Бүгін "С" және "В" тобындағы ойындар өтеді

Бүгін "С" және "В" тобындағы ойындар өтеді
Фото: sportrbc

Бүгін футболдан Еуропа чемпионаты топтық кезеңіндегі екінші ойындар басталады. Жанкүйерлер "С" тобындағы  екі, "В" тобындағы бір ойынды тамашалай алады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. Жүлделі орынға ілігуге әлі де мүмкіндік бар. 

Украина – Солтүстік Македония

Украина құрамасы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің екінші тур ойынында Солтүстік Македония құрамасымен ойнайды. Кездесу 17 маусымда Бухарестте (Румыния), Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады.

Украина

Украина Еуро-2020-ны Нидерланд құрамасына қарсы ғажап ойынымен бастады. Алайда ол ойын нидерландықтардың (3:2) жеңісімен аяқталды.

Андрей Шевченконың командасы қорғаныста онша сенімді емес ойын көрсетті, бірақ сонымен бірге олар 0:2 есебімен ұтыла тұрып, есепті теңестіруге үлгерді.

Кездесудің бірінші таймында гол соғылмады. Бес гол да екінші таймда соғылды. Бірінші болып Вейналдум, одан кейін Вегхорст гол авторы атанды.

Ярмоленконың шиіре тепкен добы 75 минутта Нидерланд қақпасының торында тулады. Араға 4 минут сала Яремчук әуелей асырған допқа бірінші жетіп, таразы басын теңестірді.

Андрей Шевченко шәкірттері тең есепті ұстап қала алмады. 85 минутта Дензел Дамфрис Нидерланд құрамасына жеңіс сыйлаған голды соқты.

Украина үшін келесі кездесуде Киевтің "Динамосының" жетекшісі, жарақатынан айыққан Виктор Цыганков алаңға шығуы мүмкін.

Солтүстік Македония

Ал, македондықтарды Аустрия бірінші турда 1:3 есебімен жеңген болатын. Солтүстік Македонияның Еуропа Чемпионатындағы дебюттік голын жергілікті футбол аңызы Горан Пандев соқты. 37 жастағы шабуылшы қарсыластың қорғаныс қателігін пайдаланды.

Бүгінгі ойында Украинаға да Солтүстік Македонияға да жеңіс ауадай қажет. Ендеше, голға бай ойынның куәсі боламыз деп үміттенеміз.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Дания – Бельгия

Бельгия құрамасы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Дания құрамасымен ойнайды. Матч 17 маусымда Копенгагенде, Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады.

Дания

Кристиан Эриксенмен болған драмалық һәм қорқынышты оқиғадан кейін бүкіл Дания өз-өзіне келе алмай жатыр.

Бірінші тайм аяқталар тұста Дания құрамасының көшбасшысы есінен танып құлады. Дәрігерлер алаңда алғашқы көмек көрсетсе, бүкіл жанкүйер мен футболшылар ойыншының амандығын тіледі. Ойын тоқтатылып, Кристиан Эриксен бірден ауруханаға жөнелтілді.

Матч бірер сағаттан кейін қайта жалғасты. Ал Кристиан Эриксеннің денсаулығы бірқалыпты екені ресми түрде хабарланды.

Ойында Дания құрамасы шабуылда ширақ, доп ұстауда басым болған. Алайда финдердің бір жүйелі шабуылы өз нәтижесін берді. Йоэль Похьянпало соққан гол өз командасына жеңіс сыйлады.

Данияда есепті теңестіруге тамаша мүмкіндік болды, бірақ Пьер-Эмиль Хойберг пенальтиді соға алмады. Өткен сенбі қазіргі Дания тарихындағы ең әсерлі күндердің бірі болғаны анық.

Бельгия

Бельгия бірінші ойында Ресей құрамасын ірі есеппен (3:0) жеңді. Бірақ мұндай жеңістен кейін бірден Бельгия құрамасының Еуро жеңімпазы болады деп айту қиын. Орыстардың нашар ойнағаны соншалық, Роберто Мартинестің командасы шынымен күш салмай ойнап, үш ұпайды оңай алып кетті.

Бельгия үшін келесі матчта Кевин Де Брюйне ойнауы мүмкін. "Манчестер Ситидің" көшбасшысы Ресеймен ойында қалпына келіп үлгермеді.

Мартинестің командасы Де Брюйнесіз де, қалпына келіп үлгермеген Эден Азарсыз да Данияны ұтуға қауқарлы.

Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Нидерланд – Аустрия

Нидерланд

Нидерланд құрамасы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Аустрия құрамасымен ойнайды. Матч 18 маусымда Амстердамда, Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады.

Наурызда нидерландтар 2022 жылғы әлем чемпионатына үш іріктеу матчын өткізді. Олар Түркиядан жеңіліп (2:4), Гибралтардан (7:0) басым түсіп, өз алаңында Латвияны (2:0) жеңді.

Маусым айында Шотландиямен ойында (2:2) тең түсіп және Грузияны ірі есеппен (3:0) жеңді. Сондай-ақ, Еуро-2020-ның ашылу матчында Нидерланд Украинаны жеңді (3:2).

Жарақат алған Маттейс де Лигттың ойынға қатысуы күмәнді. Ал Квинси Промес тізімге енбеген.

Аустрия

Аустриялықтар наурыз айында әлем чемпионатының үш іріктеу ойындарын өткізді. Қонақта Шотландиямен тең түсті (2:2), ал өз алаңында Фарер аралдарын жеңіп (3:1), Даниядан жеңілді (0:4).

Маусым айында Франко Фода футболшылары Англиядан жолдастық кездесуде жеңіліп (0:1), өз алаңында Словакиямен тең ойнады (0:0).

Еуро-2020-ның ашылуында Аустрия құрамасы Солтүстік Македонияны жеңді (3:1).

Жарақат алған Драговичтің матчқа қатысуы екіталай. Сондай-ақ алғашқы ойында гол соққан Арнаутович алаңға шықпайды. Солтүстік Македонияға қарсы ойында алауыздық тудырар сөз айтқаны үшін УЕФА тарапынан ойыннан шеттетілді. 

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі

Т. Раушанұлы