Олимпиада ойындарына жаңа спорттар қосылмайды!

Олимпиада ойындарына жаңа спорттар қосылмайды!

Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарында ешқандай спорттың түрі қосылмайтынын айтты.

Бұл жәйт апта басында Лозанна қаласында өткен ХОК-тың кезекті жиналыс барысында мәлім болды. Сөйтіп, 2016 жылы Олимпиада ойындарына ешқандай жаңа спорттың түрі енбейтін анықталды. Ешқандай спорттың төртжылдықтың басты додасына қосылмауының себебін мамандар қаржылық мәселемен байланыстырып отыр. Егер де, Риода өтетін Олимпиада ойындарына жаңа спорт түрлері қосылатын болса, ұйымдастырушылар тарапынан қосымша қаржы шығын болады екен.

Осы уақытқа дейін Олимпиада ойындарына қосылуға баскетболдың «үш те үш» түрі, велоспорттың үш бірдей түрі (ұпай жинап жарысу, фристайл, маунтинбайкте қуалау), сондай-ақ триатлон мен дзюдоның командалық түрлері ниет білдірген. Енді бұл спорттың түрлері 2020 жылы Мадрид, Токио немесе Ыстамбул қалаларының бірінде өтетін oлимпиадалық ойындарға қосылу үшін таласады.  

«Біз баскетболдың «үш те үш» түрін олимпиадалық ойындарға қоспағанына наразымыз әрине. Бұл өте қызықты, әрі мәдениетті спорттың түрі. Сонымен қатар Халықаралық Олимпиада Комитеті Риодағы ойындарда баскетболдан ерлер командасын 16-ға дейін көтеруді де мақұлдамады. Дегенмен, ФИБА келер ойындарда да бұл спорттарды Олимпиада ойындарына қосуға тапсырыс беретін болады», -дейді Халықаралық Баскетбол федерациясының бас хатшысы.

Осылайша, енді 2016 жылы Рио-де-Жанейрода 306 медаль ойнатылатын болады. Бразилияда Лондонға қарағанда төрт медаль артық. Себебі, енді жазғы ойындарға ресми түрде гольф пен регби-7 спорты да енді. Бұл бағдарламалар бойынша төрт медаль сарапқа салынады. Сонымен қатар Рио-де-Жанейро-2016 ойындарында Лондон-2012 Олимпиада ойындарына қарағанда бірнеше спорттың ережелері де өзгертіледі.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: sport-express.ua

Ю. НИКУЛЛИН