшін ең алдымен, адам бойында ұлттық рух жоғары болуы тиіс, буырқанған намыс тыным бермеуі керек. Өкінішке қарай, Қазақстан ұлтық құрамасында өнер көрсететін ойыншылардың бойындағы басқа кемшіліктерін айтпағанда, әзірге осы қасиеттер кемшін түсіп жатқан сыңайлы. Шеттен келген келімсектерді емес, өз елінің мақтаулы футболшысына айналар жас қаракөз қазақтың балаларын құрамаға тарту керек. Бұл күндері шет елден келген спортшылар Қазақстан азаматтығын еш қиындықсыз алуда. Келімсектерді жинап алып ұлттық құрамадан орын береміз. Жағдайын жасаймыз. Осыдан кейін ұлттық намыс, рух қайдан болсын? Тасада қалған таланттарымыздың тамырына балта шауып, аяқтарына тұсау салғанымыз жарамас. Түйдекті мәселе өз шешімін тапса ұлттық құрамамыздың ойыны да түзелер. Ендігі кезек ауыл футболы жайында болмақ:

Алыптың бәрі ауылда болса да...

Ауыл футболы жайлы айтар болсақ, ең алдымен көз алдымызға келетін көрініс осы:

Ауыл көшесі. Көк-ала шаң. Топырақтың үстінде тоңқалаң асып доп артынан қуалап жүрген балалардың есіл-дерті әлгі дөңгелек бәлені өз ырқына бағындыру. Қақпа маңындағы қарбалас сәттерді көріп алаң шетінде «ауыл тентектері» отыр. Ойынға араласайын десе үлкендер айқайлай жөнеледі. Қақпа дегенің де анау айтқандай темір торлы қақпа емес. Үлкен тасты екі жаққа қойып алған. Шіркін, олар да көгілдір экраннан көріп жүрген салтанатты алып жасыл алаңда ойнауды аңсайтын шығар. Бірақ ондай ғажайып алаңдар қайдан болсын. Әр бала өзінің сүйікті ойыншысындай өнер көрсеткісі келіп әлек...

Ала допты жусатып өргізер шын шебердің маңдайы жарқын, мерейі үстем екенін саналы жанның бәрі мойындаған. Пеле, Марадона, Роналдо, Зидан, Роналдиньо сынды қаншама футбол таланттары жасыл алаңда жасындай жарқылдады. Жанкүйерлер жүрегінен орын алған жұлдызды ойыншылар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда Месси мен Роналду өз елдерінің ғана емес футболсүйер қауымның мақтаныштарына айналып үлгерді.

Сол танымал ойыншылардың көпшілігі қарапайым ғана ауылдан шыққаны баршаға мәлім. “Бізден қашан осындай футбол жұлдыздары шығар екен,” – деп қазақ жұртшылығы да асыға күтуде. Игі істердің бастауы боп отырған ауылды жерлерге барлық жағдай жасалса талантты жастарымыз әлі-ақ таңдай қақтырар. Ауыл спорты өркендемей ешқандай жетістікке жетпейтініміз анық. Қазақ футболының бүгінгі деңгейі, ауыл футболы жайлы көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздеп көргем. Соны сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн санадым.

- Қазақ футболының бүгінгі деңгейі жайлы не айтасыз?

Руслан Меделбек, спорт комментаторы, журналист:

- Қазақ футболы қазір баяу болса да дамып келеді. Құрама ойынында сәл өсу бар. Ішкі чемпионатта да бәсекелестік қарқын алуда. Тағы да қайталап айтамын, бірақ, даму өте баяу. Бұл түрімізбен біз 2050 жылы да әлем чемпионатына бара алмаспыз. Біздің футболға білікті бапкер шақыру керек дегендерге дәлел. Владимир Вайсс сияқты мықты маман келсе де Кайраттың ойыны оңала алар емес. Сондықтан біз нәтижені күтуіміз керек. Ол нәтиже қашан келері белгісіз. Жалпы, нәтиже ерте келсін десек ҚФФ құрылымын қайта жасақтаған жөн.

- Ауыл футболы неге назардан тыс қалуда?

Ауылда футбол дамыту деген қисынға келмейді. Онда инфрақұрылым жоқ. Ауылды жерлерде футболды мықты ойнайтын балаларды іріктеп, қаладағы футбол мектептеріне әкелу керек. Басқа жол жоқ. Ауыл футболына қанша көңіл бөлсек те олардың үлкен футболға келетіні санаулы ғана. Сондықтан ауылда жылына іріктеу жүргізіп тұру керек.

