Бүгін 1/8 финалдағы ойындар аяқталады

Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалындағы ойындар бүгін аяқталады. Ширек финалға жолдама алған соңғы екі құрама белгілі болады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады.

Англия – Германия

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат  22:00-де басталады. Лондонда өтетін кездесуде бас төреші – нидерланд Дэнни Маккели.

Англия құрамасы D тобында үздік шыққанмен, жарқын ойынымен жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Бірінші ойында Хорватияны 1:0 есебімен ұтса, екінші ойында Шотландиямен тең түсті. Соңғы ойында чехтардан 1:0 есебімен басым болды. Топта жеңіс сыйлаған екі голды да Рахим Стерлинг соқты.

Жарыс кезінде ағылшындар сапынан Мэйсон Маунт пен Бен Чилуэл дертіне байланысты оқшауландырылды. Бүгін олардың алаңға шығуға мүмкіндігі бар. Бірақ бас жаттықтырушы Гарет Саутгейт ойынға шығаруы екіталай. Командамен жаттықпағанның өз әсері болары анық.

Германия құрамасы F тобында екінші орын алды. Йоахим Лев командасы үшін үш ойын да оңай соққан жоқ. Әсіресе Венгрияға қарсы соңғы ойында тең есеп қана құтқарып қалды.

Ағылшындарға қарсы ойында Германия құрамасы сапында Йонас Хофманн мен Лукас Клостерман жарақатына байланысты алаңға шықпайды.

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Швеция – Украина

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – италиялық Даниэле Орсато.

Швеция құрамасы Е тобында 7 ұпай жинап, бірінші орын алды. Ыаворит саналған испандықтардың алдын орады. "Қызыл фуриямен" тең ойнап, кейінгі екі ойында Словакия және Польша құрамаларын ұтты.

Команда құрамында кадрлық қиындықтар жоқ. Ойыншылары сақадай-сай. Дегенмен шабуылда Александер Исакқа белсене көмектесетін футболшы жетіспеуде.

Украина құрамасы плей-оффқа 3 ұпаймен шыққан жалғыз құрама. Андрей Шевченко шәкірттеріне сәттілік серік болды десек те қателеспейміз. Олар топтағы бірінші ойында Нидерланд құрамасына жол берсе, екінші ойында Солтүстік Македониядан басым болды. Шешуші кездесуде Австрияға жол берді. Украина жол берген С тобындағы екі құрама да жарысты аяқтап үлгерді.

Швеция – Украина ойыны Глазгода өтеді. Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі