Түркменстан президенті автожарыста бірінші орынды иеленді

Түркменстан президенті автожарыста бірінші орынды иеленді

Түркменстан президенті Құрбаноғлы Бердімұхамедов  кеше, яғни, 7 сәуірде Ашхабадта өткен автожарыста бірінші болып мәре сызығын кесті. Бұл туралы BBC NEWS агенттігі хабарлап отыр.

Автожарысқа ел президенті қатысады деп алдын ала жоспарланған жоқ. Дегенмен ел лидері ойда-жоқта осындай шешім қабылдап, ұйымдастырушыларға өтініш тастапты. Әлбетте, елбасының өтінішін қабылдамауға ешкімнің батылы жете қоймады. Сонымен не керек, президент жеңіске жеткенімен қоймай, айналым рекордын орнатыпты.

Журналистердің айтуы бойынша, ел басшысы стадионға көк түсті Bugatti автомобилімен келіп, жарысқа түркиялық Volkicar-ды ерттеп мініпті. Енді бұл автомобиль Түркменстаннның ұлттық спорт мұражайында сақталатын болады. 

Айта кетелік, Құрбаноғлы Бердімұхамедов ел басына Сапармұрат Ниязовтың өлімінен кейін 2007 жылы 89 пайыз дауыс жинап келген еді.

сурет: therepublic.com