Василий Левит жартылай финалға шықты

Василий Левит жартылай финалға шықты

Олимпиадалық квалификациялық турнирдің қызықтарын жалғастырамыз. Кеше оқырмандарға Данияр Елеусіновтың өткізген текетіресі туралы әңгімелеп беріп едік. Сол әңгімемізде кешкісін тағы бір жерлесіміз Васлилий Левиттің шайқасы болатындығынан хабар берген болатынбыз. Көптен күткен шайқас өтіп, отандасымыз жартылай финалға жолдама алғандығын сүйіншілеп айтқымыз келіп отыр. 

Василий 91 кг салмаққа дейінгі категорияда тәжікстандық Диловаршо Абдурахмоновпен қолғап түйістіретіндігін айтық. Қоңыраудың дыбысы естілген сәттен бастап, екі жақ та екпінді шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Жерлесіміз Василий дәлме-дәл соққылардан гөрі сериямен соққы бағыттауды ұнататындығын көрсетіп, соққыларды екеуден, үшеуден бағыттап отырды. Сырттай қараған адамға қазақстандықтың шеберлігі анық байқалып тұрды. Алғашқы раундтың ортасына қарай, қонақ боксшының жылдамдығы күрт төмендеп, алғашқы екпінін жоғалтып алды. Сірә, қазақстандықтың жойқын соққыларына қарсы тұра алмастығын сезінген болуы керек. Сөйтіп, алғашқы раунд 3:1 есебімен аяқталды. 

Екінші раундта жерлесіміз өзін сенімдірек сезініп, шабуылдарын үдете түсті. Бүкіл раунд бойы қонақ спортшыны соққының астына алып, бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Есеп 8:2

Үшінші раундта Василий еппен шабуылын тура екі есе арттырып, екпінін үдете түсті. Қарсы жақ барынша соққыларды құлыптап, жақындап келіп, байлануға әрекет жасаса да, онысынан нәтиже шыққан жоқ. Сонысы үшін төрешіден ескерту де алып үлгерді. Үшінші раундтың есебі 18:2.

Отандасымыз жартылай финалда сириялық боксшы Мухаммед Госсоунға қарсы тұратын болады. Мухаммед соңғы Азия ойындары мен Азия чемпионатының чемпионы атанғандығын айтып өтелік. Не де болса, алда жойқын текетірес күтіп тұр.

Жерлесімізге сәттілік тілеп қоялық!

сурет: alaman.kz