Бүгін "С" және "В" тобындағы соңғы ойындар өтеді

Бүгін "С" және "В" тобындағы соңғы ойындар өтеді
Фото: eurofreebets.co.uk

Футболдан Еуропа чемпионаты топтық кезеңіндегі ойындар жалғасады. Бүгін жанкүйерлер "С" және "В" тобындағы соңғы кездесулерді тамашалай алады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. Жүлделі орынға ілігуге де соңғы мүмкіндіктердің бірі.  

Солтүстік Македония – Нидерланд

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат  22:00-де басталады. "С" тобындағы бұл кездесу Амстердамда өтеді. Бас төреші – румын Иштван Ковач.

Солтүстік Македония құрамасы Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысты. Алғашқы екі ойында да жеңіліс тауып, топта соңғы орында қалды. Десе де жарқын ойынымен жанкүйерлерін қуанта білді деуге болады. Австрия және Украина құрамалары қақпасына гол соқты. Нидерланд құрамасына да гол соғатын болса зор жетістік болар еді.

Нидерланд құрамасы топтағы екі ойында да жеңіске жетті. Алдымен Украинаны, одан кейін Австрияны ұтты. Нәтижесінде плей-оффқа ерте жолдама алды. Бұл ойынға қосалқы құрамдағы ойыншыларын шығаруы да мүмкін.

Екі құрама өзара төрт рет кездескен. Екі ойында Нидерланд құрамасы ұтқан. Екі ойын тең аяқталған.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Украина – Австрия

"С" тобындағы аса маңызды бұл ойын да Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. Бухарестте өтетін кездесуде бас төреші – түрік Джюнейт Чакыр.

Андрей Шевченко шәкірттері үшін шешуші ойын. Топтағы екінші ойында Солтүстік Македония құрамасын ұтты. Оған дейін 6 ойын қатарынан жеңіске жетпеген-ді.

Бүгінгі ойынға Украина құрамасының вингері Александр Зубков қатыспайды. Ол Нидерландқа қарсы ойында жарақат алып қалған болатын.

Австрия құрамасының да плей-оффқа шығу мүмкіндігі зор. Үшінші орын алар болса да, қосымша жолдамаға таласа алады. Ойынға команданың белді ойыншыларының бірі Валентино Лазаро қатыспайды. Ол өткен кездесуде жарақат алған еді.

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Ресей – Дания

"В" тобындағы Ресей мен Дания құрамалары арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – француз Клеман Турпен.

Ресейліктер топта 3 ұпаймен екінші орында келеді. Бірінші ойында Бельгиядан ойсырай ұтылса, екінші ойында Финляндиядан басым болды. Бүгінгі кездесуде тең түссе де жеткілікті.

Даттар бұл топтағы бір фаворит құрам саналған. Алайда бірінші турдағы драмаға толы кездесуде финдерге жол беріп алды. Ал Бельгияға қарсы ойында жеңісті уыста ұстап тұра алмады. Нәтижесінде ұпайсыз келеді.

Ойын Копенгагенде өтеді. Ресейліктер алғаш рет сырт алаңда ойнайды. Осыған дейін екі ойынын да Санкт-Петербургте өткізген еді.

Екі құрама осыған дейін өзара бір рет ойнаған. 2012 жылы өткен жолдастық кездесуде ресейліктер 2:0 есебімен жеңіске жеткен.

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Финляндия – Бельгия

Үшінші турда топтағы ойындар бір уақытта басталады. Яғни, Ресей мен Дания құрамасымен қатар Финляндия – Бельгия кездесуі өтеді. Санкт-Петербургтегі ойында бас төреші – неміс Феликс Брых.

Финдер Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып жатыр. Соған қарамастан, плей-оффқа шығу мүмкіндігі де бар. Егер топтан шығатын болса, онда жарыстағы сенсация жасаған құрамалардың бірі болмақ.

Роберто Мартинес жаттықтыратын Бельгия құрамасы Ресей және Данияны ұтып, плей-оффқа бірден жолдама алды. Екі ойында 5 гол соғып, нәтижелі құрамалар тізімінде. Команда сапында Тимоти Кастань жарақат алған. Витсель мен Кевин де Брюне дертінен айықты.

Бельгия құрамасы бұл ойында айқын фаворит. Финдер қорғаныста ойнары анық. Қарымта шабуылда гол соғуға тырысады.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі

Н. Үсенова