«Барса» мен «Реалды» не күтіп тұр?

«Барса» мен «Реалды» не күтіп тұр?

«Испания чемпионатында әлемнің екі үздік футболшысы және 18 бақытсыз команда ойнайды» - деген қағидаға айналған тұжырым бұл маусымда жалғасын табады ма? Неймар үздіктердің қатарына қосылады ма? Сонымен6 Ла Лиганы не күтіп тұр..?


Кім чемпион болуы мүмкін?

2004/2005 жылғы маусымнан бері «Барселона» мен «Реал» алдыңғы екі орынды бермей келе жатқаны белгілі. Арадағы тоғыз бірдей чемпионатта каталондық ұжым 6 рет чемпиондық тұғырдан көрінсе, мадридтік ұжым 3 рет қана жеңіс шыңын бағындырған екен. Испанияның 83-ші рет байрағын желбіреткелі жатқан маусымда да қос ұжым тек чемпиондыққа таласары сөзсіз. Испания алпауыттарының маусым алдында бас бапкерлері ауысуы да командалардың ойын тактикасына өзгерту енетініне жол ашқандай. Жозе Моуриньюді ауыстырған Карло Анчелотти жолдастық кездесулерде жеңіске жетіп келеді. Еуропадағы бірнеше азулы қарсыластарын жеңді. Ағылшындық «Тоттенхэмнен» Гарет Бэйлды команда сапына қанша қосуға тырысқанымен, сәті түспегендей. Әлде футболшыны қымбатсынды, әйтеуір өз ойларынан айныды.

Ал 2012/2013 маусымдағы ағылшын премьер-лигасының үздік футболшысы Бэйлдың «корольдік клуб» сапында киетін жейдесі сауданың көрігін қыздырып та үлгерген болатын. Ал «Барселона» ше? Өз денсаулығына байланысты Тито Виланова команда тізгінін босатты. Оның орнына Еуропаға жұмбақ күйде Херардо Мартино келді. Көптеген мамандардың айтуынша, бұл бапкер «Барсаның» ойындағы тактика философиясын сақтайды деп отыр. Мұның қаншалықты рас немесе жалған боларын алдағы чемпионат дәлелдемек... Ал Неймардың каталондық команданың жейдесін киюі трансферлік маусымдағы басты жаңалық болды десек те болады. Алайда бразилиялық шабуылшы Месси мен Роналдудың көлеңкесінде қалмауы үшін не істеу керек екенін өзі де сезетіндей. Соңғы кезде баспасөз беттерінде Неймардың денсаулығы жайлы талай ақпараттар жарияланып жүр. Оңтүстік Америка құрлығының шаңын қаптырған шабуылшының Испания чемпионатындағы аяқ алысына куә болар күн де алыс емес. Сонымен кім чемпион болуы мүмкін?... Бұл маусымның басты сұрағы!

Жақында ғана немістің Transfermarkt.de. сайты «Реал» мен «Барселона» командаларының құрамындағы футболшылардың құнын жариялады. Каталондық ұжым құрамының құны «Реалдан» жоғары екені анықталып отыр.

  

Бұл маусымда қандай командалар үздік өнер көрсетуі мүмкін?


«Атлетик». 2012/2013 жылғы маусымды 12-ші орынмен аяқтаған командаға да бас бапкер келді. Команда тізгінін қолына алған білікті бапкер Эрнесто Вальверде ұжымды үздіктер қатарына қосуға талпынатынын мамандар баса айтуда. Бильбаолық клуб сапынан Хави Мартинес пен Фернандо Льорентенің кетуі командаға ауыр соғары белгілі. Алайда ұжым «Бетис» командасының үздігі Беньята мен «Осасуна» сапынан Кике Солуды қатарларына қосып алды. Мартинестің мюнхендік «Бавария» сапына ауысуы «Атлетиктің» материалдық жағдайын біршама тәуір деңгейге көтергені аян. Андер Эррера, Муниаин, Адурис және Сусаета сынды футболшылар өнер көрсететін ұжым үздіктер қатарынан көрінуі әбден мүмкін.

«Севилья». Унай Эмери командасының шарықтайтын шағы келген секілді. Андалусиялық ұжым бұл маусымды өз тарихында жаңа қырынан танылуы мүмкін. Өткен маусымды тоғызыншы орынмен аяқтаған команда үздіктердің қатарынан көрінуге мүмкіндіктерінің барын танытып отыр. Өйткені команда жұлдызды құрамадан гөрі, тәжірибелі ойыншыларымен мақтана алады. Трансферлік маусымды команда сәтті аяқтап, ұжым бірнеше футболшылармен толықты.

Сонымен қатар «Гранада» және жаңадан Ла Лигаға оралған «Вильярреал» да сәтті өнер көрсетуі мүмкін деген болжамдар ұсынылып отыр.

Бұл маусымда қандай командалар сәтсіз өнер көрсетуі мүмкін?


