Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдында...

Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдында...

Бүгін Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің төртінші ойындарының алғашқы кездесулері өтеді. Назарларыңызға кездесу алдындағы болжамдарды ұсынамыз.

«А» тобы

«Шахтер» (Украина) – «Байер» (Германия)

"Шахтер" есесін қайтармақ...

Топтық кезеңнің үшінші ойындарында бір-бірімен кездескен командалар «Бай Аренада» 4:0 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталған еді. 2 апта бұрынғы кездесуде донецкілік команда бір доп та жауап қата алмаған-ды. Енді өз алаңында бағын сынап көрмек. Негізінен бұл топта екінші орынға тартыс осы екі ұжым арасында жүрері рас секілді. «МЮ» фаворит болса, «Реал Сосьедад» - аутсайдер. Бүгінгі кездесуде «Шахтер» бірінші нөмірмен ойнайтыны айқын. Леверкузендік команда қарымта шабуылда қырағылық танытпақ. Неміс ұжымын тең кездесу де қанағаттандырады. Мирча Луческу командасы сапынан Веллингтон Нем, «Байер» қатарынан Штефан Райнарц пен Костас Стафилидис кездесуге қатыса алмайды. Футбол мамандарының пікірінше, кездесу 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешіледі деген болжам жасауда.

«Реал Сосьедад» (Испания) – «Манчестер Юнайтед» (Англия)

Мойес алдында тағы бір сын тұр...

«Қызыл сойқандарға» бүгінгі Сан-Себастьянда болатын кездесуде 4 негізгі құрам ойыншылары көмектесе алмайды. Олар (Рафаэл, Дж. Эванс, Эвра, Клеверли) ағылшын премьер-лигасының соңғы турындағы «Фулхэммен» болған кездесуде жарақат алып қалды. Екі апта бұрын өткен кездесу алаң иелерінің 1:0 есебі жеңісімен аяқталған еді. Бүгін тағы да Дэвид Мойес шәкірттері өз кезегінде аянып қалмасы айқын. Алайда ұпай жоқ алаң иелері жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырысатын болады. Букмекерлік орталықтардың болжамынша, есеп 1:2 нәтижесімен қонақтар пайдасына шешіледі деп айтылуда.

«В» тобы

«Копенгаген» (Дания) - «Галатасарай» (Түркия)

"Галатасарайдың" төртінші нөмірлі қақпашысы негізгі құрамда шығады

Түркиялық команда сырт алаңда ойнаса да, бүгінгі кездесуде жеңіс үшін ұмтылары анық. Өйткені Роберто Мначини жаттықтыратын клуб қазіргі таңда 4 ұпаймен екінші орында келеді. Топтың аутсайдеры саналатын «Копенгагеннен» 3 ұпай еншілеу - «Галатасарайдың» келесі кезеңге өтуін жақындата түседі. Дегенмен дат ұжымы оңай шағылар жаңғақ емес. Оның үстіне түркиялық команданың Фернандо Муслера, Уэсли Снейдер, Хакан Балта, Хамит Алтынтоп және Гекхан Зан секілді футболшылары алаңға шыға алмайды. Қақпаны команданың төртінші нөмірлі қақпашысы Эрай Ишджан қорғайды. Букмекерлік орталықтар пікірінше, кездесуде 1:1 есебі тіркелуі мүмкін деген болжам жасауда.

«Ювентус» (Италия) – «Реал» (Испания)

"Ювентус" үшін аса маңызды кездесулер басталды...

Туриндік команданы аса ауыр кездесулер күтіп тұр. Осыған дейін үш ойыннан екі ғана ұпай жинаған Андреа Пирло бастаған жігіттер бүгін «Реалдан» тағы жеңіліс тауып жатса, жағдайлары мүшкіл болмақ. Сол үшін бүгін «Ювентус» өз жанкүйерлерінің алдында барын салары анық. Екі команданың да негізгі құрамда ойнайтын футболшылары кездесуге дайын. Дегенмен алпауыт ұжымдар арасындағы ойынға дөп басып айтар болжам жоқтай. Барлығын ойын көрсетпек. Ал букмекерлік орталықтар 2:1 есебімен «Ювентус» жеңісіне сенім артуда. Кездесуді Астана уақытымен сағат 03:35-те "КТК" арнасынан тамашалай аласыздар.

«D» тобы

«Манчестер Сити» (Англия) - «ЦСКА» (Ресей)

"ЦСКА"-ның соңғы үміті немесе Хартқа бас бапкер сенім артпады...

Мануэль Пеллегрини командасы күшіне мініп келеді. Соңғы турда «Норвичті» 7:0 есебімен «сабады». Ал «ЦСКА»-ның бүгін Чемпиондар Лигасының тобынан шығу, шықпау тағдыры шешілетін болады. Алаң иелерінің сапынан Венсан Компани және Стеван Йоветич кезедсуге қатыса алмайды. Сонымен қатар Англия құрамасының негізгі қақпашысы Джо Харт та негізгі құрамда алаңға шықпайды. Өйткені қақпашы соңғы ойындарда көптеген қателіктерге бой алдырумен болды. Енді негізгі құрамға Костел Пантилимон шығатын болады. Мамандар кездесу 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешіледі деген болжам жасауда. Кездесуді Астана уақытымен сағат 01:45-те "КТК" арнасынан тамашалай аласыздар.

«Виктория Пльзен» (Чехия) - «Бавария» (Германия)

Гвардиола топтан шығу мәселесін шешпек...

Бұл кездесуде Пеп Гвардиола командасы жеңіске жететініне ешкім шүбә келтірмесі анық. Егер «Виктория Пльзен» өз алаңында біз күтпеген нәтиже сыйлап жатпаса... Алаң иелерінің құрамы сақадай-сай. Ал мюнхендік командаға Бадштубер, Шакири, Алькантара және Писарро көмектесе алмайды.

«С» тобы

«ПСЖ» (Франция) – «Андерлехт» (Бельгия)

Златан, Кавани және Тьяго Силвасыз - ПСЖ...

Париждік команданың көшбасшылары Златан Ибрагимович, Тьяго Силва және Эдинсон Кавани жарақаттарына байланысты бүгінгі кездесуге қатыса алмайды. Швед футболшысы осы кездесуден кейінгі ойынға қатысу мүмкіндігі болса, қалған екеуінің қашан алаңға оралары белгісіз болып отыр. Дегенмен Лоран Блан командасы өз алаңында бельгиялық ұжымнан жеңіліс табуы екіталай. Ал қонақтарға «ПСЖ» көшбасшыларының алаңға шықпауы алғашқы ұпайын иеленуге берілген мүмкіндіктей. «Андерлехт» командасының қалай пайдаланарын алдағы ойын көрсетпек...

«Олимпиакос» (Грекия) – «Бенфика» (Португалия)

Екінші орын үшін талас...

Пирей қаласының командасы соңғы кездесулерінде жүйелі ойынымен көзге түсіп келеді. Бүгінгі кездесуде де фаворит саналуда. Қос ұжымда да 4 ұпайдан бар. Топтық кезеңнен екінші болып шығар жолдаманың бірін осы екі команда сарапқа салмақ десек болады. Футбол мамандары «Георгиос Караискакис» стадионында өтетін кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешіледі деп болжауда.

Барлық кездесулер Астана уақытымен сағат 01:45-те басталады.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footboltop.ru, vk.com

Ө. Сансызбай