Италия Еуропа чемпионатының финалына шықты

Италия Еуропа чемпионатының финалына шықты
Фото: Reuters©

Футболдан Италия ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының финалына шықты. "Скуадра адзурра" жартылай финалда Испанияны жарыс жолынан шығарды.

Лондондағы "Уэмбли" стадионында өткен ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Екі гол да екінші таймда соғылды. 60 минутта Федерико Кьеза есеп ашты. Гол соғылғаннан кейін алаңға шыққан Альваро Мората 80 минутта таразы басын теңестірді.

Екі құрама экстра-таймда есепті өзгерте алған жоқ. "Қызыл фурия" дос ұстау мен шабуылда ширақ ойнағанмен, тас қамал Италияның қорғанысын бұзып өте алған жоқ.

Ойын соңындағы пенальти сериясында Италияның асығы алшысынан түсті. Бірінші болып Локателли тепкен допты испан қақпашысы Унай Симон қайтара білді. Өз командасын алға шығарар сәтте Дани Ольмо мүлт кетті. Одан кейінгі қателікті Альваро Мората қайталады. Шабуылшы тепкен допты Доннарума дәл тосты. Шешуші сәтте Жоржиньо қателескен жоқ. Пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

Италия финалда Англия және Дания құрамалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі.   

 

Н. Үсенова