«Малага». Иско, Тулалан және Хоакин сынды аяқ доп шеберлерінен айырылған команданың жағдайы мәз емес. Тиссоне, Феррейра және Бобли сынды ойыншылармен толыққан ұжымның маусымды сәтті аяқтайды дегенге сену қиын. Сонымен қатар 2012/2013 маусымдағы Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсеткен ұжымның бас бапкері Мануэль Пеллегрини де қызметінен кетті. Ал оның орнына келген неміс маманы Бернд Шустер 5 жылдан бері жүлделі орыннан көріне алмай келеді. Сонымен қатар өткен маусымды 6-шы орынмен аяқтаған команда Еуропа лигасына шығуға мүмкіндігі бар-ды. Алайда УЕФА команданы жарыстан шеттетіп отыр. Бұл да команда ойыншыларының психологиясын әсер етері сөзсіз.

Бұл маусымда мамандар «Реал Сосьедад» пен «Леванте» командаларын сәтті ойнауына күмәнмен қарауда. Сан-себастяндық команда футболшысы Ильярраменди «Реал» сапын толықтырса, Хоакин Капоррос шәкірттері өткен маусымдағы сәтсіздігін әлі ұмыта қоймаған команда саналуда.

Сексен үшінші Ла Лига жоғалтқан тұлғалар кімдер?

  1. Жозе Моуринью. Португалдық маман «Реал» командасының бас бапкер қызметінен кетіп, лондондық «Челси» тізгінін қолға алды.
  2. Мануэль Пеллегрини. Ла Лигада 9 жыл бапкерлік қызметте болған тұлға «Вильярреал» командасының жасақталуына, бірнеше рекордты бұзуға, «Малаганы» жоғарғы деңгейге көтерілуіне септігін тигізді.
  3. Гонсало Игуаин. «Корольдік клуб» сапында өнер көрсеткен аргентиналық шабуылшы өзіне берілген мүмкіндіктерді сәтті пайдалануымен жанкүйерлер есінде қалды. Футболшы енді Италияның «Наполи» командасының намысын қорғайды.
  4. Радамель Фалькао. Испания Ла Лигасында Роналду мен Мессиден кейін ауызға ілініп келген колумбиялық шабуылшы «Монако» командасының сапын толықтырып кетті.
  5. Роберто Сольдадо. Трансфер маусымы сайын «сатылмайды» деп келген футболшы бұл маусымда өз командасын ауыстырды. Енді испандық шабуылшы ағылшын премьер-лигасында ойнайды. Ал Сольдадоның кетуімен «Валенсия» ұлттық құрамада ойнайтын соңғы ойыншысымен қоштасты.
  6. Давид Альбельда. 2012/2013 жылғы маусымнан кейін 35 жастағы испандық жартылай қорғаушы бутсысын шегеге ілді.

Сонымен қатар, Андреас Палоп («Байер»), Хесус Навас («Манчестер сити»), Фернандо Льоренте («Ювентус»), Альбаро Негредо («Манчестер сити»), Хоакин Санчес («Фиорентина») өзге елдің чемпионттарында өнер көрсетеді.

Сексен үшінші Ла Лига қарсы алған тұлғалар

  1. Карло Анчелотти. Италияндық маман «Реал» командасының тізгінін ұстап, Ла Лигада болсын, Чемпиондар лигасында болсын, чемпиондыққа талас жүргізіп көрмек.
  2. Херардо Мартино. Еуропаның үздік командасы каталондық «Барселонамен» бірге Ла Лигадағы жорығын бастағалы отыр.
  3. Неймар. Талай алып-қашпа әңгіменің өзегіне айналған Неймар Испания Ла Лигасында өнер көрсетуді таңдады.

Сонымен қатар Ла Лиганы Кевин Гамейро («Севилья»), Марко Марин («Севилья»), Андреас Иваншиц («Леванте») сынды аяқ доп шеберлері толықтырды.

Бұл маусымның басты сұрағы қандай болмақ?


Кака алаңда қанша минут ойнауы мүмкін? Карло Анчелоттидің бас бапкерлікке келуімен бразилиялық шабуылшының жағдайы жақсарғандай. Кака алғашқы минуттардан-ақ өнер көрсетуі ғажап емес. Дегенмен команданың бұл позицияда ойнайтын футболшылары арасындағы талас тынды деген сөз емес.

«Вильярреал» Ла Лигада қалай ойнайды? Ла Лигаға оралған команда жақында «Валенсиямен» жолдастық кездесу өткізіп, тактикалық ойынының ерекшелігімен көзге түсе білді.

Сонымен қатар Месси мен Неймар жұбы қалай өнер көрсетеді? «Атлетиконың» Радамель Фалкаосыз ойыны қалай болмақ? Иско «Реалды» алға сүйрей ала ма? Херардо Мартино каталондық команданың ойынына қандай өзгеріс алып келуі мүмкін? Бұл сұрақтарға 17 тамыз күні басталатын Ла Лига кездесулері жауап іздейтін болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: chempionat.com

Ө. Сансызбай