Бүгін "А" тобындағы ойындар аяқталады

Бүгін "А" тобындағы ойындар аяқталады
Фото: footballua.tv

Бүгін жанкүйерлер Еуропа чемпионатының "А" тобындағы екі ойынды қатар тамашалай алады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады.

Еуро-2020: Қай жерде, қалай өтеді?

Италия – Уэльс

Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі үшінші ойында Италия Уэльске қарсы ойнайды. Матч 20 маусымда Римде, "Олимпико" стадионында, Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады. Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Италия

Италия құрамасы алғашқы матчтарда өз жанкүйерлерін ғана емес, бүкіл Еуропаны таңдандырды.

"Скуадра адзурра" плей-оффқа шығып үлгерді. Бірақ италиялықтардың топтан нешінші орынмен шығатыны әлі нақты емес. Топтан бірінші болып шығу үшін Уэльспен тең түсу жеткілікті.

Бірінші айналымда Италия Түркия құрамасының 90 минут бойы апшысын қуырды. Швейцарияның да қорғанысын тас-талқан етті.

Екі ойын да 3:0 есебімен италиялықтардың пайдасына шешілді. Мұндай күшті құрамды көптен бері көрмеген едік. Роберто Манчини командасы Еуро-2020 финалисі болуға әбден лайық болып тұр.

Уэльс

Уэльстің де бір аяғы плей-офф кезеңінде тұр. Бастапқыда Уэльстің топтан шығу мүмкіндігі оңай сияқты емес еді. Қазір оларда төрт ұпай бар.

Алдымен Уэльс құрамасы Швейцариямен тең ойнады (1:1). Роб Пейдждің командасы Түркияны 2:0 есебімен жеңді.  Екі нәтижелі пастың авторы атанған Гарет Бэйл керемет матч өткізді. Нәтижесінде ол матчтың үздік ойыншысы атанды.

Бұл кездесуде Италия құрамасының фаворит екені анық.

Швейцария – Түркия

Швейцария өз алаңында Еуро-2020 топтық кезеңінің үшінші турында Түркиямен ойнайды. Матч 20 маусымда, Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады. Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Швейцария

Бірінші турдағы Уэльспен матчта ұпай жоғалту (1:1) швейцариялықтарға ауыр соғуы мүмкін. Швейцария ұлттық құрамасы бұдан әрі қателеспеуі тиіс.

Негізгі қақпашы Ян Зоммер бұл кездесуде командаға көмектеспейді. Түріктер үшін бір артықшылық бұл ойын Бакуде өтеді.

Швейцариялықтар Түркиямен болған кейінгі екі ойында да жеңіліп қалды. Демек бұл кездесуде  Швейцария құрамасы сол есесін қайтару үшін бар күшін салатыны анық.

Түркия

Шенол Гүнештің командасына Еуро-2020-ғы ең нашар құрам атану қаупі төніп тұр. Жалпы 0:5 есебімен аяқталған екі жеңіліс Түркия құрамасының плей-оффқа шығу мүмкіндігін жоққа шығарды десек болады.

Мұндай ойынымен олар Шевецариядан бір ұпай алса, сол да зоар олжа болғалы тұр. Түріктер қорғануда өте сәтсіз, бұл, әсіресе италиялықтар мен уэльстіктерге қарсы ойында анық көрінді.  

Ал Бурак Йылмазға өзін көрсететін уақыт келді, ол әлі күнге дейін сәтті ойын өрнегін таба алмай келеді.

Гүнештің командасында жоғалтатын ештеңе жоқ. Олар қорғанысты ұмытпай, белсенді түрде шабуылдауы керек. Сондықтан Гюнештің шәкірттері қарсыласпен соңына дейін сөзсіз шайқасады.

Швейцариялықтардың ойыны тым сылбыр, сондықтан Түркия гол соғатын мүмкіндікке ие болуы мүмкін.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі

Т. Раушанұлы