Чемпиондар Лигасы. Арсеннің "Арсеналы"

Чемпиондар Лигасы. Арсеннің "Арсеналы"

Кешегі түні Дортмунд төрінде екі алыптың басы қосылды. Екі апта бұрын кеткен есені қайтару үшін лондондық "канонирлер" жергілікті "романтиктерге" аттанған болатын. 

Бұл ойынды көпшілік күні бұрын асыға күткен-ді. Азуын айға білеген "Арсенал" мен даңқ пен дақпырттың астында қалған дортмундық "Боруссия" алаң төріне ала доптың соңынан шықты. Сексен мың жанкүйердің сенімін арқалаған ойыншылар нағыз футбол спектаклін қоюы тиіс болатын. Бас орындаушылар Арсен мен Венгер өз дирижерлерін қызу дайындап келген-ді...

"Боруссия" неміс бундеслигасында екінші сатыда, "Арсенал" ағылшын біріншілігінде жеке дара топ бастап келеді. Лондондық "канонирлер" 11 ойын қатарында жеңілмей келе жатса, "Боруссия" Чемпиондар Лигасының соңғы жеті кездесуінде (өз алаңында өткен ойындарда) жеңіліп көрмеген.

Алпыстан асқан француз бапкері мен қырықтың қырқасындағы неміс маманы кәрі құрлықтың ең ірі додасында екі бірдей ойын тактикасын ұстанды. Клопп асықпай, адымдап жүріп-ақ, ойын тағдырын уақыттың орта тұсында шешемін деп ойласа, Арсен Венгер "аузы күйген үріп ішеді" демекші, қорғаушылардың сауаттылығы мен ауызбірлігіне арқа сүйеуді жөн көріпті.

Өткен жолы, естеріңізде болса, "канонирлер" өз алаңында 1:2 есебімен Клопптың тәлімгерлеріне есе жіберіп алған болатын. Арсеннің шәкірттері сол ойында жеңіске жетуге лайықты еді. Алайда, "бап шапса, бақ шаппайды" келіп, "романтиктер" ағылшындардан үш ұпайды алып кеткен... 

Футболшылар ойынға шықпай жатып-ақ аяқ суытып үлгерді. Қателік жібермеуге тырысқан жартылай қорғаушылар мен тас қамал қорғаушылар сақ қимылдауға көшті. Ойынның соңғы минуттары қызық болды демесеңіз, оған дейін көпшілікті жалықтырып жіберіп еді.

62-минутта Рэмзи соққан голдан соң қонақтар оянғандай болды. Толассыз шабуылды "Боруссия" жасағанмен, таблодағы есеп "канонирлердің" пайдасына шешіліп тұрды. Бір демге ілескен "Арсенал" ойыншылары санаулы минутта ішінде сан соққыларын жасап үлгерді. Ал сол уақытта Юрген Клопп алаңға Обамеянг пен Шиберді, және де Бендердің орнына Хофманнды шығарып үлгерді. Күні бұрын "кононирлерден" көп нәрсе күтпеймін деген бапкер көп жеңісінің біріне қол жеткізе алмады...

Автор: Фараби Арыстанбек

Сурет: eurosport.ru

Л. Лига