Украина құрамасы Нидерландтан ұтылды

Украина құрамасы Нидерландтан ұтылды

Футболдан С тобындағы екінші ойын аяқталды. Украина Нидерланд құрамасына есе жіберді. Ойында 3:2 есебі тіркелді.

Амстердамда өткен ойын аса тартысты болды. Футбол жанкүйерлері ширақ шабуыл, тамаша голдар мен жарқын сәттердің куәгері болды.

Кездесудің бірінші таймында гол соғылмады. Бес гол да екінші таймда соғылды. Бірінші болып Вейналдум, одан кейін Вегхорст гол авторы атанды.

Екі доп айырмашылығымен ұтылып тұрған Украина құрамасы камбэк жасай да білді. Ярмоленконың шиіре тепкен добы 75 минутта Нидерланд қақпасының торында тулады. Араға 4 минут сала Яремчук әуелей асырған допқа бірінші жетіп, таразы басын теңестірді.

Андрей Шевченко шәкірттері тең есепті ұстап қала алмады. 85 минутта Дензел Дамфрис Нидерланд құрамасына жеңіс сыйлаған голды соқты.

С тобындағы бірінші ойында Австрия Солтүстік Македония құрамасын ұтқан болатын. 

Айта кетейік, Украина құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстанмен бір топта. Киевте өткен бірінші ойында отандастарымыз тең түскен болатын.