Ақтық сын алдындағы айқас

Ақтық сын алдындағы айқас

Бүгін футболдан ел кубогының жартылай финалдық ойындарының қарымта кездесулері өтеді. Астана уақытымен 16:00 мен 17:00-де басталатын қос кездесу ақтық сынға жолдама алған екі команданы анықтап беретін болады.

«Ақтөбе» - «Тараз»


Таразда өткен алғашқы кездесуде есеп ашылмаған-ды. Қос команда да қорғаныста сәтті ойнап, бір-бірінің қақпа кілтін таба алмаған еді. Алайда бүгін екі команданы да аса маңызды кездесу күтіп тұр деп айтуға келмейтін де секілді. Өйткені 2 қарашада аяқталатын ел премьер-лигасының соңғы туры «Ақтөбе» мен «Тараз» командалары үшін аса маңызды. Владимир Никитенко шәкірттері «Ордабасымен» болатын кездесуде алтынның тағдырын шешсе, Арно Пайперс бастаған жігіттер премьер-лигадан шығып қалмау үшін, өз алаңында «Востокпен» болатын ойында барын салулары қажет. Сондықтан қос команда да бүгінгі кездесуге негізгі құрамдағы футболшыларын толық шығармайды. Дегенмен бұл кездесуде «Ақтөбе» фаворит екені айдан анық. Букмекерлік орталықтар «Ақтөбенің» жеңісіне – 1,3 коэффицент, тең ойынға – 5  коэффицент, ал «Тараз» командасының жеңісіне – 7,71 коэффицент беріп отыр. Астана уақытымен 16:00-де басталатын кездесуді «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.

«Ақтөбе» — «Тараз» 
Төрешілер: Виктор Антонов (Павлодар), Самат Тергеусізов, Құрбанжан Құрбанов (екеуі де — Алматы) 
Инспектор: Альберт Карымов (Павлодар) 

«Шахтер» - «Ертіс»


Қарағандылық команда бұл маусымда Еуропа Лигасында өнер көрсетіп, қазақ футболының тарихындағы алғашқы үлкен жетістікке қол жеткізді. Дегенмен «кеншілер» ұжымының премьер-лигадағы сүреңсіз ойындары команданы келер маусымда еурокубок жолындағы тартысқа алып шыға алмайтындай халде. Мұны бас бапкер Виктор Кумыков та мойындап отыр. Енді команданың жалғыз үміті – осы ел кубогы. Алғашқы кездесу Талғат Байсуфинов шәкірттерінің бір доп айырмасымен басым түсуімен аяқталды. Бүгінгі кездесуде екі ұжым да ақтық сын жолындағы тартыста аянып қалмасы анық. Дегенмен «кеншілер» командасы бұл кездесуде фаворит саналуда. Букмекерлік орталықтар «Шахтердың» жеңісіне – 1,09  коэффицент, тең ойынға – 9,5 коэффицент, ал «Ертіс» командасының жеңісіне – 13,1 коэффицент беріп отырАстана уақытымен 17:00-де басталатын кездесуді «Еларна» арнасынан тамашалай аласыздар.

«Шахтёр» — «Ертіс» 
Төрешілер: Сергей Гороховодацкий (Алматы), Евгений Бельский (Тараз), Елеш Құсайнов (Астана)
Инспектор: Владимир Мостовой (Алматы). 

Естеріңізге сала кететін болсақ, 2012/2013 маусымда "Астана" командасы "Ертісті" 2:0 есебімен тізе бүктіріп, ҚР Кубогын иеленген болатын.

 

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Қ. Бүйенбай