Бүгін түнде ширек финалға шыққан тағы екі құрама белгілі болады

Бүгін түнде ширек финалға шыққан тағы екі құрама белгілі болады

Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалындағы ойындар жалғасуда. Бүгін түнде ширек финалға шыққан тағы екі құрама белгілі болады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады.

Нидерланд – Чехия

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат  22:00-де басталады.  Будапештте өтетін кездесуде бас төреші – ресейлік Сергей Карасев.

Нидерланд құрамасы топтық кезеңді өте сәтті өткізді. Үш ойында да жеңіске жетті. Өз қақпаларына бар болғаны екі гол ғана өткізді. Жарыс алдында Франк де Бур командасы айтарлықтай сынға ұшыраған. Десе де команда жарқын ойынымен жанкүйерлерін қуантуда. Чехтарға қарсы ойында да фаворит саналып отыр.

Чехия құрамасы өз тобында үшінші орын алды. Бірінші турда Патрик Шик соққан екі голдың нәтижесінде Шотландия құрамасын ұтса, екінші турда хорваттармен тең ойнады. Соңғы ойында Англия құрамасына жол берді. Нәтижесінде 4 ұпаймен үшінші орын алған құрамалар тізіміндегі жолдаманы иеленді.

Нидерланд пен  Чехия құрамалары арасындағы ойын тартысты болары сөзсіз. Пушкаш Аренадағы жанкүйерлер қолдауы да ойынның көркін ашары анық.

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Бельгия – Португалия

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – неміс Феликс Брых.

1/8 финалда жанкүйерлер асыға күтетін ойынның бірі осы болмақ. Бельгия топтық кезеңді аса сәтті өткізді. Португалия үшін «өлім тобы» оңай болған жоқ. «F» тобында үшінші орын алып, қосымша жолдама арқылы плей-оффқа шықты.

Екі құраманың ойыншылары да Еуропаның ең үздік құрамаларында ойнайды. Көшбасшы ойыншылары да жетерлік. Әсіресе Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду гол соғатын болса, ұлттық құрамалар тарихында ең көп гол соққан ойыншы атанады.

Бельгия – Португалия ойыны Севильяда өтеді. Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі

Н. Үсенова