"С" тобындағы ойындар аяқталды: Австрия – плей-оффта!

"С" тобындағы ойындар аяқталды: Австрия – плей-оффта!

Футболдан Еуропа чемпионатының "С" тобындағы ойындар аяқталды. Топтағы екінші жолдаманы Австрия құрамасы еншіледі.

Украина – Австрия 0:1

Екінші жолдама үшін өткен тартысты ойында Австрия құрамасы жеңіске жетті. Командаға жеңіс сыйлаған голды 21 минутта Кристоф Баумгартнер соқты. Алайда араға 10 минут сала жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмады.

Австрия топта 6 ұпай жинады. Украинаға дейін Солтүстік Македония құрамасын ұтқан. 1/8 финалда Италиямен кездеседі.

Андрей Шевченко жаттықтыратын Украина құрамасында қосымша жолдама алу мүмкіндігі жоқтың қасы деуге болады.

Солтүстік Македония – Нидерланд 0:3

Нидерланд құрамасы топтағы үш ойында да жеңіске жетті. Соңғы ойында Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысқан Солтүстік Македонияға мықтылығын мойындатты. Жауапсыз үш гол соқты. Бірінші болып Мемфис Депай есеп ашса, кейіннен Джорджиньо Вейналдум дубль авторы атанды.

Джорджиньо Вейналдум жарыста 3 гол соғып, үздік сұрмергендер тізімінде Роналду және Патрик Шикпен теңесті.

Н. Үсенова