Бүгін ширек финалдағы ойындар басталады

Бүгін түнде футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалындағы ойындар басталады. Жартылай финалға шыққан екі құрама белгілі болады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады.

Швейцария – Испания

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат  22:00-де басталады. Санкт-Петербургте өтетін кездесуде бас төреші – ағылшын Майкл Оливер.

Еуропа чемпионатының қазіргі сенсация иегерелері – швейцариялық футболшылар. Олар 1/8 финалда азуын айға білеген Франция құрамасын жарыс жолынан шығарды. 3:1 есебімен ұтылып тұрып, камбэк жасады. Сондықтан бүгінгі ойынға да күштеріне сеніп, жігерленіп шығары хақ.

Швейцария құрамасы Еуропа чемпионатының ширек финалына шығып көрмеген. Бұл құрама тарихындағы зор жетістік. Ал жартылай финалға шығып жатса, онда нағыз ерлік болары анық.

Испания құрамасы топтан ілініп-салынып шықты. 1/8 финалда хорваттарды айқын ұтып тұрып, тең түсіп қалды. Тек экстра-таймда жеңіске бастар жолды тапты. Гол соғатын мүмкіндіктерінің көбін пайдалана алмаумен келеді. Десе де бүгінгі ойында фаворит.

"Қызыл фурияның" құрамы ойынға сақадай-сай. Хосе Гайя ғана алаңға шыға алмауы мүмкін. Ал Швейцария құрамасының капитаны Гранит Джака ескертулеріне байланысты ойынға қатыспайды.

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan және QazSport арналарынан тамашалай алады.

Бельгия – Италия

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – словак Славко Винчич.

Бельгия мен Италия жарыстағы фавориттер қатарында болатын. Жолдары ширек финалда түйісті. Бірі шығып, бірі жорығын жалғастырады. Кім қалады, кім кетеді? Мұны түнде өтетін ойында білетін боламыз.

Бельгия топтық кезеңді сәтті өткізді. Ал 1/8 финалда 2016 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалияны жарыстан шығарды. Бүгінгі ойынға жарақатына байланысты команда сапында Тимоти Кастань ойнамайды. Сондай-ақ Эден Азар мен Кевин де Брюйненің де алаңға шығуы белгісіз.

Италия құрамасы жарысты жарқын ойынымен бастады. Топтағы ойындарын жеңіспен аяқтады. 1/8 финалда Уэльстан басым болды. «Скуадра адзурра» сапынан қорғаушы Алессандро Флоренци жарақатына байланысты алаңға шықпайды. Ал Марко Вератти ойынға қатысуы мүмкін.

Мюнхенде өтетін ойынды отандастарымыз Qazaqstan және QazSport арналарынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі