Бельгия құрамасының бүгінгі буыны

Бельгия құрамасының бүгінгі буыны

Әр ұлттық құраманың тасы өрге домалайтын өз кезеңі келіп, өз дәуірі орнап тұрады. 90 жылдары Зизулардың уақыты келіп, француздар футбол тарихында өз соқпақтарын қалдыруға тырысса, одан беріректе бразилиялықтардың аты аспандаған тұсы, оңтүстік америкалықтардың бастарына бөрік сыймаған күн туып еді. Беріректе испан ұлтының шырағы жанып (бір сөзбен айтқанда, жолы болып), футбол жанкүйерлері испан футболының даңқ пен дақпыртын алысқа шырқатып кете барды.

Қазіргі таңда Хави бастаған, Иньеста қостаған ойыншылар өз есімдерін тарих жадында мәңгіге алтын әріппен жазып қалдыруда. Аз жылда Бельгия ұлттық құрамасының да дәуірі орнап, аз жылда Азар мен Маруан бастаған жігіттердің ғасыры туардай. 

Бельгиялықтар сапынан түбі "ақсүйектерге" қайта оралатын 21 жастағы қақпашыны ерекше айта кеткіміз келіп отыр – Тибо Куртуа. Жас қақпашының шеберлігі мен білігі бүгінде талайлардың талғамынан шығуда. Жастығына қарамастан, талай жүлденің ауылына барып жүрген бағана күзетшісі (бір маусымда Бельгияның ішкі біріншілігінің ең үздік қақпашысы атанса, ал осы жылы испан чемпионатының ең үздік қақпашысына табыстайтын Самораның жүлдесін жеңіп алып отыр) алдағы уақытта күллі Бельгия ұлтының мақтанышына айналмақ.

Тибо Куртуа ең алғаш футбол табалдырығын аттағанда, жасы сегізде болатын. Алғашында қорғаушылық өнерін ортаға салып көрген ол кейіндеу қақпа күзетіне тұра бастайды. Содан бастап, әлемдік аренаға шығу үшін оны талай тағдыр сынағы алда күтіп тұрды. Ел біріншілігінің кейбір маусымында бірде-бір рет алаңға шықпаған кездері болыпты. Бірақ қатал тарих көрсеткендей, қай жолғыдай көптен күткен бақ та келіп орнайды екен. Бір жолы "Генк" сапындағы қақпашылардың бірі ойыннан шеттетіліп жатса, ал енді бірі жарақатына байланысты қатыса алмайтын жағдай орнайды. Ақырында, жас Куртуаға біріншілікте өнер көрсету мүмкіндігі туады...

2011 жылы лондондық "Челси" мен "Генк" арасында келіссөз жүріп, "ақсүйектер" қақпашыны бес миллионға сатып алды. Сосын ұзақ уақытқа испандық "Атлетикоға" жалға берілді. 

Куртуа, Миньоле, Вертонген, Компани, Ван Бюйтен, Миральяс, Бентеке, Витсель, де Брюйне, Янузай, Азар, Лукаку – әрқайсысы өскелең жұлдыздар, әсіресе, Азар мен Лукаку - егер өз мүмкіндіктерінің үдесінен табылып жатар болса, "Алтын допқа" талас қылар бірден-бір ойыншылар.

Азар бүгінде Абрамович командасының тізгін ұстар, көшбасшы ойыншыларының біріне айналып келеді. Матаны жоқтатпай жүрген (қосалқы құрамда қалып келеді) жартылай қорғаушы әр ойында командасы үшін қажетті ұпайды алып беруге тырысуда. Алайда, Еуропа алаңында мұның өзі аздық ететін кездер болып тұрады. Қалталы ағылшындар ойыншыларды сатып жіберіп немесе ауыстырып жатуда бастарын қатырып көрген емес. 

