Еуропа лигасы. «Ақтөбе» үшінші кезеңде! (видео)

Еуропа лигасы. «Ақтөбе» үшінші кезеңде! (видео)

"Ақтөбе" командасы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Владимир Никитенко шәкірттері қос кездесудің нәтижесі бойынша Норвегияның "Хедд" командасын 2:1 есебімен жеңіп, жеңіс туын биікте желбірете білді.

Алғашқы тайм басталысымен Владимир Никитенко шәкірттері жеңістің ауадай қажет екенін сезініп, желпініп шықты. «Ақтөбе» өз алаңында барын салатынын алғашқы минуттардан-ақ дәлелдегендей сыңай танытты. Александр Гейнрихтің екі бірдей соққысы есеп ашуға берілген керемет мүмкіндік болған-ды. Алайда өзбек легионері мүмкіндігін жіберіп алды. Ойынның 6 минутында команда сапына жақында ғана Ресейден келген легионер Сергей Давыдовтың үш қорғаушының арасынан сытылып шығып бағыттаған соққысы қақпа төрінен табылды. Есеп 1:0. 18 минутта өзбекстандық легионер Тимур Кападзенің бағыттаған соққысы қарсылас қақпашысының қолынан серпіліп кейін қайтты. Ойындағы доп ұстау басымдығы «Ақтөбенің» еншісінде бола тұра, шабуылды бір сәт норвегиялық команда қолға алғандай болды. Кездесудің алғашқы таймының соңы бірсыдырғы өрбіп, жергілікті команда доп ұстау басымдығын өз қолында ұстап қала алды.

Екінші таймда түркиялық төрешінің ысқырығы шалынысымен «Хедд» командасы шабуылға көшті. Алайда ұлттық құраманың қақпашысы Андрей Сидельников өзіне сенімді ойынымен көзге түсе білді. «Ақтөбе» кездесудің 55 минутында аса қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ қарсылас қақпашысы Андреас Ли қырағылық таныта білді. Кездесудің 60 минутында Марат Хайруллиннің айып алаңына асыра тастаған пасына Сергей Давыдов бірінші жетті. Және баспен керемет соққы бағыттап есепті еселеді. «Ақтөбе» кездесудің 74 минутында есепті еселеуге тағы да үлкен мүмкіндік алған-ды. Бірақ Тимур Кападзе екі бірдей қорғаушы мен қақпашыны алдап өткенімен соңғы сәтте шешімді дұрыс қабылдай алмады. Кездесудің соңғы минуттарында да жергілікті команда шабуыл мен қорғанысты қатар алып жүре алды. Осылайша, ойындағы қаһарман Сергей Давыдовтың екі голы «Ақтөбеге» жеңіс сыйлады.

«Ақтөбе» командасы үшінші іріктеу кезеңінде исландиялық «Брейдавлик» футбол ұжымымен кездеседі. Қазіргі таңда Исландияның жоғарғы дивизионында өнер көрсететін команда 1950 жылы құрылған екен.

«Ақтөбе»  — «Хедд» (Хедд, Қазақстан) 2:0 (1:0)
Гол:
 Давыдов 6 (1:0), Давыдов 61 (2:0)
Ескертулер: Эурснес 77
«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Бадло, Праймус, Кенжесариев, Логвиненко, Хайруллин, Ковальчук, Кападзе (Харабара 77), Давыдов (Тагыберген 85), Гейнрих (Гридин 90)
«Хедд»: Лие, Мольту, Брандаль, Тернквист, Вибе (Торсет 64), Сандаль, Хелланн, Магнуссен (Йельмесет 85), Рекдаль, Эурснес, Стандаль (Эртсос 63)
Бас төреші: Мете Калкаван (Түркия)
Бірінші ойын: 
0:1.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбаев

Ө. Сансызбай