«Арландар» финалда!

«Арландар» финалда!

Бокстан WSB додасында өнер көрсететін еліміздің «Астана Арланс» командасы бұл доданың ақтық сынына шықты.

Жартылай финал аясында алғашқы кездесуін мұхиттың арғы жағында «Мексика әтештеріне» қарсы өткізіп, 3:2 есебімен ұтқан командамыз Алматыда өткен кездеуде 5:0 есебімен таза жеңіске жетті.

Оңтүстік астанамыз Алматы қаласында өткен бұл қос команда арасындағы жекпе-жекті «Арлан» Бағдат Әлімбеков пен «Әтештердің» сапындағы жалғыз мексикалық боксшы Аарон Аламеда бастады. Төрешінің гонгы естілгеннен бастап, қарсыласын тығырыққа тіреген Бағдад қиналмай жеңіске жетті. Екінші болып команданың капитаны Самат Бәшенов мексикалықтардың беларусь легионері Вазген Сафарянстың сағын сындырды.

Аргентина жерінде өткен ширек финалда WSB топтамасында алғашқы жеңіліс тапқан «Арландардың» украиндық легионері Сергей Деревьянченко бұл жолы шаршы алаңда барын салды. Ол «Әтештердің» ирландиялық легионері Конрад Кумингспен жұдырық түйістірді. Жекпе-жек барысында Сергейдің қарсыласынан физикалық та, тактикалық тұрғыдан да басым тұрғаны анық білініп тұрды. Дегенмен Конрад қарсыласынан қанша соққы алса да, нокаутқа құлаған жоқ. Есесіне, «Almaty Towers»  бизнес орталығына жиналған жанкүйерлер 85 келі салмақ дәрежесіне дейінгі жекпе-жекте нокаутты көрді.

Біздің команданың намысын қорғаған ирандық легионеріміз Эхсан Роузбахани хорват қарсыласы Боян Мисковичті алдымен ногдаунға жіберді. Артынша бұрышқа тығып, оңынан да, солынан да төпеледі. Өз шәкіртінің аянышты халінің соңы жақсылыққа ұласпайтынын білген мексикалық команданың бапкерлер қосыны шаршы алаңға ақ орамал тастап, Мисковичті таза жеңілгенін мойындады.

Аса ауыр салмақ дәрежесінде қазақтың батыры Руслан Мырсатаев өзінің бұрынғы командаласы Милутин Станковичті әбден соққының астына алды. 5 раундтың қорытындысы бойынша, төрешілер жеңісті біздің жерлестерімізге берді.

Сонымен, мексикалық команданы түзде 3:2, өз жерімізде 5:0 есебімен жеңген «Астана арландары» бұл топтаманың финалына шықты. Финалдағы қарсыластарымыз – WSB сериясына алғашқы рет бақтарын сынап жатқан «Украина атамандары». Қос команда арасындағы финалдық жекпе-жектер мамырдың 9-ы және 10-ы күндері елордамыздың республикалық велотрек кешенінде өтетін болады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: sports.kz, alasharena.kz

Ю. НИКУЛЛИН