Еуропа чемпионаты. 14 маусымда өтетін 3 ойын

Еуропа чемпионаты. 14 маусымда өтетін 3 ойын

Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының "D" және "Е" тобындағы ойындар өтеді. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасын табады. Жүлделі орынға ілігуге әлі де мүмкіндік бар. 

Шотландия – Чехия

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат  19:00-де басталады. "D" тобындағы екінші кездесу Глазгода өтеді. Бас төреші – неміс Даниэль Зиберт.

2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі басталғаннан бері Шотландия құрамасы ұтылып көрген жоқ. 5 матч өткізді: 2 жеңіс, 3 тең ойын. Топта Австрия (2:2) және Израиль (1:1) құрамаларымен тең ойнады, ал Фарер аралдарын 4:0 есебімен ойсырата ұтты.

Шотландтар Еуропа чемпионатына дайындығын пысықтау мақсатында 2 жолдастық ойын өткізді. Нидерланд құрамасымен тең ойнаса (2:2), Люксембургті 1:0 есебімен ұтты.

Чехия құрамасы да осал емес. Әлем чемпионатына іріктеуде 3 ойын өткізді. 1 жеңіс, 1 тең ойын, 1 жеңіліс тіркелді. Еуропа чемпионаты алдындағы жолдастық ойында Италиядан (4:0) ойсырай ұтылса, Албанияны 3:1 есебімен ұтты.

Шотландия құрамасы өз жерінде ойнайды. Бұл команданы рухтандыра түсері анық. Сондықтан да букмекерлік орталықтар аз да болса осы құраманы фаворит санап отыр. Тағы бір қызығы, Еуропа чемпионаты басталмай тұрып суперкомпьютер Чехия құрамасы чемпион атанады деп болжаған еді.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Польша – Словакия

Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. "Е" тобындағы бұл кездесу Санкт-Петербургте өтеді. Бас төреші – румын Овидиу Хэцеган.

Польша құрамасы әлем чемпионатына іріктеуді аса сәтті бастай қоймады. 3 ойыннан 4 ұпайы бар. Түзде Венгриямен (3:3) тең ойнап, өз алаңында Андорраны 3:0 есебімен ұтты. Кейінгі ойында Англиядан (1:2) ұтылды. Ал Еуропа чемпионатына жақын қалғанда өткізген екі жолдастық кездесуде де тең түсті. Ресеймен ойында 1:1 есебі тіркелсе, Исландиямен 2:2 болып тарқасты.

Поляктар Еуропа чемпионатына іріктеуде тікелей жолдама жеңіп алса, Словакия құрамасы Ұлттар лигасы арқылы финалдық кезеңге шықты. 

Словакия құрамасының кейінгі ойындары аса жоғары нәтижеде емес. Әлем чемпионатына іріктеуді Кипр (0:0) және Мальта (2:2) құрамаларына қарсы ойында тең нәтижемен бастады. Тек өз алаңында Ресей құрамасын 2:1 есебімен ұта білді. Жолдастық ойында Болгария (1:1) және Австриямен (0:0) тең ойнады.

Екі құрама өзара 7 рет кездескен. 4 ойында словактар жеңіске жетсе, 2 ойында поляктар басым болған. 1 ойында тең тарқасқан.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Испания – Швеция

"Е" тобындағы екінші ойын осы екі құрама арасында өтеді. Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – словак Славко Винчич.

Испания құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеуді аса сәтті өткізді. Бірде-бір ойында ұтылған жоқ. 10 ойында 31 гол соғып, 5 рет қана өз қақпаларынан доп алып шықты. Ал әлем чемпионатына іріктеуді де өз пайдаларына нәтижелі өткізіп келеді.

Еуропа чемпионаты алдындағы жолдастық ойында Португалиямен (0:0) тең ойнап, Литваны 4:0 есебімен ұтты. Кейіннен команда капитаны Серхио Бускетстен коронавирус анықталды. Бүгінгі ойынға Бускетстен бөлек Диего Льоренте де қатыса алмайды. Ол да covid жұқтырған.

Швеция құрамасының ойыны да нәтижелі. Кейінгі ойындарын аса сәтті өткізіп келеді. Наурыз айында (ӘЧ іріктеуі) Грузияны 1:0, Косовоны 3:0 есебімен ұтты. Жолдастық кездесуде Эстониядан (1:0) басым болды.

Маусым айында Ян Андерссон шәкірттері өз алаңында Финляндия (2:0) және Армения (3:1) құрамаларын ұтты.

Шведтар сапында да коронавирус жұқтырған ойыншылар бар. Олар – Деян Кулусевски (жартылай қорғаушы) және Маттиас Сванберг (жартылай қорғаушы). Бүгінгі ойынға қатыспайды.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады. 

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі