Cыры көп «Спартак»

Cыры көп «Спартак»

Жақында ғана «Астана-Арена» стадионында «Востокты» жеңіп, премьер-лигаға жолдама алған семейлік «Спартак» командасы жайлы не білеміз? Кезінде «Елім-ай» болып ел намысын қорғаған ұжымның бүгінгі «Спартак» болғандағы сыры да көп...

Келер маусымда премьер-лигаға оралған «Спартак» командасының аты өз тарихында 7 рет өзгертілген екен. Алғаш команда аты 1964 жылы «Цементник» болып құрылған. Сол жылы Қазақ ССР чемпионы атанған. Алайда 1971 жылы клуб аты  «Спартак» болып өзгертілген. Осы атпен 22 жыл жасыл алаңда өнер көрсеткен ұжым бір рет қана Қазақ ССР кубогын иеленген екен. 1993 жылы команданың аты «Елім-ай» болып ауыстырылып, 1994 және 1995 жылы ел чемпионы атағын жеңіп алған. 1996 жылы команда құрамында бразилиялық Антонио Роберто зе Мария мен шабуылшы Маркос Роберто Сампайо Пимента ойнаған. Олар ел премьер-лигасына алыс құрлықтан алғаш болып ат басын бұрған ала доп шеберлері. 1998 жылы «Елім-ай» үш дүркін ел чемпионы атанды. Араға бір жыл сала клуб «АЕS Елім-ай» деген атқа ие болды. 2001 жылы қайтадан «Елім-ай атауын қайтарған. Қазақстан чемпионатында 13 маусым өнер көрсеткен команда 2004 жылы Суперлигадан шығып қалған. 2004-2007 жылдары «Семей» атауымен алаңда өнер көрсеткен. 2008 жылы команда аты жетінші рет өзгеріске ұшырап, бұрынғы «Спартак» атауын қайта иемденген. Араға 9 жыл сала команда премьер-лигаға қайта оралып отыр. «Елім-ай» емес, «Спартак» болып...


Премьер-лигаға ресейлік команданың атауымен аттас болып оралған семейлік ұжымның біз білмейтін сыры да көп секілді. «Спартак» сайтына кіре қалсаңыз, ресейлік рок-музыкант Александр Маршалдың «Мой Спартак» деген композициясы ойнап шыға келеді. Ал тіпті домендік атау Ресейден алынған. www.spartak-kz.ru сайтының дизайны да көңіл көншітерлік деңгейде емес. Ол ол ма, команданың танымбелгісі (эмблема) мәскеулік «Спартактың» дәл көшірмесі. Мұны қалай түсінуге болады? Футболда «жеке басыңның қамы емес, кеудеңдегі танымбелгі (эмблема) үшін ойна» деген қағида бар емес пе?...Біз осыған дейін «Барселона» «Барселонаны» сотқа бермек деген ақпарат жариялаған болатынбыз. Онда каталондық «Барселона» мен эквадорлық «Барселона» арасындағы осы танымбелгі, команда атауы секілді басты белгілер салдарынан сот ісі қозғалатыны айтылған. Бір анығы Гуаякиль қаласының футбол ұжымы испандық команда құрметіне құрылғандығы. Ал «Спартак» ше? Заманында Мұхтар Әуезов «Ярыш» клубы қатарында доп теуіп, қазақ футболының болашағы бастау алған өлкеден шыққан «Спартак» ресейлік клубтың құрметіне құрылған ба деген ойға қаласың.

Семейлік команданың құрамында қазақ футболының талай жарқын жұлдыздары өнер көрсетті. Олардың қатарында Самат Смақов, Олег Литвиненко, Андрей Карпович, Андрей Богомолов, Сергей Бойченко, Денис Проскурин сынды футболшылар ойнаған. Клуб құрамында көбіне қырғыз елінің аяқ доп шеберлері де өнер көрсеткен.

Премьер-лигаға оралған «Спартак» алдында көптеген жауапты істер тұр. Кездесулерден бұрын, команданың танымбелгісін (эмблема) міндетті түрде өзгертуі тиіс. Сонымен қатар «Спартак» атауы мен сайттың өзгеруі де алдағы уақыттың еншісінде. Осындай сыры көп «Спартактың» премьер-лигаға оралуына сәт-сапар тілейміз.

 Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sportsarap.com, sports.ru, fanatik.kz

Ө. Сансызбай