Қанат Ислам келесі кездесуін 26 сәуірде өткізеді

Қанат Ислам келесі кездесуін 26 сәуірде өткізеді

Кәсіпқой бокста әлі де болса, бірде-бір жеңілістің дәмін татпаған отандасымыз Қанат Исламның келесі қарсыласы анықталды.

28 жасар Қанат енді келесі кездесуін 26 сәуір күні Эквадор астанасы Кито қаласында өткізетін болады. Ал қарсыласы 33 жасар «Торнадо» лақап есімімен бокссүйер қауымға жақсы таныс Эмилио Джулио болмақ. Қос тараптың промоутерлерінің келісімі бойынша, жекпе-жек Кито қаласында орналасқан «Coliseo Julio Cesar Hidalgo» деп аталатын спорт ғимаратында өтетін болады. Бұл кездесу Астана уақытымен 27 сәуір күні таңғы 08.00-де басталады.

Жалпы, әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқанына шамамен бір жыл болған Қанат Ислам осы уақытқа дейін тоғыз кездесу өткізіп үлгерді. Және сол тоғыз кездесудің барлығында да қарсыласын нокаутпен жеңген. Өз кезегінде Эмилио кәсіпқой бокстың рингіне 38 мәрте көтерілген болса, оның 26-сында жеңіске жеткен, 10 кездесуінде жеңілген және 2 кездесуінде тең түскен екен.

Айта кетейік, Қанат соңғы кездесуін 7 сәуір күні АҚШ жерінде өткізген болатын. Майами штатында өткен бұл жекпе-жекте Ислам Алексис Мартинесті кездесудің 2 раундында нокаутқа түсірген.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: sports.kz

 



Ю. НИКУЛЛИН