Феллайниге келер болсақ, "қызыл сойқан" жанкүйерлері оны себепсіз жек көретіндей әсер қалдырады. Дей тұра, бұл ойыншы әлі өз артықшылығын толық бағамдап үлгерген жоқ және жақсы өнер көрсетуі үшін бірнеше маусым қажет. Маруан аянып қалатын ойыншылардың қатарынан емес, бірақ, аяғын алшаң басып, түбегейлі тік тұрып кеткені қажет. 

Ван Бюйтен мен Компани, Ломбертс пен Вермалиндер ұлттық құраманың нағыз өрендері саналады. Ерте кезден бельгиялықтар қорғаныспен аты шыққан ұжым. Ал сол ұжымдық өнер көрсетуде аталған жандардың аттары бірінші аталады. 

"Вест Бромвич" сапына жалға берілген Ромелу Лукаку бір-екі маусымда өз-өзіне келіп, толысып пісетін болады. Жозенің ойында жүрген жорықты күндерде ("Челсимен" Чемпиондар Лигасын жеңіп алғысы келеді) бельгиялық жас таланттың шеберлігі сынға түсіп қана қоймай, артқан үмітті толығымен ақтауға тура келеді. Әзірге өзге команда сапында тәжірибе жинап, тәлім алуы дұрыс сыңайлы. 

Тоқсаныншы жылдардың тумасы Бентеке "Астон" "Вилла" ғана емес, ағылшын біріншілігіндегі ең бір азулы шабуылшы саналады. Айтары жоқ, ұлттық құраманы да өрге сүйреп жүрген жігіт Марк бапкердің басты үмітіне айналып отыр.  

Жас пері Юнузайға да соңғы турдан кейін ағылшын алпауыттары ғана емес, "Барселона", "Реал" да көз тіге бастады. Мұны басқа орнаған бақ дерміз, бірақ, Мойес бапкер оған шешім шығаруда жақсырақ ойлану керектігін айтқан болатын. Талантты бола тұра, талапсыздықтың кебін киіп, жұлдыз ауруына шалдыққан ойыншылар аз емес. Уақыт төрешіден сүрінбей өту - әрбір футболшының маңдайына жазыла бермеген бақ.

Саясаттан қайта оралған 44 жастағы маманның таланттар шоғырымен жұмыс жасауда толассыз жетістіктерге жетуіне болады. Ел-жұртына танымал Марк Вильмотс бапкерлік қырынан жақсы танылып жүрген жан. Ойыншыларды жақсы танитыны өз алдына, түгесілмес төзімі мен табанды қайсарлығы көпшілік арасында әңгіме болып таралған. 

Бельгия ұлттық құрамасына кәрі құрлықта топ жару үшін әлі де бірнеше жылдың жүзі кетеді: ойынды пысықтау үшін және жас ойыншылардың өсуі үшін. ФИФА-ның рейтингісінде 6-орында тұрған құрамға алда алар асу көп.

Бельгия ұлттық құрамасының толық құрамы төмендегідей: қақпашылар - Кастелс ("Хоффенхайм", Германия), Куртуа ("Атлетико", Испания), Миньоле ("Ливерпуль", Англия); қорғаушылар - Алдервейрелд ("Аякс", Голландия), Симан, ван Дамм (екеуі де – "Стандард"), Жилле ("Андерлехт"), Ломбертс ("ЗЕНИТ", Ресей), Поконьоли ("Ганновер", Германия), ван Бюйтен ("Бавария", Германия), Ян Вертонген ("Тоттенхэм", Англия); жартылай қорғаушылар - Шадли, Дембеле (екеуі – "Тоттенхэм", Англия), Дефур ("Порту", Португалия), Феллаини ("Эвертон", Англия), Симонс ("Брюгге"), Витсель ("ЗЕНИТ", Ресей), де Брюин, Э. Азар (екеуі – "Челси", Англия); шабуылшылар - Баккали (ПСВ, Голландия), Бентеке ("Астон Вилла", Англия), Лукаку ("Челси", Англия), Мертенс ("Наполи", Италия), Миральяс ("Эвертон", Англия).

Автор: Фараби Арыстанбек

сурет: youtube.com; sport-xl.net; rsport.ruarmchelsea.com 

Л. Лига