Бүгін топтық кезеңдегі ойындар аяқталады

Бүгін топтық кезеңдегі ойындар аяқталады
Фото: eurofreebets.co.uk

Бүгін түнде футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі ойындар аяқталады. "Е" және "F" тобындағы ойындармен бұл кезең мәресіне жететін болады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады.

Словакия – Испания

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат  22:00-де басталады. "Е" тобындағы бұл кездесу Севильяда өтеді. Бас төреші – нидерланд Бернд Кейперс.

Словакия құрамасы топта екінші орында келеді. Бірінші ойында Польша құрамасын ұтса, екінші ойында Швецияға жол берді. Испанияға қарсы кездесуде тең нәтиже де қанағаттандырады. Есесіне "қызыл фурияға" жеңіс керек.

Луис Энрике жаттықтыратын Испания құрамасы топтағы екі ойында да тең түсті. Алдымен Швециямен 0:0 ойнаса, поляктарға қарсы кездесуде 1:1 есебі тіркелді. Бүгін ұтпаса плей-оффқа шыға алмайды.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Швеция – Польша

"Е" тобындағы аса маңызды бұл ойын да Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. Санкт-Петербургте өтетін кездесуде бас төреші – ағылшын Майкл Оливер.

Швеция құрамасы екі ойыннан кейін бұл топта көш бастап тұр. Бірінші ойында Испаниямен тең түссе, екінші ойында Словакияны Эмиль Форсберг соққан пенальти нәтижесінде ұтты. Осылайша 4 ұпаймен плей-оффқа шығу мүмкіндігіне ие болды. Польшадан ұтылса да, қосымша жолдама арқылы өтетін болады.

Польша құрамасы жарысты сәтсіз бастап, бірінші ойында Словакияға жол беріп алды. Екінші ойында "қызыл фуриямен" тең түсті. Поляктар да топтан шығу мүмкіндігін жоғалта қойған жоқ. Ол үшін бүгін шведтерді ірі есеп айырмасымен ұту керек. Роберт Левандовский бастаған жігіттердің қолынан келер ме екен?

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Германия – Венгрия

"F" тобындағы Германия мен Венгрия құрамалары арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – ресейлік Сергей Карасев.

Германия құрамасы топтағы бірінші ойында француздарға есе жіберіп алды. Ал екінші турда Португалияны айқын ұтты. Венгрлерге қарсы ойында тең ойын да жеткілікті. Бірақ Йоахим Лев шәкірттері 1 ұпайды қанағат тұтар ма екен?

Венгрия құрамасы бірінші ойында Португалиядан ұтылды. 83 минутқа дейін тең ойнап, бар-жоғы 10 минут ішінде қақпасына үш гол өткізіп алды. Ал Францияға қарсы кездесуде жігерлі ойынымен көзге түсті. Әлем чемпиондарымен тең ойнап, 1 ұпай еншіледі.

Бұл ойында Йоахим Лев жаттықтыратын Германия құрамасы айқын фаворит. Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Португалия – Франция

Соңғы Еуропа чемпиондары мен әлем чемпиондары арасындағы ойын қызықты болмақ. Миллиондаған жанкүйер тамашалайтын кездесу Будапештте өтеді. Бас төреші – испан Антонио Мигель Матеу Лаос.

"F" тобындағы жағдай шиеленісіп-ақ тұр. Төрт құраманың да плей-оффқа шығу мүмкіндігі бар.

Португалия мен Франция арасындағы ойын аса маңызды. Екі құрама үшін де жеңіс керек. Тең ойнаса да жеткілікті. Екеуі де плей-оффқа өтеді.

Португалдардың сапында Жоау Фелиш бүгін де алаңға шықпайды. Ал Дидье Дешам шәкірттері қатарында Усман Дембеле мен Кингсли Коман жарақатына байланысты өнер көрсетпейді.

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі

Н. Үсенова