Қуанышхан Өмірхан, жанкүйер: 

- Шынын айтқанда, біздің ауылдар футбол ойынына заттық жақтан ғана емес, рухани жақтан да дайын емес. Бұлай дейтінім, ауылдарда футболға деген түсінік дұрыс қалыптаспаған. Көптеген ата-ана баласының өскенде футболшы болғанын емес, мемлекеттік қызметкер болғанын қалайды. Жұлқынып тұрған жұдырықтай жүрекке тосқауыл болып, ұлдарын ғаламдық ойынның "уымен" уландырғысы келмейді. Тіптен өкініштісі, бұл үрдіс тек ауылда ғана емес, қалалы жерлерде де сақталуда. Әйтпесе, қазақта футболға бейімі бар балалар жоқ емес. Тұтас бір ұлттың бір спорт түріне бейім, бір спорт түріне кейін болуы мүмкін емес. Біздің бокстың дамуының себебі: оны бүкіл қазақ қалайды. Боксты көреді, қолдайды және өздері айналысады. Ал футбол олай емес, бокс десе ішкен асын жерге қоятын спортсүйер қауым футболға келгенде ат тонын ала қашады. Әйгілі ақын Есенғали Раушанов бір сұхбатында Футбол ойынын "жындының әрекеті" дегенге саятын пікір айтқаны осының дәлелі. Ендеше, көптің көңілінен орын ала алмаған спорт түрін дамыту да мүмкін емес. Сол үшін, футболды өрге сүйрейміз десек, оған халықтың ықыласын ояту керек.

Бүкіл халықтың қызығуы артқан кезде ғана елімізде футболды қарқынды дамытуға болады. Мәселен, он адам футболға қызықса арасынан бір футболшы шығады деп есептесек, Мың адам футболға қызықса арасынан жүз ойыншы шықпай ма? Міне осылайша он жеті миллион халқымыз түгел теңбіл допқа теріс көзқараста болмаса, неге таңдаулы он бір адамнан тұратын ұлттық құраманы жасақтамасқа...

Сәкен Қайсарұлы, Футбол жаттықтырушысы:

- Қазақ футболының бүгінгі деңгейі жайлы не айтасыз ?

Біздің қазақ футболының деңгейі өте төмен. Оған көптеген себептер бар. Тәуелсіздік алғанымызға 21 жыл болды. Осы  уақыт аралығында ешқандай өсу болған жоқ. Сол баяғы бәз қалпымыздамыз. 100 елдің қатарына да іліге алмай келеміз. 2002 жылы УЕФА-ға өттік. “Баяғы жартас – сол жартас”.

Қазақ футболын дамыту үшін ең алдымен жасөспірім балалардың футболына көңіл бөліну керек. Онсыз біздің, қазақ футболының ешқандай да болашағы жоқ.

- Ұлттық құрама жайлы не айтасыз ?

Ұлттық құрамада қазақтар ойнауы тиіс. Ал біздің “ұлттық құрамамызда” өңкей орыстар, немістер ойнайды. Қазақтардың саны аз. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі бар қайсар қазақтың жігіттерін ойнатпасақ, біздің футболымызды кім өрге сүйрейді. Кім көрінгеннің күлкісіне айналмау үшін осы жағын ойлау керек. Жаңағы айтып өткен келімсектердің бәрі ақша үшін ғана ойнайды. Одан еш нәтиже шықпайды.

- Ауыл футболы неге назардан тыс қалуда ?

Қазақстанда футбол ойыны 1 орында емес екені баршаға белгілі. Бокс, ауыр атлетика, күрес секілді спорт түрлері бізде қарқынды дамыған. Футболға көп көңіл бөлінбейді. Ақша бар. Бірақ сол ақшалар бізге толық жетпейді...

Ал ауыл футболы жайлы айтар болсам, спорттағы чемпиондарымыздың бәрі ауылдан шыққан. Жақсылық Үшкемпіров, Әмин Тұяқов, Ермахан Ибрагимов, Бекзат Саттарханов сияқты ел мақтаныштары көп бізде. Сондықтан ауыл жастарын спортқа баулу келешекке деген игі бастама.  

* * *

Қазақ футболының өркендеп дамуы келешектің еншісінде. Жаратқан Ием жеңісті күндеріміздің жарқын сәттерін көруді нәсіп еткей. 100 жылдық мерейтой қарсаңында қазақ футболы жанкүйерлерінің арман-тілегі орындалып, қуанышты күндеріміз көп болсын. Қайсар қазақтың намысты ұлдары барда футболымыздың тұғыры еш аласармас. Ауылдың қаншама қара домалақ балалары тасада қалып жатыр. Міне осыларға назар аударып, қолдау көрсетсе еліміздің намысын байрақты бәсекелерде қорғап, Қазақстан атын әлемге асқақтата түсетініне кәміл сенемін. «Алыптың бәрі – ауылда». Сол жастардың талантын өсіретін де, өшіретін де өзіміз екенін ұмытпайық.

Жолдаған: Абылайхан Жұмаш

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: Аламан.кз; Art-Assorty.ru

Л. Лига