"Ролан Гаррос" додасы жайлы

"Ролан Гаррос" додасы жайлы

26 мамыр күні теннистен «Үлкен дулыға» санатына жататын Францияның ашық біріншілігі «Ролан Гаррос» өз жалауын көтерді. Бүгінгі таңда бұл дода – теннисшілер арасындағы ең белді де беделді жарыстардың бірі болып есептеледі. Сонымен қатар жүлделік қоры да мол қаржыны құрайтыны белгілі. Жалпы, «Ролан Гаррос» біріншілігінің тарихының өзі тереңде жатыр.

«Ролан Гаррос» додасы ең алғаш рет 1891 жылы ұйымдастырылған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін аталған жарысқа арнайы теннис стадионы салынып, оған "Ролан Гаррос" есімі берілді.

Ролан Гаррос кім еді? Бұл есімді біреу білсе, біреу біле бермейді. Ролан Гаррос деген – Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан француз ұшқышы. Жерорта теңізін кесіп өткен алғашқы ұшқыш (1913 жылы). Ұшақты басқарып келе жатып, нысана көздеу қиын болғандықтан, ол алғаш рет пулемётті ұшақтың ұзына бойғы білігіне (осіне) орналастырып, ату қондырғысын орнықтыруды ұсынған. 1918 жылы әуе соғысында қаза тапқан. Бірнеше жыл өткен соң, жаңадан ашылған теннис стадионына Ролан Гаррос есімі берілген. Содан  бері осы теннис алаңында дүбірлі дода өз жалғасын тауып келеді.

Биылғы «Роллан Гаррос» теннис біріншілігіне ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде 220-ден астам теннисші бақ сынап көрмекші. Еліміздің намысын әйелдер арасында Я.Щведова мен Ю.Путинцева қорғайтын болады.

Биылғы біріншіліктің жүлделік қоры - 10. 464. 640 $.

Қос теннисшіміздің қарсыластары да белгілі болды. Я.Щведова АҚШ-тан келген К.Вандевегемен теннис кортына шықса, Ю.Путинцева жапон қызы А.Моритамен бақ сынасады. Естеріңізде болса, өткен жылы айтулы додада ерлер арасында испандық Р. Надаль, ал әйелдер арасында ресейлік М. Шарапова топ жарған болатын.

Биылғы «Ролан Гаррос» 26 мамыр мен 9 маусым арасында төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додаға айналмақ.

сурет:www.koora.com 

автор: Фараби Арыстанбек

Л. Лига