Испания жартылай финалға шықты

Футболдан Испания ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалына шықты. "Қызыл фурия" ширек финалда Швейцария құрамасын ойын соңындағы пенальти сериясында ұтты.

Санкт-Петербургте өткен кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Бірінші болып Испания есепте алға шықты. Жорди Альба тепкен доп швейцариялық қорғаушы Денис Закарияның аяғына тиіп, қақпа төрінен бір-ақ шықты. Нәтижесінде автогол есепке алынды.

Швейцария құрамасы екінші таймда таразы басын теңестірді. 68 минутта Джордан Шакири испандық қорғаушылардың қателігінен кейін гол соқты. Нәтижелі пасты Ремо Фройлер берген. Алайда бұл жартылай қорғаушы 10 минуттан кейін алаңнан қуылды. Өрескел ереже бұзғаны үшін бас төреші Майкл Оливер бірден қызыл қағаз көрсетті.

Ойын соңына дейін Швейцария құрамасы 10 ойыншымен қорғанып бақты. Қақпашы Ян Зоммер әр сәт сайын сэйв жасап, қақпасын қорғаумен болды.

Командалар экстра-таймда да есепті өзгерте алған жоқ. Нәтижесінде ойын соңындағы пенальти сериясында "қызыл фурияның" бағы жанды.

Испания жартылай финалда Бельгия – Италия құрамаларының ұтқанымен кездеседі.