Реал Мадрид - Апоэл Никосия (5:2). (ВИДЕО)

Реал Мадрид - Апоэл Никосия (5:2). (ВИДЕО)

Бүгін түнде Чемпиондар Лигасының 2 ширек финалдық ойынының өткендігі белгілі. Бұл жауаптық матчарда жартылай финалға шығатын командалар анықталып, тағдыры шешілді. Олай болса, бүгін сол екі ойынның барысын қысқаша назарларыңыздан өткізуді жөн санап отырмыз. 

Реал - Апоел (5:2)

Бұл ойынның нәтижесінің жалпы жағдайы көпшілікке белгілі болған. Реалдың жеңісіне ешкім күмән келтірмесе де, Апоэлдың ерлігіне құрметпен қарады. Неге десеңіздер, кішкене ғана Кипр елінен азулы арыстандар арасынан сытылып ширек финалға өтетін команданың пайда болуы біршама жанды таңырқатқан еді. 

Сонымен не керек, ойын бастала салысымен-ақ "реалдықтар" бірден тізгінді өз қолына алып, біршама қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде 26-минутта Криштиану Роналду ойынның шымылдығын ашып, алғашқы голдың иесі атанды. Тура 11 минут өткен соң Кака айып алаңынан тыс аймақтан қақпаға соққы бағыттап, командаластарының қанжығасын майлады. 

Екінші таймда Жозе Моуринью реалдықтардың құрамын жаңартып, алаңға екінші эшелондағы үш ойыншыны шығарды: Хосе Марию Кальехон, Анхель Ди Мария және Раул Альбиоль. Бұдан кейін кипрліктер біраз тіріліп, қарымта шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Соның нәтижесінде 67-минутта Густаво Мандукидің бағы жанып, қақпаға допты тоғытты (2:1). 

Дегенмен  Жозе Моуринью шәкірттері басымдылықтарын көрсете түсіп, матчтың 75-минутында  Криштиану Роналду ойындағы өзінің екінші голын соқса, 5 минут өткесін Хосе Мария Кальехон есепті 4:1 етті. Біршама уақыт өтер-өтпестен кипрлік клубтың ойыншысы Эстебан Солари пенальтиден командаластарының ұпайын бір голға арттырды. Ойынның нүктесін реалдық Анхель Ди Мария қойды. Қақпашыдан допты асыра теуіп, голымен жанкүйерлерін тағы бір қуантты. 

Осылайша Реал Апоэлды 8:2 жалпы есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Естеріңізде болса, 27 наурыздағы кездесуде ойын 0:3 есебімен "корольдік клубтың" пайдасына шешілген еді. Жартылай финалдың алғашқы ойыны Мюнхенде өтсе (17 cәуір), жауаптық матч Мадридте (25 cәуір) өтеді деп жоспарланып отыр. Реал мюнхендік Бавариямен күш сынасатын болады.

Голдар: Роналду, 26 – 1:0, Кака, 37 – 2:0, Мандука, 67 – 2:1, Роналду, 75 – 3:1, Кальехон, 80 – 4:1, Солари, 82 – 4:2 (пенальтиден), Ди Мария, 84 – 5:2

"Реал": Касильяс, Рамос, Пепе, Варан, Марсело (Кальехон, 46), Алтынтоп, Шахин, Гранеро (Альбиоль, 65), Кака, Роналду, Игуаин (Ди Мария, 55)

АПОЭЛ: Пардо, Пурсаитидис, Паулу Жорж, Кака, Боавентура, Пинту (Сациас, 78), Мораиш, Хараламбидес, Мандука (Адорно, 68), Марсиньо, Аилтон (Солари, 70)

Ескерту: Пурсаитидис, 75

Челси мен Бенфика арасында өткен екінші фирек финалдық ойын туралы мына жерден оқи аласыздар.

сурет: itar-tass.com