Денис Тен Алматыда да шоу өткізбек

Денис Тен Алматыда да шоу өткізбек

Мәнерлеп сырғанаудан Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Денис Тен Алматыда да әлемді мойындатқан мәнерлеп сырғанаушыларды жинап, шоу өткізбекші. Бұл туралы спортшы өзінің туиттер парақшасында мәлімдеді.

«Денис Тен және оның достары» атты шоу 24 мамыр күні Балуан Шолақ атындағы спорт ғимаратының мұз айдынында өтетін болады. Ал ертеректе айтқанымыздай, 25 мамыр күні Тен өзінің достарын елордамыз Астана қаласына ертіп барады. Ол жақта Алау спорт кешенінде де дәл осылай аталатын шоу-концертін ұйымдастырады.

«Алматы қаласында да біздің ұйымдастыруымызбен өтетін шоуға шақырамын. 24 мамыр Алматы қаласында Балуан Шолақ кешенінде, 25 мамыр күні Астанада Алау спорт ғимаратында болады бұл қойылымдар. Бірінші рет Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан әлемнің жұлдыздары жиналады. Қатысушылардың ішінде 7 спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Сондай-ақ, кеш барысында Қазақстан эстрада жұлдыздары да болады», - деген Денис Тен өзінің Туиттер әлеуметтік парақшасында.

Айта кетейік, ертеректе «Денис Тен және оның достары» атты шоуға Стефан Ламбьель, Бриан Жубер, Ирина Слуцкая және Каролина Костнер сынды спортшылар қатысуға ниет білдірген. Шоуға қатысатын мәнерлеп сырғанаушлардың толық тізімі алдағы уақытта белгілі болады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz




Ю. НИКУЛЛИН