WSB финалы. Бірінші күні шаршы алаңғы шығатын жұптар анықталды

WSB финалы. Бірінші күні шаршы алаңғы шығатын жұптар анықталды

Бүкіл Әлемдік бокс топтамасының (WSB) финалына шыққан қазақстандық «Астана Арланс» және украиналық «Украина атамандары» 10 мамыр күні бұл топтаманың алғашқы финалдық кездесуінде жұдырықтасатын боксшылардың есімдерін атады.

Сонымен, сіздердің назарларыңызға WSB сериясының үшінші маусымындағы бірінші күнгі финалдық кезлесулерде жұдырықтасатын боксшылар жұбын ұсынамыз:

54 келі

Виктор ГОГОЛЕВ - Мейірболат ТОЙЫТОВ 

 

WSB сериясында өзінің алғашқы маусымын өткізіп жатқан Мейірболат бұл топтамадағы жылдың басты жаңалығы деуге болады. Ол 2012 жылдың соңында алғашқы рет шаршы алаңға шыққан болатын. Британдық Эндрю Селбимен Тойытов жақсы бокстасты. Дегенмен, ол кездесу Ұлыбританияда өткен соң, төрешілердің бүйірі Эндрюға бұрып, жеңісті британдық жігітке берді. Екінші мәрте Мейірболат шаршы алаңға Мексика жерінде шықты. Мұхиттың арғы жағында отандасымыз 54 келідегі нөмірі бірінші боксшы саналатын Элиас Эмигдионың сағын сындырды. Финалдық сында біздің боксшы Виктор Гоголмен жұдырық түйістіреді. Өз кезегінде Виктор да WSB аясында екі кездесу өткізіп, бір рет жеңіп, бір рет жеңілген.

61 келі

Денис БЕРИНЧИКСамат БӘШЕНОВ


Финалдық сында біздің команданың намасын капитанымыз Самат Бәшенов қорғайтыны әу бастан белгілі болатын. Бірақ, Астанада Саматқа қарсы украиндықтар кімді шығаратыны баршамызға құпия болғаны рас. Өйткені, «атамандардың» сапында бұл салмақта Василий Ломаченко мен Денис Беренчик бар. Нәтижесінде, украиндықтардың бапкерлер қосыны біздің капитанға қарсы Денис Беринчикті қойғанды жөн көріпті. Әлем біріншілігінің вице-чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Денис «атамандардың» ең мықты боксшыларының бірі. Дегенмен, бұл топтамада Саматтың тәжірибесі көбірек. Сондықтан бұл жігіттердің арасындағы кездесу финалдың көркін қыздырары анық.

73 келі

Евгений БАРАБАНОВ - Сергей ДЕРЕВЯНЧЕНКО


Орта салмақтағы қазақстандық команданың ең мықты боксшысы Сергей Деревянченко финалда Евгений Барабановпен жұдырықтасатын болды. Барабанов 2012 жылғы бокстан Украина біріншілігінің чемпионы. Дегенмен бұл жігіт WSB аясында шаршы алаңға бір рет қана шыққан. Өз кезегінде Сергей бұл топтамада үш маусым бойы жұдырықтасып келеді. Шыны керек, бокссүйер қауымның көпшілігі бұл салмақта екі дүркін WSB сериясының чемпионы мен Дмитрий Митрофанов арасындағы жекпе-жекті тамашалығысы келген болатын. Бірақ, «атамандар» өздерінің тағы да бір мықты боксшыларын екінші финалдық күнге қалдыруды жөн көрген екен.

85 келі

Сергей ЛАПИН - Хрвоже СЕП 


Бірінші күнгі финалдық кездесулерді жартылай ауыр салмақта біздің команданың  намысын хорват боксшысы Хрвоже Сеп қорғайтын болады. Ал оның қарсыласы Сергей Лапин. Украиндық боксшы WSB сериясында бірнеше кездесу өткізген. Дегенмен, әлі де бір де бір кездесуде жеңіске жетпеген. Ал, Сеп болса бұл топтамада осымен үшінші маусымын өткізуде. Сондықтан да, бұл кездесуде Хрвожеден жанкүйерлер жеңіс күтетіні анық.

+91 кг

Александр УСИК - Филипп ХРГОВИЧ


Бірінші финалдық күнгі кездесулерге аса ауыр салмақтағы боксшылар нүкте қоятын болады. Біздің команданың сапынан Филипп Хргович шығатын болса, «атамандар» Александр Усикті шығарыпты. WSB сериясындаңғы аса ауыр салмақты жекелей сынындағы чемпионы мен Олимпиада ойындарының чемпионы арасындағы жекпе-жек бірінші күнге тамаша нүкте қояры анық. Екі аптадан бері хорватиялық боксшы бұл кездесуге қызу дайындықтарын бастап кеткен. Бапкерлердің айтуынша, ол қазір тамаша физикалық қалпында екен.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: astanaarlans.kz

Ю. НИКУЛЛИН