Елден кетуге мәжбүр болған жаттықтырушы қайта оралды

Елден кетуге мәжбүр болған жаттықтырушы қайта оралды

"Бәйтерек" футбол командасының жаттықтырушысы Тиаго Козлоскидің елден кетіп қалғандығы бұған дейін хабарланған болатын. Таратылған ақпаратта жаттықтырушы елден депортацияланған делінген еді. Астаналық спорт клубының директоры Мақсұт Ибраев Козлоскидің қайта оралып, өз жұмысына кіріскендігін айтты.

Директордың айтуынша, жаттықтырушының елден қуылғандығы туралы ақпарат қате, шындығында Козлоски жай ғана жаңа виза алу үшін ел шекарасынан кетуге мәжбүр болған. 11 наурызда құрылған келісім-шарт өз күшінде қалып, Тиагоның Қазақстандағы жұмысы 2012 жылдың 30 қарашасына дейін жалғасатын болады, - деді өкіл.

"Бәйтеректің" директоры, сонымен қатар, спортшылардың хал-ахуалы туралы айтып өтті. Оның айтуынша, футболшылардың алдына жаңа маусымда қандай да бір мақсат қойылған жоқ. Чемпионаттың алғашқы айналымын тәмәмдаған соң, астаналық клуб мақсаттарды айқындамақ.

Айта кетелік, Козлоскидің елден депортацияланғандығы туралы ақпаратты өзі бұрын қызмет атқарған "Астана-1964" клубының баспсөз қызметі хабарлаған болатын. Естеріңізде болса, бразилиялық жаттықтырушы бұл клубтан басшылықпен арадағы туған түсініспеушіліктердің әсерінен кетіп қалған болатын. 

сурет: fanatik.kz