"Барселона" жаңа бапкермен

"Барселона" жаңа бапкермен

"Барселона" бәз баяғыдай ойнаймайды, ойын мәнері өзгеріп бара жатыр" деп айтатындар табылар. Шындығы сол, әрине, Херардо Мартино бапкерлікке келгелі бері каталондықтарда біраз нәрсе өзгерді. Ең алдымен, ойынға жан кіріп, ширақтық арта бастады. Ең алдымен, Мессиге деген тәуелділік ізін суытып келеді. Ең алдымен, "Барса" баяғыдай жалықтыратын футболды көрсеткісі келмейді. Ең алдымен...

Аргентиналық маман Парагвай құрамасының тізгінін ұстаған тұста тәлімгерлеріне қарымта шабуылды ылдым-жылдым ойын мәнерін үйреткен болатын. Ол турасында Әлем чемпионатына көз жүгіртіп, көре аласыз. Аталған құрама өз тобында бірінші орын алып, "күн шығыс елі" мен Испания құрамасына қарсы шығып еді...

Тата Мартино өзінің оңтүстік америкалық киім үлгісімен ерекшеленеді. Әрқашан ойлы көзбен қарап, ойлана жүретін бапкердің ішкі қалтарыстары көп. Шабуылы пысық елден келген елу жастағы маманға сол үшін де иек артты. Демек, каталондық басшылықтың бір есебі болды деген сөз. 

Испан біріншілігінде санаулы турлар өтсе де, "Барселона" бұрын-соңды соқпаған гол санымен оза шауып отыр. Мұның өзі, бір өзгерістің барын аңғартар. Соңғы турларда тамашалағыныңыздай, "блауграна" орталық бөліктен қысып ұстап, қорғаушылардың қателіктерін пайдаланып қалуға асықты. Нәтижесінде көпшілік гол да сол қателіктер мен олқылықтардың есебінен соғылды.

Херердо Мартино ашық түрде бүкіл ойынды Иньестаның төңірегінде жүргізетінін мәлімдеді. Бұл дегеніміз, команданың көшбасшы ойыншыларының бірі тізгінді өз қолына алады деген сөз. Өткен турда каталондықтар төрт гол соғып, Месси есеп аша алмай қайтып еді. Мұндайды соңғы рет қашан көріп едіңіз...

Тағы төрт-бес турдан соң Неймардың да жарқылдар сәті туады. Бразилиядан келген жас өренде қабілет жетерлік, талант мол, тек үйренуісу ғана қалды. Бес дүркін әлем чемпиондарының ойынын жүргізіп, жастығына қарамастан алдыңғы саптан көрініп жүрген жігітіміз Еуропада бұқпайлап қалмақ емес...

Вальдестің де күн санап жаңа тынысы ашылып, шабыттанып келе жатқандай әсер қалдырады. Екі ойында қатарынан 11 метрлік айып добын қайтарған қақпашы өзінің тегін жан емесін дәлелдегісі келгендей. "Қақпашы - бір команда" ұстамын есепке ала отырсақ, онда осы бір жыл ішінде Вальдес көпшілік сенімді ақтары анық.

Санчес пен Педро да бабында. Қалай дегенмен, "Барселона" биыл топ жарып жатса, таңғалмаймыз...

Автор: Фараби Арыстанбек

Сурет: forum.in-goal.com

Л. Лига