Германияны ұтқан Англия ширек финалға шықты

Футболдан Англия ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты. Ағылшындар Лондонда Германия құрамасын 2:0 есебімен ұтты.

"Уэмбли" стадионында өткен кездесудегі екі гол да екінші таймда соғылды. 75 минутта Рахим Стерлинг Англия құрамасын алға шығарды. Люк Шоу берген тамаша пасты голға айналдыра білді. Ал араға 11 минут сала Харри Кейн есепті еселеді. Бұл жолы екінші таймда алаңға шыққан Джек Грилиш нәтижелі пас берді.

Англия құрамасы бүгін өз тарихындағы 300-ші ойынын өткізді. Ал Рахим Стерлинг осы Еуропа чемпионатындағы үшінші голын соқты.

Ағылшындар ширек финалда Швеция және Украина құрамалары арасындағы ойын жеңімпазымен кездеседі.