Чемпиондар Лигасы. Месси де хет-трик жасады

Чемпиондар Лигасы. Месси де хет-трик жасады

Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің алғашқы кездесулері де аяқталды. Назарларыңызға екінші күні алаңға шыққан командалардың нәтижесін ұсынып отырмыз.

  «G» тобы


«Аустрия В» (Австрия) 0 – 1 «Порту» (Португалия) 

Қос команда арасындағы кездесудің алғашқы таймында есеп ашылмады. Кездесудің тағдырын 55 минутта Лучо Гонсалестің соққан голы шешті. 

 «Атлетико Мадрид» (Испания) 3 – 1 «Зенит» (Ресей)

Ресейлік ұжым алғашқы жарты сағатта алаң иелерінен көп допқа иелік етті. Аса қауіпті шабуылдар ұйымдастырмаса да, қорғаныста сыр бермеді. Алайда 40 минутта Лучано Спалетти командасының қорғанысы сетінеді. Бұрыштамадан Кокеның асырған добын Миранда қақпада тулатты. 56 минутта Александр Кержаковтың баспен бағыттаған соққысын жас қақпашы Куртуа қақпаға дарытпады. Алайда 58 минутта бразилиялық футболшы Халк таразы басын теңестірді. 62 минутта Александр Кержаковтың бағыттаған соққысы қақпа бағанынан қайтты. Араға 2 минут сала «Зенит» қақпасының алдындағы қарбаласқан сәттерде Арда Туран мадридтік команданы алға шығарды. 80 минутта «Атлетико М» Лучано Спалетти командасының қақпасында үшінші допты тулатты. Бұл жолы Лео Баптиста көзге түсті.


"G" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.     Атлетико М 1 1 0 0 3:1 3
2.     Порту 1 1 0 0 1:0 3
3.     Аустрия В 1 0 0 1 0:1 0
4.     Зенит 1 0 0 1 1:3 0

«Н» тобы

«Милан» (Италия) 2 – 0 «Селтик» (Шотландия)

"Сан-Сиро" стадионында өткен кездесуде алаң иелері қарсыластарынан 2:0 есебімен басым түсті. "Милан" екі голды да соңғы 10 минутта соқты. 82 минутта Эмилио Исагирреның аяғына тиіп серпілген доп өз командасы қақпасының төрінен табылды. Араға 4 минут сала ганалық футболшы Суллей Мунтари есепті еселей түсті. 

«Барселона» (Испания) 4 – 0 «Аякс» (Нидерланды)


Каталондық команда соңғы 11 кездесуінде жеңіліске ұшыраған жоқ. Бүгінде сол жеңісті жолын жалғайтынын алғашқы минуттардан-ақ сездірді. Месси мен Неймардың бірнеше рет бағыттаған соққысы қақпашы қолынан табылды. 22 минутта Лионель Месси айып добын шиіре теуіп, кездесудегі есепті ашты. Аргентиналық шабуылшы бұл голымен шектеліп қалмай кездесудің 55 және 75-ші минуттарында тағы да нәтижелі соққыларымен көзге түсіп, "Камп Ноуды" шаттыққа бөледі. Сонымен қатар бұл кездесуде бразилиялық жас футболшы Неймар ерекше ойынымен көзге түсті. 69 минутта айып алаңына асырған Неймардың пасын Жерар Пике оңтайлы пайдаланып каталондық команданың үлкен есеп айырмасымен жеңіске жетуіне жол ашты. 77 минутта "Аякстың" есепті қысқартуына 100 пайыздық мүмкіндік болған. Алайда Колбейнн Сигторссон 11 метрлік айып добын сәтті орындай алмады. Виктор Вальдес өз шеберлігін танытып, допты қақпасына дарытпады. Ал Месси Чемпиондар Лигасының үздік сұрмергендерінің екінші сатысына көтерілді. Әлемнің үздік футболшысы бүгін байрақты бәсекедегі соққан голдарының санын 62-ге жеткізді. Әзірге бірінші орында испандық футболшы Рауль келеді. Ол қарсылас қақпасын 71 рет көздеген екен.

"H" тобы Ойын  Жеңіс Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.     Барселона 1 1 0 0 4:0 3
2.     Милан 1 1 0 0 2:0 3
3.     Селтик 1 0 0 1 0:2 0
4.     Аякс 1 0 0 1 0:4 0

«Е» тобы

«Шальке-04» (Германия) 3 – 0 «Стяуа» (Румыния)

Румыниялық командаға қарсы кездесуде немістер шабуылды басты назарда ұстап ойнады. Дегенмен алғашқы таймда есеп ашылмады. Алаң иелері тек 67 минутта барып алға шықты. Учидо есеп ашқаннан кейін, гельхенкирхендік команда көсіліп өнер көрсете бастады. 78 минутта "Милан" сапынан ауысып келген Кевин-Принс Боатенг таблодағы көрсеткішті еселей түсті. 85 минутта Юлиан Дракслер кездесудегі үшінші голды соғып, ойынның нүктесін қойды.

«Челси» (Англия) 1 – 2 «Базель» (Швейцария)

Жозе Моуринью соңғы  екі кездесуінде қатарынан жеңіліп отыр. Алғашқы тайм аяқталар тұста "ақсүйектер" есеп ашты. Алайда екінші таймда швейцариялық команда мінез танытып, екі бірдей допты Петр Чех қақпасында тулатып, Лондоннан 3 ұпайды еншілеп қайтты. Кездесу соңынан бас бапкер Жозе Моуринью: "Жеңілмейтін команда болмайды. Бірде жеңіп, бірде жеңілесің. Өмір бойы жеңе бермейсің" деп мәлімдеді. Ал ағылшын құрамасының ардагер футболшысы Гари Линекер twitter-дегі парақшасында "Стэмфорд Бриджде" не болып жатыр?! "Челси" "Базельден" жеңілуде. Рафаэль Бенитес қайта келсін" деп жазды. 

"E" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай
1.     Шальке-04 1 1 0 0 3:0 3
2.     Базель 1 1 0 0 2:1 3
3.     Челси 1 0 0 1 1:2 0
4.     Стяуа 1 0 0 1 0:3 0

«F» тобы

«Марсель» (Франция) 1 – 2 «Арсенал» (Англия)

"Канонирлер" сырт алаңда "Марсельды" тізе бүктірді. кездесуде Арсен Венгер командасының сапынан Тео Уолкотт пен Арон Рэмзи көзге түсті. Ал  қосымша уақытта ағылшындық команда қақпасына пенальти белгіленіп, алаң иелерінің қатарынан Джордан Айю мүлт кетпеді. 

«Наполи» (Италия) 2 – 1 «Боруссия Д» (Германия)

Алғашқы таймда доп ұстау басымдығын немістер қолға алды. Бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. 25 минутта Роберт Левандовски Рейнадан айласын асыра алмады. Есесіне 30 минутта Гонсало Игуаин баспен соққы бағыттап, кездесудегі есепті ашты. 45 минутта дортмундтық команданың қақпашысы Вайденфеллер айып алаңының сыртында допты қолмен қайтарып, алаңнан қуылды. 67 минутта Лоренцо Инсине айып добын асқан шеберлікпен орындап, есепті 2:0-ге жеткізді. Рафаэль Бенитес шәкірттерінің кездесу соңына дейін есепті еселеуге бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ неапольдік команда өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. 87 минутта алаң иелерінің қорғаушысы Хуан Зунига допты ыңғайсыз қайтарып, өз қақпасына гол соғып алды. Немістер соңғы минутта есепті барынша теңестіруге тырысып бақты.

 

"F" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.     Арсенал 1 1 0 0 2:1 3
2.     Наполи 1 1 0 0 2:1 3
3.     Боруссия Д 1 0 0 1 1:2 0
4.     Марсель 1 0 0 1 1:2 0

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru, footbolltop.ru

Ө. Сансызбай