Премьер-лига.Нұрбол Жұмасқалиев - үздік сұрмерген

Премьер-лига.Нұрбол Жұмасқалиев - үздік сұрмерген

Футболдан ел премьер-лигасының ХХІ тур ойындарының алғашқы үш кездесуі мәресіне жетті. Қостанайдың «Тобыл» командасы алғашқы алтылыққа енуді көздеп, өз алаңында «Жетісуді» жеңді. Ал ел чемпиондары «Шахтер» екінші құраммен Өскеменде «Востокпен» тең тарқасса, батыстық дербиде «Атырау» жеңіске жетті.  Қалған үш кездесу ертең жалғасын табады.

«Восток» (Өскемен) – «Шахтер» (Қарағанды) 0:0


Жақында ғана «Батэны» жеңіп, Чемпиондар лигасының үшінші кездесуіне жолдама алған «кеншілер» ұжымы Өскеменде екінші құраммен өнер көрсетті.  «Восток» алғашқы минуттардан өз алаңында басымдық танытқысы келгенмен, он минут өте қарағандылық команда ойын деңгейін теңестіре білді. Алайда «Восток» сапына алғашқы минуттардан алаңға шыққан Мұрат Сүймағамбетов пен Тимур Досмағамбетовте есепті жергілікті команданы алға шығаруға мүмкіндіктері болған. Бірақ, өз пайдаларына асыра алмады. «Шахтердың» екінші нөмірлі жас қақпашысы Стас Покатылов та команданы бірнеше қауіпті сәттерден алып шықты. Ойын соңында қонақтардың алға шығуға зор мүмкіндігі болды. Дәл осы тұста «Восток» қақпашысы  Илья Байтеряков қырағылық танытты. Сонымен қос ұжым бір-бір ұпай еншілеп, тең тарқасты.

 «Атырау» (Атырау) – «Ақжайық» (Орал) 1:0


Батысқазақстандық дербилер арасындағы кездесу аса тартысты өтті деп айтуға болады. Бірақ қос ұжым да бұл маусымдағы тағдырларын шешіп қойған-ды. Екінші алтылықта қалған командалар енді премьер-лигадан шығып қалмаудың жолын қарастырары анық. Көш соңында келе жатқан оралдық команданың халі мүшкіл. Атырауда өткен кездесуде де «Ақжайық» жеңіліс тапты. «Атырау» сапынан жеңіс голын кездесудің 31 минутында 11 метрлік айып добынан Роберт Алвеш соқты.

Естеріңізге сала кетер болсақ, ел премьер-лигасының алғашқы айналымының аяқталуына небәрі бір-ақ тур қалды.

«Тобыл» (Қостанай) – «Жетісу» (Талдықорған) 3:1


Қостанайдың «Тобылы» алғашқы алтылыққа ену үшін барын салары сөзсіз де еді. Мұны жергілікті команда кездесудің 20 минутында-ақ дәлелдеді. Огнен Красичтің оң қанаттан айып алаңына асыра тастаған пасын Менсур Куртиши баспен қақпаға бағыттап кездесудегі есепті ашты. Талдықорғандық команда сапына ел премьер-лигасындағы сұрмергендердің бірі Мұрат Тілешовтің кіруімен шабуыл жанданғандай көрінген. Бірақ жергілікті команда ойынның 83 минутында Бейбіт Әбішевтің голынан кейін екі доп айырмасымен алға шықты. Араға небәрі 5 минут сала Нұрбол Жұмасқалиев үшінші голды «Жетісу» қақпасының торында тулатты. Кездесу соңында Иван Перич есепті қысқартты.

Нұрбол Жұмасқалиев кездесудегі үшінші голды салу арқылы премьер-лигадағы ең үздік сұрмерген атанып отыр. «Жетісу» қақпасына соққан добы 32 жасар Нұрбол Жұмасқалиевтың еншісіне 148 голы болып жазылды. Осыған дейін Қазақстан премьер-лигасының сұрмергені атанып келген Олег Литвиненконы (147 гол) басып озды. Ал үшінші орында қазіргі «Лашын» командасының бас бапкері Нұркен Мазбаев (143 гол) тұр.

Автор: Өмірбек Сансызбай

сурет: sports.kz

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

2021 жылы оқушылар қашықтан оқи ма?
2021 жылы оқушылар қашықтан оқи ма?
Нұр-Сұлтанда футзалдан жаңа клуб құрылды
Нұр-Сұлтанда футзалдан жаңа клуб құрылды
ER-BATYR. Дәрігер Киреев коронавирустың екінші толқыны мен фармкомпаниялардың лоббиі туралы айтады
ER-BATYR. Дәрігер Киреев коронавирустың екінші толқыны мен фармкомпаниялардың лоббиі туралы айтады
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"
Министр: Кәсіби спорт клубтарын мемлекет бюджетінен толық қамтамасыз етудің қажеті жоқ
Министр: Кәсіби спорт клубтарын мемлекет бюджетінен толық қамтамасыз етудің қажеті жоқ
Виртуалды Алматы жартылай марафоны: жүгіру іс-шараларының жаңа форматы
Виртуалды Алматы жартылай марафоны: жүгіру іс-шараларының жаңа форматы