Чемпиондар лигасы. "Шахтер" жеңісті жолын жалғады (видео)

Чемпиондар лигасы. "Шахтер" жеңісті жолын жалғады (видео)

Астана алаңында «Шахтер» албан чемпиондары  «Скендербеуді» ойсырата жеңді. Виктор Кумыков шәкірттері қазақ футболының 100 жылдығына үлкен сый жасайтын күнінің ауылы алыс емес екенін сездіргендей.

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде албан чемпиондары «Скендербеумен» жолы түйіскен «кеншілер» ұжымы қарсыластарын үш доп айырмасымен жеңді. Алғашқы таймнан-ақ желпініп шыққан «Шахтер» командасының ойыншылары қарсылас қақпасынан саңылау іздей бастады. Кездесудің жетінші минутында екінші бұрыштама добын орындап, Александр Симчевичтің асырған пасын Алдин Джидич албан қақпасында тулатты. Есеп 1:0.

Кездесудің 37 минутында Игорь Зенкович екінші голды қарсылас қақпасына енгізген болатын. Бірақ Ресейден келген қазылар допты есептемеді. «Шахтер» ойыншысы бұл сәтте ойыннан тыс қалған еді.

Екінші таймда қонақтар да шабуылда ұлттық  құраманың қақпашысы Александр Мокинді бірнеше рет мазалап көрді. Бірақ «Батэге» қарсы өткен  кездесудің қаһарманы өзіне сенімді ойын өрнегімен көзге түсе білді. 79 минутта тағы да бір доп қонақтар қақпасында тулаған болатын. Алайда бұл жерде де «Шахтер» футболшысы ойыннан тыс қалыпты. Виктор Кумыков  80 минутта Игорь Зенковичтің орнына Роман Мұртазаевты шығару арқылы екінші нәтижелі голына қол жеткізді. Кездесудің соңғы секундтарында қонақтардың қателігін сәтті пайдаланған қарағандылық ұжым есепті ұлғайтты. Бұл жолы Сергей Хижниченко мергендігімен танылды. Сонымен еліміздің намысын қорғаған «Шахтер» 3:0 есебімен жеңіске  жетті.

Қос ұжым арасындағы үшінші іріктеу кезеңінің  қарымта кездесуі 6 тамыз күні Тирана қаласында өтеді. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

«Шахтер»  — «Скендербеу» (Корча, Албания) 3:0 (1:0)
Гол:
 Джидич 8 (1:0), Мұртазаев 79 (2:0), Хижниченко 90 (3:0)
Ескертулер: Финонченко 23
«Шахтер»: Мокин, Васильевич, Порываев, Джидич, Симчевич, Вичюс, Казарян, Каньяс (Байжанов 90), Финонченко (Дарабаев 86), Зенькович (Муртазаев 73), Хижниченко
«Скендербеу»: Шехи, Врапи, Адемир, Радаш, Гвозденович (Димо 90), Орелеси, Томич (Абази 72), Сефа, Лиляй, Шкемби, Пеич (Нимага 46)
Төреші: Алексей Николаев (Ресей)
Астана. «Астана Арена».

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

сурет:vesti.kz

Ө. Сансызбай