Финляндия құрамасы Еуропа чемпионатын тарихи жеңіспен бастады (видео)

Финляндия құрамасы Еуропа чемпионатын тарихи жеңіспен бастады (видео)

Футболдан Финляндия құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіндегі тұңғыш ойынын тарихи жеңіспен бастады. Олар 1:0 есебімен Дания құрамасын ұтты.

Копенгагенде өткен Дания мен Финляндия құрамалары арасындағы ойын футбол жанкүйерлерін қатты алаңдатты. Оған себеп – Кристиан Эриксеннің есінен тануы еді.

Бірінші тайм аяқталар тұста Дания құрамасының көшбасшысы есінен танып құлады. Дәрігерлер алаңда алғашқы көмек көрсетсе, бүкіл жанкүйер мен футболшылар ойыншының амандығын тіледі. Ойын тоқтатылып, Кристиан Эриксен бірден ауруханаға жөнелтілді.

Матч бірер сағаттан кейін қайта жалғасты. Ал Кристиан Эриксеннің денсаулығы бірқалыпты екені ресми түрде хабарланды.

Ойында Дания құрамасы шабуылда ширақ, доп ұстауда басым болған. Алайда финдердің бір жүйелі шабуылы өз нәтижесін берді. Йоэль Похьянпало соққан гол өз командасына жеңіс сыйлады.

Даттардың есепті теңестіретін зор мүмкіндігі болған. Бірақ 74 минутта Пьер Хейбьерг пенальтиден гол соға алмады.

17 маусым күні Дания құрамасы Бельгияға қарсы ойнайды. Ал Финляндия Ресеймен кездеседі.